Ақорда "Қазақмыс" жұмысшыларының үндеуін әкімдікке жолдаған

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.06.2019192

Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» корпорациясының химиялық зертханасы жұмысшылары еңбекақының аздығына шағымданып және өздері істейтін зертхананы аутсорсингке беру жоспарына алаңдайтынын айтып маусымның басында президент әкімшілігіне ұжымдық үндеу жазған. Жұмысшылардың Азаттыққа хабарлауынша, олар Нұр-Сұлтаннан алған жауапта әлгі үндеудің «Қарағанды облысы әкімінің аппараты қарауына жолданғаны» айтылған.

Астанадан түскен үндеу жайлы түсініктеме беруін сұраған Азаттық тілшісін Қарағанды облыстық әкімдігі қызметкерлері еңбек инспекциясы басқармасы бастығына жіберді. Облыстық еңбек инспекциясы жұмыстан шеттетілген зертхана жұмысшыларының талабы бойынша «Қазақмыс» кәсіпорнына жүргізген жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жақында аяқтаған. Бұған дейін жұмысшылар өз арыз-өтініштерін жұмыс беруші елеусіз қалдырды деп шағымданған болатын.

- Олардың заңсыз шығарылғаны анықталды. Келешекте мұндай қайталанбасын деп корпорацияға ескерту жасадық. Тексеру барысында олқылық түзетілді: адамдар жұмысқа қайта алынды, айлығынан да ұтылған жоқ. Ал аутсорсинг бойынша кәсіпорында үйлестіру кеңесі құрылды. Қазір бұл мәселенің жақсы-жаман тұстары түгел қарастырылып жатыр. Ол екі-үш ай зерделенгеннен кейін түпкілікті шешім қабылданады. Осыған байланысты аутсорсингке беру жұмыстары әзірге тоқтатылды, жұмысшыларды ешқайда ауыстырмайды. Жағдайды бақылауда ұстаймыз, - деді Қарағанды облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бастығы Қанатбек Балсариев Азаттыққа.

Азаттық тілшісі сөйлескен Балқаштағы химиялық зертхана жұмысшылары аутсорсингке беру жұмысы уақытша тоқтатылатыны туралы өздеріне ешкім ресми хабарламағанын айтады. олардың сөзінше, жақында Балқашта жиналыс өткізген басшылық «ешкімнің жұмыссыз қалмайтынына» уәде еткен, бірақ жұмысшылар оған күмәнмен қарайды.

Нұр-Сұлтанға жазған үндеуде Балқаш пен Жезқазғандағы химиялық зертхана жұмысшыларының еңбекақысын көбейту және орталық зертхананы аутсорсингке берген жағдайда ешкімнің жұмыссыз қалмауын ескеру жайлы талап айтылған.

Бұған дейін Азаттықтың сауалына берген жауабында «Қазақмыс» корпорациясы жұмысшылардың ұжымдық үндеуіне байланысты жиналыс өткізіліп, еңбекақыны көбейтуге байланысты түсініктеме берілгені, басшылыққа еңбек жағдайын жақсарту мәселесі жөнінде тапсырма берілгені айтылған. Алайда корпорация хатында қандай түсініктеме мен тапсырма берілгені нақтыланбаған. «Қазақмыс» зертхананы аутсорсингке беру «Балқаш өңірін дамыту және зертхана салу үшін» қажет деп түсіндірген.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.