«Ринаттан тағы бір саяси әртіс жасауға асықпайық»

Асмира Ермекқызы - 11.06.20195485

Диссидент журналист Жанболат МАМАЙ айтыскер Ринат ЗАЙЫТОВТЫҢ кешегі ұсталуына қатысты пікір білдірді.

Жанболат Мамай facebook.com әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында Қосановтың мысалынан сабақ алу керектігі туралы жазды. Ол оқырмандарын сөзі көп, әдемі ұрандарға сенбеуге шақырды.

«Қосановтың бүкіл Қазақстанның үмітін таптап кетуі бір нәрсені бізге айқын аңғартуы тиіс. Жекелеген адамдарға, сөзі көп, әдемі ұрандар тастайтын кісілерге алдануға болмайды! 
Халықты сан соқтырғанына бір тәулік болмай жатып Қосановты бір ай мақтап, соның шашбауын көтеріп, халықты "Қосановқа алданайық!" деген ақынға еріп кеткісі келетіндер бар. Тіпті "партия құрамын" дегенін ерлік көріп, "міне қазақтың құтқарушысы" деп аузының суы құрып отырғандар аз емес. Сонда Қосановтың мысалы ешкімге сабақ болмады ма? Ешкімнің маңдайына тиіп, бадырайып тұрған шындықты көрмеді ме? 
Мен Ринат Зайытовтың қандай адам екенін білмеймін. Бірақ "партия құрамын, халықты бастаймын" деп тұрған адамның бірнеше сағатта ұраны өзгеріп, ал келесі күні тіпті өзінің Youtube аккаунтындағы видеоларды жойып жібергеніне қарағанда табанының бүрі бар, мінезді тұлға деп айту қиын. Одан кейінгі факт - ол республикалық телеарнада тұтас бағдарламаны жүргізетін шоумен. Мысалы, маған Фейсбук пен Youtube-та бір клубтың отырысын модераторлық етуіме рұқсат бермей, полициядан ескерту беріп отыр. Ал шын халықшыл, оппозициялық бағыттағы адамға республикалық телеарна эфирін бере ме? Ойланайықшы. Тағы бір клоунды, саяси әртісті өз қолымызбен жасауға асықпайық! 
Меніңше, халықтың адамға, тұлғаға емес, идеяға, идеалға еретін уақыт болды. Ондай нәрсе - ӘДІЛЕТТІЛІК, ШЫНДЫҚ, ТАЗАЛЫҚ, КОРРУПЦИЯҒА ҚАРСЫЛЫҚ және МЕМЛЕКЕТШІЛДІК. Сонда адаспаймыз. Сонда алданбаймыз. Кім осы идеяларды биік тұғырға шын көтерсе, қазақтың лидері сол болсын!
», - деп жазды Жанболат Мамай.

Кеше айтыскер Ринат Зайытов сайлаудағы заңсыздықтарды жариялаймын деп ұсталған болатын. Артынша жүздеген адам Алматы қалалық полиция департаментінің алдына жиналды. Олар айтыскерді бостандыққа шығаруды талап етті. 23-00 де ел алдына шыққан ақын көпшілікке «тараңыздар!» деп өтініш қылды.

Фото ғаламтордан алынды.

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.