Сары құрлықта – көш ортасындамыз

Дерек көзі: www.azattyq.org - 29.04.2019865

Өткен аптада спорттың бірнеше түрінен Азия чемпионаттары қорытындыланды. Бұл 2020 жылғы Токио олимпиадасына іріктеудің соңғы дайындығы болғандықтан, отандастарымыздың нәтижесін қас қақпай қадағалап отырдық. Көңілімізді көншіткен, үмітке жетелеген, сондай-ақ қатты ойландырған жайттар көп болды.

Бокс: ізбасарлар мықты, мықтылар ше?

Бокстан Азия чемпионаты Тайланд астанасы Бангкок қаласында өтті. Бұл Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері Ғалым Кенжебаев бастап барған алғашқы ресми жарыс еді. Дегенмен Кенжебаев мырза құрамаға бірден төңкеріс жасаған жоқ. 52, 69 және 75 келі салмақ дәрежелерінде екінші нөмірлі саналып жүрген боксшыларға мүмкіндік берді де, басқа көшбасшылардың бәрін додаға қосты.

49 келіде Теміртас Жүсіпов қола жүлде еншіледі. Ширек финалда жарақат алып, қабағын жырып алған соң, дәрігерлер рұқсат бермеді. Дегенмен бұл салмақ дәрежесі құрама бапкерлерін көп ойландырады. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Жомарт Ержан 2017 жылғы Азия чемпионатында жүлдеге іліне алмады. Теміртас жас боксшы емес.

52 келіде Әнуар Мұзапаров ширек финалда қырғыз Азат Үшенәлиевтен жеңілді. Ол да дәрігер шешімімен жарысты тоқтатты. Бұл Мұзапаров қатысқан алғашқы ірі жарыс еді. Бапкерлер құрамы ендігі жолдама таратылатын турнирлерге Азамат Исақұлов екеуінің бірін немесе мүлде жаңа есім апаруы да ғажап емес.

56 келіде әлем чемпионы Қайрат Ералиевтен күткеніміз көп еді. 2017 жылы ол шаршы алаң иесі Мұратжан Ахматәлиевке есе жібергенде, сәтсіздігін төрешілерден көрдік. Бірақ Бангкок төрінде ол Кавиндер Сингх Бишттен (Үндістан) 2:3 есебімен ұтылды. Яғни төрешілердің пікірі қақ жарылған. Бірақ Қайрат аса тәжірибелі боксшы, ол сәл босаңсыса, таразы басының қарсы жаққа ауатынын жақсы біледі. Құрамада оның орнына 52 келіден ауысқан Ілияс Сүлейменов көз алартып жүргелі біраз уақыт.

60 келіде Зәкір Сафиуллин күміс жүлдегер атанды. Финалда ол Азия ойындарының чемпионы Тсендбаатар Ерденебаттан жеңілді. Токио олимпиадасында бұл салмақ дәрежесінде жүлде сарапқа салынбайды.

64 келі салмақта Санатәлі Төлтаев үшінші тұғырға көтерілді. Жас боксшы ақырындап күшейіп, орнығып келеді. Алдағы олимпиадада 63 келі салмақта жүлде сарапқа салынады. Санатәлі құрамадағы орнын нықтап алса, болашағына үмітпен қарауға болады. Азия чемпионатының жартылай финалында ол тәжік боксшысы Баһадүр Усмановтан төрешілердің ортақ шешімімен жеңілді. Өзінің қарсыласынан әлсіздеу болғанын да мойындады.

69 келіде бірінші нөмірді боксшы болып Абылайхан Жүсіпов саналады. Бапкерлер құрамы Азия додасына Асланбек Шымбергеновті алып барды. Шындығында, бокссүйер қауым қазақтың алтын салмағында осы екі боксшының қайсысына іш тартарын білмей келе жатқандай. Екеуі де мықты, екеуі де тәжірибелі. Азия додасының ширек финалында Асланбек бұрынғы қарсыласы Баба-Осман Батыровпен (Өзбекстан) жұдырықтасып жатып, қабағын жырып алды. Шындығында, екеуі де қабақтан қан тамшылатып, дәрігер көмегіне жүгінді. Шымбергенов Батыровпен тең айқасып, тіпті басымдық танытып та жатқан-ды. Алайда ІІІ раунд басталғанда алаңдағы төреші Асланбекке бір ескерту берді. Осы ескерту жекпе-жек тағдырын шешіп кетті. Батыров сүрінбеген күйі Азия чемпионы атанды, Шымбергенов жүлдеден тыс қалды.

75 келі салмақ дәрежесінде Тұрсынбай Құлахмет Азия додасын бір деммен өткізді. Ол түрлі турнирлерде өзін де, Әбілхан Аманқұлды да жеңген Азия ойындарының чемпионы Исраил Мадримовты (Өзбекстан) 4:1 есебімен тұқыртты, жартылай финалдағы және финалдағы қарсыластарын қарқынды шабуылмен ә дегеннен-ақ тығырыққа тіреді. Бапкерлер құрамы бұл салмақта күшті екі боксшыны қай жарысқа апарса да өкіне қоймайтын секілді.

Әділбек Ниязымбетов бокстан кеткен соң, 81 келі салмақ дәрежесі жетімсіреп қалғандай еді. Бұл салмаққа Ерік Әлжанов та көтеріліп жүрді. Соңғы кездері Бек Нұрмағанбет жақсы таныла бастады. Азия чемпионатында Бек ешкімді тең келтірмеді.

91 келіде Василий Левиттің сәтсіздігін кездейсоқтық деп бағалағымыз келеді. Ол жартылай финалда кореялық Ким Хиң Кюді еркін жеңіп жатып, шешуші раундта бір емес, екі қатты соққысына түсіп қалды. Кю кейін финалда өзбек боксшысы Санжар Тұрсыновты да қалауынша соққылады. Левит енді бой жинамаса, бокс әлеміндегі несібесінен кеш қалуы мүмкін. 2016 жылғы Рио олимпиадасының финалындағы әділетсіздік осы бір талантты боксшымызды ширықтырып келе жатқаны сөзсіз. Бірақ енді оған қателесуге болмайды.

Аса ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаевтың жолын екі жыл бұрынғыдай тағы да Баһадүр Жалолов (Өзбекстан) кесті. Бірақ финалда екі боксшы да жұдырықтасып жарытпады. Жалоловтың Қамшыбекті әбден зерттеп алғаны байқалады. Сондықтан Қоңқабаев сол қолының ауыр соққысына сене бермей, тактикалық ізденістерге баруға тиіс.

Азия чемпионатын отандастарымыз 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен қорытындылады. Командалық бас жүлдені тағы да өзбек боксшылары (4 алтын, 1 күміс, 2 қола) иеленді.

Әйелдер құрамасынан ешбір боксшымыз не алтын, не күміс жүлде ала алмады. Бұл да ойландыратын мәселе болуға тиіс. Үш жыл бұрынғы әлем чемпионатынан бір емес, үш қызымыз алтын тағынып еді. Содан бергі отыз алты ай ішінде барлық білігімізден айырылдық десек, тым сенімсіздеу болар еді.

Ауыр атлеттер «жауыр» атлеттер ме?

Қытайдың Нинбо қаласында өткен Азия чемпионатынан зілтеміршілеріміз небары үш қола жүлдемен қайтты. Небары деп азырқанатындай жөніміз бар. Бұл сынға ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельников сүт бетіндегі қаймақтарымыздың бәрін бастап барған-ды.

Олимпиада алтындарын қайтарып берген Зүлфия Чиншанло (55 келі) мен Илья Ильинге (96 келі) қатты қарайладық. Олардың олимпиада чемпионы атақтарынан айырылуы спорт әлеміндегі ең үлкен әділетсіздіктердің бірі деп өзімізше топшылағанымыз да шындық. Тау көтерген Толағайдай мықтылар күдік-күмәннің бәрін быт-шыт қылып, бұрынғы сән-салтанатымен ортамызда жүреді дегеніміз әншейін үміт секілді.

З.Чиншанло Нинбо төрінде төртінші орынмен шектелді. Ол қоссайыс қорытындысында 194 ұпай (84+110) жинады. Бұл бес жыл бұрынғы нәтижені қойғанда, былтырғы әлем чемпионатындағы көрсеткіштен де төмен. Естеріңізде болса, Зүлфия екі жыл айып мерзімін өтеп, былтырғы қарашадағы дүние додасына қатысқанда, 213 ұпай (93+120) алған еді. Бұл жолы жұлқи көтеруде -9, серпе көтеруде -10 келі аз көтеріп отыр. Демек, Чиншанло нәтижесі күн санап жақсарып емес, кері кетіп бара жатыр. 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатына ол 53 келі салмақ дәрежесінде қатысып, 98 және 134 келілік (әлем рекорды) зілтемірлерді міз бақпай көтерген еді.

И.Ильин бұл жолы Азия сынына қатыспаса, Токио олимпиадасынан мүле үміт үзер еді. Бұған дейінгі олимпиадаға қатысу ұпайын динайтын екі турнирден ол тыс қалды. Қалған төрт жарыста да бақ сынап, үздік нәтижелерінің қосындысы арқылы ғана Токиоға ұмтылуға болады. Бірақ Нинбодағы алғашқы талпыныстан түк шықпады. 345 ұпай (160+185) бесінші орынға тұрақтауға ғана мүмкіндік берді. Өзіңіз ойлай беріңіз, әлем рекордын қатарынан жаңартып жүрген кездері Ильин бір ғана серпе көтеру бағдарламасында 240 келілік зілтемірді тік көтеріп жүрген-ді. Қазіргі көрсеткіші содан 55 келі аз...

Азия сыны Қазақстан ауыр атлетикасының шалажансар күйде екенін растады. Олимпиада чемпионы Нижат Рахимов жарақатына байланысты мүлде өнер көрсеткен жоқ.Рио олимпиадасының қола жүлдегері Фархад Харки (62 келі) тіпті тоғызыншы орында қалды. Айзада Мүптілдәнің (87 келі) – бесінші, Селімхан Әбубәкіровтің (109 келі) жетінші көрсеткіші ешкімді қанағаттындырмасы белгілі. Арли Чонтей (55 келі), Денис Уланов (81 келі), Раушан Мешітханова (81 келі) қоладан олжа салып, көңілді сәл демеді.

Токио олимпиадасында зілтеміршілерімізге үлкен сенім артудың жөні бар ма? Спортшылары допинг қолданған ел ретінде бізге небары екі орын берілуі мүмкін. Тіпті өткен жылғы тағы бір допинг дауынан кейін Қазақстан ауыр атлетика федерациясының басына үйірілген бұлт қайта қоюлана түсті. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Лихачеваның (71 келі) допинг-сынамасы оң нәтиже бергені туралы ақпарат болды. Халықаралық ауыр атлетика федерациясының талабы бойынша, құрама мүшелерінің бірі допингпен қайта ұсталса, бүкіл құрама олимпиададан шеттетіледі. Лихачеваның күмәнді сынамасы осы талап қабылданған соң белгілі болды. Демек, сұрақ көп, жауап аз...

Балуандарда серпіліс бар ма?

Күрес түрлерінен Азия чемпионатын бұл жолы Сиан (Қытай) қаласы қабылдады. Бірден айтайық, еркін күрес балуандарының жүлдесі қомақты.

70 келі салмақта Нұрқожа Қайпанов ешкімді шақ келтірмеді. Іріктеу кезеңі мен жарытай финалда айтпағанда, Қайпанов финалдағы қарсыласы Кожиро Шиганы (Жапония) соқыр ұпай ұстатпай жеңді – 9:0.

Ал өткен жылы Бішкекте өткен құрлық біріншілігінде қола жүлде алған Данияр Қайсанов бұл жолы жеңіс тұғырынан көрінді. Ол төрт белдесуде қарсыластарына бір ғана ұпай берді, финалда үнді балуаны Амит Кумарды 5:0 есебімен жеңді.

Саятбек Оқасовтың (57 келі) күміс жүлдесін, Ғалымжан Өсербаев (79 келі) мен Әлішер Ерғалидың (97 келі) қола медальдарын да азырқанбақ емеспіз.

Грек-рим балуандары құрлық сынын бір күміс, алты қола жүлдемен қорытындылады. Әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Шермаханбет (67 келі) финалда екі дүркін әлем чемпионы Рю Хан Сюге (Оңтүстік Корея) жол берді. Қорлан Жақанша (55 келі), Демеу Жадыраев (72 келі), Тамерлан Шадукаев (77 келі), Мақсат Ережепов (82 келі), Азамат Құстыбаев (87) және Дамир Күзембаев (130 келі) үшінші орынға ие болды. Бір жыл бұрынғы Азия чемпионатында қазақ балуандары екі алтын, екі күміс, үш қола алған еді. Бұл жолғы нәтиже одан әлдеқайда төмен.

Әйелдер арасында да ешбір отандасымыз топ жара алған жоқ. 50 келіде Валентина Исламова, 55 келіде Мария Седнева қола тұғырға көтерілді.

Жеңіл атлеттер бір алтынды қанағат тұта ма?

Қатар астанасы Доһада өткен Сары құрлық сынында отандастарымыз бірнеше ел рекордын жаңартты, жақсы нәтиже көрсетті. Бір алтын, төрт күміс, үш қола жаман нәтиже емес. Бірақ командалық есепте көш бастаған Бахрейнмен (11 алтын) шендесу әзірше мүмкін емес.

100 метрге жүгіруде Ольга Сафронова маусымның үзік көрсеткішін, өзінің жеке рекордын жаңартып (11.17 секунд), чемпион атанды. 200 метрлік сында ол тағы да жеке көрсеткішін жақсартқанмен, бахрейндік Салуа Ейд Нәсерді алға жіберіп алды. 400 метрлік жарыста да осы Нәсер біздің Елина Михинаның алдын орады.

Михаил Литвин 400 метрге жүгіруде қола жүлде еншіледі. Ол көрсеткен 42.25 секунд – Қазақстанның жаңа рекорды.

Маргарита Мұқашева 800 метрлік қашықтықты үшінші орынмен түйіндеді. Ал ядро серпуші Иван Иванов 19.09 метр көрсеткішпен қола жүлдегер атанды. Аделина Ахметова (400 метрге кедергілермен жүгіру) жеке көрсеткішін жылдамдатқанмен, бесінші орында қалды – 57.92 сек.

Қазақстан әйелдер құрамасы (Рима Кашафутдинова, Елина Михина, Олтга Сафронова және Светлана Голендова) 4х100 метрлік эстафетада мәре сызығын Қытайдан кейін кесіп, күміс иеленді.

2017 жылы Үндістанда өткен Азия біріншілігінде жеңіл атлеттерміз төрт алтын алған еді. Бұл жолғысы төрт есе аз...

Есалы Өстемір

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.