Алматы полициясы айтыскер Ринат Зайытов жайлы түсініктеме берді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.06.2019588

Алматы қалалық полиция департаменті дүйсенбіде айтыс ақыны Ринат Зайытов ұсталғаннан кейін болған жайтқа байланысты түсініктеме берді.

Полиция департаменті Facebook парақшасында жариялаған хабарламасында дүйсенбі күні кешке қарай Алатау ауданында рұқсат етілмеген митингіден ұсталып, полицияға жеткізілген Ринат Зайытовпен түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін оны үйіне қоя бергенін айтады.

"Арада біраз уақыт өткенде полиция департаментінің алдына бір топ адам жиналып, Ринат Зайытовпен кездесуді талап етті. Оларға Зайытовтың үйіне кеткені айтылғанымен жиналғандар тарауға асықпады" делінген хабарламада.

Полицияның айтуынша, билік органдарының сұрауымен Ринат Зайытов өзімен кездесуді талап етіп жиналған азаматтарға жолығып, "заңды бұзбауға және құқық қорғау органдарының заңды талабын орындауға" шақырған.

Ринат Зайытов дүйсенбі күні сағат 23:00 шамасында полиция департаменті маңына өзін қолдап жиналғандармен кездесіп, олардың тарауын өтінгеннен кейін көлігіне отырып кетіп қалғаны туралы Азаттық хабарлаған.

Оқи отырыңыз: Ринат Зайытов келген соң полиция департаментіне жиналғандар тарады

Арада біраз уақыт өткенде Алматыда полиция Төле би көшесінің бойында ондаған адамды ұстағаны туралы ақпарат тарады. ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, "Алға, Ринат!", "Жаса, Қазақстан!" деп айғайлаған адамдар мінген ондаған автокөлік коллоннасын полиция мен арнайы жасақ қуып жетіп, тоқтатқан. Кейін полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары "Сайран" автовокзалы маңында адамдарды ұстай бастаған.

Алматы қалалық полиция департаменті әзірге бұл оқиға туралы түсініктеме берген жоқ.

10 маусымда Алматыда кешкі сағат 18.00 шамасында Бауыржан Момышұлы - Тұрар Рысқұлов көшелері қиылысындағы Алатау театры маңына бір топ адам жексенбі күні елде өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми алдын ала қорытындысына наразылық білдірген. Полиция ол жерден ұстап әкеткен ондаған азаматтың арасында айтыскер Ринат Зайытов та болған.​

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.