Алматы полициясы Төле би көшесінің бойында адамдарды ұстады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.06.2019391

11 маусымда түнгі 00.00-01.00 арасында Алматыда полиция Төле би көшесінің бойында шамамен жүзге жуық адамдарды ұстаған. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады.

ҚазТАГ тілшісінің хабарлауынша, жүзге жуық автокөлік Алматы қалалық полиция департаментінің маңынан шығып, Төле би көшесінің бойымен белгісіз бағытқа қарай жүре бастаған. Көлікте отырғандар “Алға, Ринат!” және “Жаса, Қазақстан!” деп айғайлаған. ҚазТАГ тілшісі кейбір адамдардың Қазақстан туын ұстап жүргенін көрген.

Автоколоннаны полиция мен арнайы жасақ қуып жетіп, көліктерді тоқтатқан. Кейін полиция, арнайы жасақ пен Ұлттық ұлан сарбаздары “Сайран” автовокзалы маңында адамдарды ұстай бастаған.

Полицияның нақты қанша адамды ұстағаны белгісіз. Бұл оқиғаға қатысты Алматы қалалық полиция департаменті мен елдің ішкі істер министрлігі мәлімдеме жасаған жоқ.

Tengrinews.kz ақпарат агенттігі Төле би көшесі бойында оқиғадан хабар таратып жүрген тілшісі Шоқан Алқабаевтың соққыға жығылғанын хабарлады. Tengrinews.kz агенттігінің мәлімдеуінше, журналисті полиция ұрған.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, полиция Төле би және Өтеген батыр көшесін жауып, көліктерді өткізбей тұр. Түнгі сағат екіден кете қалада жағдай тынышталған.

10 маусымда Алматыда кешкі сағат 18.00 шамасында Бауыржан Момышұлы - Тұрар Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына бір топ адам сайлау нәтижесін қарсылық танытқан. Сол уақытта полиция 50-60 шақты адамды ұстап әкеткен. Ұсталғандар арасында айтыскер ақын Ринат Зайытов болған.

Кейін жүзден астам адам Алматы қалалық полиция департаментіне келіп, Ринат Зайытовты босатуды талап етті. Олар "Зайытовты осы жерге келмейінше тарқамаймыз" деп талап қойды. Жиналғандарды полицияның арнайы жасағы қоршап тұрды. Олармен Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Ізбасар Бектұров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев сөйлесті.

Кейін Зайытов жиналғандардың жанына келіп, тарауды сұраған. Осыдан соң жиналғандар департамент маңынан кете бастаған.

​10 маусымда орталық сайлау комиссиясы кезектен тыс президент сайлауының нәтижесін жариялады. ОСК дерегінше, "Нұр Отан" кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 70 пайыздан артық дауыс алған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.