Алматыда авто шеруге шыққандарды полиция ұстап жатыр

Сайт Әкімшілігі - 11.06.20191476

Алматыда Сайран автовокзалының маңында авто шерушілерді полиция ұстады. Олардың көліктерін эвакуаторларға тиеп алып кетті. Бұл ақпаратты журналист Асем ЖАПИШЕВА facebook.com әлеуметтік желісінде тікелей эфирде таратты.

Кеше кешкі сағат 18-00 мен 19-00 арасында айтыскер Ринат ЗАЙЫТОВ ұсталған болатын. Ол және басқа да тәуелсіз бақылаушылар сайлаудағы заңсыздықтарды жариялаймыз деп Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында жиналған. Айтыскерді босатылуын талап етіп Алматы қалалық полиция департаментінің алдына жүздеген адам келген еді. 10 шілде сағат 23-00 шамасында Ринат Зайытов ел алдына шығып, көпшіліктің тарқауын сұраған.

«Мен сіздердің барлықтарыңызды жақсы көрем. Бірақ бұндай жерде арандатушылар болады. Неге одан қарапайым қазақ зардап шегу керек? Осы жерде реніші бар біреу болса мені ұрсыншы. Тараңыздаршы. Мен сіздер үшін жанымды беруге дайынмын, ағайын. Көзіме жас келіп тұр. Дәл осы сәтте арандатуға түсіп қалмай тарқайықшы», - деген еді айтыскер.

Айтыскерді қолдаушы авто шеру Төле би көшесінде басталды. Көліктердің басын жолдың қарсы бағытына шыққан полиция машиналары тоқтатып, СОБР автозактарға жүргізушілерді тией бастады. Оған дейін жаяу шерушілер «Оян, қазақ!  Ринат, Ринат!» деп ұрандатқан.

Оқиға орнынан ақпарат таратқан КазТаг журналисттерінің хабарлауынша, полиция шерушілерді күштеп ұстаған. Тікелей эфирде ақпарат таратқан журналистер полицияның өздеріне қол жұмсағанын айтады. Tengrinews сайтының журналисімін деп өзін таныстарған Шоқан АЛХАБАЕВ полициядан таяқ жегенін хабарлайды.


Фото: КазТаг

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.