Азия чемпионатынан алты медаль

Дерек көзі: www.azattyq.org - 24.04.2019615

Қазіргі кезде бірнеше олимпиадалық спорт түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Соның бірі – дзюдо күресі. Аталған спорт түрінен құрлық біріншілігін Біріккен Араб Әмірлігі қабылдаған болатын.

Фуджейрадағы додаға Азияның 39 елінен 300-ге жуық спортшы келген. Олар 14 салмақ бойынша (жетеуі ерлер, жетеуі әйелдер арасында) медаль жиынтығын сарапқа салды. Жарысқа Қазақстаннан 18 дзюдошы кеткен болатын. Алтауы жүлдеге қол жеткізді.

Жарыстың алғашқы күні Қазақстан үшін сәтті басталды. 66 келіде белдескен екі балуанымыз финалға шықты. Былтыр Бакудегі әлем чемпионатында күміс жүлде алған Ерлан Серікжанов пен Азия ойындарының қола жүлдегері Елдос Жұмақанов ақтық сынға дейін қарсыластарын жапырып келді.

Алайда Елдос Жұмақанов жарақатына байланысты финалдық белдесуге шықпай, күміс жүлдені қанағат тұтып, алтын медаль Ерлан Серікжановқа бұйырды.

Әйелдер арасындағы 48 келі салмақ дәрежесінде де сенім артқан қызымыз финалға шығып қуантқан. Өкінішке қарай, Отгонцэцэг Галбадраx Қытай дзюдошысы Янан Лиден ұтылып, екінші орынды иеленді. Ал осы салмақтағы Ақмарал Науатбек қола жүлде үшін Жапония аруы Айя Сакагамимен белдесіп, жеңіліске ұшырады. Сөйтіп 5-орынмен шектелді.

60 келіде ел намысын қорғаған Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдені өзбек палуаны Шарафуддин Лутфиллаевпен сарапқа салып, жеңіске жетті. Сөйтіп үшінші орынға ие болып, ел қоржынына жүлде салды. Әйелдер арасындағы 57 келіде бақ сынаған Севара Нишанбаева да қола жүлдеге қол жеткізді. Сөйтіп 2019 жылғы Азия чемпионатының бірінші күні Қазақ елі дзюдошылары 1 алтын, 2 күміс және 2 қола медаль олжалады.

Азия чемпионатының екінші күнінде татамиге ерлерден 73, 81 келідегі балуандар, қыздардан 63 және 70 келідегі спортшылар шықты. Бірақ үміт артқан қыз-жігіттердің бірде-біреуі сенімді ақтаған жоқ.

Мысалы, 73 келіде бақ сынаған Серік Ақылбек турнирдің екінші айналымында сүрінді. Ал 81 келіде күрескен Дидар Хамза мен Руслан Мұсаев біріншіліктің жартылай финалында ұтылып, кейін қола медальдан да көз жазып қалды. 

Индонезияда өткен Азия ойындарының жеңімпазы Дидар Хамза іріктеу айналымында Иран мен Қытай балуандарынан басым түсіп, жартылай финалда өзбекстандық Шарафуддин Балтабаевтан «алтын ұпай» ережесі бойынша ұтылды. Қола медаль үшін өткен белдесуде Дидардың жапониялық Хикаро Томокиоға шамасы жетпеді. 

Руслан Мұсаев Тайланд, Қытайлық Тайпей және Жапония спортшыларынан басым түскен. Алайда, жартылай финалда моңғол, қола медаль үшін күресте Оңтүстік Корея спортшысына есе жіберді.  

Қыздар арасындағы сында Ақниет Тұрдан мен Йоланта Бердібекова (63 келі) және Мөлдір Нарынова  (70 келі) жұбаныш белдесуінде жеңіліс тапты. 

Ал үшінші күні100 келіге дейінгі салмақта белдескен Айбек Серікбайұлы жұбаныш белдесуінде пәкістандық балуанға есе жіберді. Ал аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаев екінші айналымда жарысты аяқтады. 

Ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі, 90 келідегі Ислам Бозбаев жартылай финалға дейін жетті.

Теміртаулық балуан Фуджейрадағы Азия біріншілігінде алдымен, тайпейлік Фонг Чун Ченді уақытынан бұрын жеңсе, ширек финалда қырғызстандық Ерлан Шеровты вазари ұпайымен ұтты. Өкінішке қарай, тәжікстандық Комроншох Устипириенге қарсы өткен кездесуде Бозбаев иппонға түсіп қалды.

Сосын Ислам Азия біріншілігінің қола медаліне таласуға мүмкіндік алды.  Кіші финалда Оңтүстік Кореядан келген, әлем чемпионатының жүлдегері Гвак Дон Ханды оңай ұтып, Қазақстан қоржынына қола жүлдені салды.

Осылайша, дзюдодан Қазақстан командасы Азия біріншілігінен 6 медаль еншіледі.  Оның біреуі алтын, біреуі күміс, қалғаны қола медаль.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.