Алматы полициясы: Журналистің соққыға жығылғаны туралы тексереміз

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.06.2019276

11 маусымда Алматы қаласы полиция департаменті Tengrinews сайты журналисі Шоқан Алқабаевқа полиция қызметкерлерінің күш қолдануына байланысты қызметтік тексеру басталғанын хабарлады.

"Полиция департаменті бұл факті бойынша жауапкершілікті мойнына алады және істің объектиівті қарлауына кепілдік береді. Дегенмен, бұған қоса, рұқсат етілмеген митинг пен тәртіпсіздіктерден хабар тарату кезінде БАҚ өкілдері қауіпсіздік ережелерін сақтауға назар аударуы керек" делінген полиция таратқан ақпаратта.

Полиция департаменті осыған дейін ІІМ рұқсат етілмеген митингілер мен тәртіпсіздік болып жатқан жерде жүрген БАҚ өкілдері арнайы жилет киіп жүруі тиіс екені жайлы бірнеше рет ескерткенін айтады.

"Журналист Шоқан Алқабаевтың үстінде арнайы жилет болмаған" деп хабарлады полиция.

Сейсенбіге қараған түні Алматыда Төле би көшесі бойында полиция жасағы мен Ұлттық ұлан күші ондаған адамды ұстап жатқан жерде хабар таратып жүрген Tengrinews.kz сайтының тілшісі Шоқан Алқабаевқа полицияның күш қолданғаны туралы ақпарат тараған.

Полиция осы күні Төле би көшесінің бойында шамамен жүзге жуық адамды ұстағаны туралы ҚазТАГ ақпарат агенттігі хабарлады. Полицияның нақты қанша адамды ұстағаны белгісіз. Алматы қалалық полиция департаменті мен елдің ішкі істер министрлігі бұл оқиға жайлы түсініктеме берген жоқ.

10 маусымда кешке Алматыдағы Алатау театры маңына бір топ адам жиналып, жексенбі күні елде өткен кезектен тыс президент сайлауының ресми алдын ала қорытындысына наразылық білдірген. Полиция сол жерден өзге ондаған азаматпен бірге ұстап әкеткен айтыскер Ринат Зайытовтың жақтастары түнде полиция департаментінің алдына жиналып, оны босатуды талап еткен. Зайытов жиналғандарға жолығып, "заң өкілдері талабына бағынуды" өтінгеннен кейін олар тараған. Арада біраз уақыт өткенде Төле би көшесі бойында "Алға, Ринат!", "Жаса, Қазақстан!" деп айғайлаған адамдар мінген ондаған автокөлік колоннасын полиция мен арнайы жасақ қуып жетіп, тоқтатқан. Кейін полиция азаматтарды ұстай бастаған.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.