«Қалағаныңды жазу – қалай болса солай жазу емес»

Бағашар Тұрсынбайұлы - 12.06.2019856

Олжас Жанайдаров – Алматыда туған, Мәскеуде өскен қазақ баласы. Пьесалары Ресейдің үлкен сахналарында дүркін-дүркін қойылып жүр. Қазақ театрларында «Жұт» пьесасы қойылып, көрермендер мен сыншылардың оң бағасын алды. Шығармашылық жолын өлең, әңгіме жазудан бастаған драматургтің бір романы бар. Жыл сайын Қазақстанға келіп, жас драматургтерге шеберлік сағаттарын өткізеді. Өзінің шығармашылығы туралы және драматургияға байланысты өзге де ойларын білу мақсатында сұрақ қойған едік. Олжас уақыт тауып жауап берді.

Драматург ретінде сізге қай тақырып етене жақын, өте өткір көрінеді?

– Маған тұтас адамзатқа жақын тақырыптың бәрі ыстық. Азаттық, қарапайым адами қарым-қатынастар, отбасы, билік пен оның қоғамға, адам тағдырына әсері, жасөспірімдердің өзгерген санасы – бәрі-бәрі жақын, жазғаныңа, жеткізгеніңе байланысты өткір. Ал менің шығармашылығымда бір тақырып айқұлақтанып көрінер болса, мен оны білмеймін. Ол сыншыларға белгілірек. Мен жазу барысында тақырыптың тұтастығын қатты ойламаймын.


Маған айналамда болып жатқан құбылыстың бәрі қызық. Адам ретінде де, қоғамның бір бөлігі ретінде де. Менің шығармаларым көбіне реалистік әрі жартылай деректі стильде туып жатады. Бәлкім, өнер сондай еркіндігімен де өнер шығар. Суреткер не жазғысы келеді, қалай жазғысы келеді – өзі біледі. Әрине, ол шығармасы эстетикалық талғам дәрежесінде болғаны жақсы. Еркін жазу, қалағаныңды жазу деген – қалай болса солай жазу емес.

Драматургияның сіздің өміріңізде орны қандай? Оның жолында неге болса да дайынсыз ба?

– Драматургия – мен өмірімде айналысқым келетін дүние, маған қызық болғандықтан, өмір бойы пьеса жазғым келеді. Бұл менің махаббатым, мақсатым. Тіпті ақша таппасам да, осы драматургиямнан ажырағым келмейді. Пьесаларымды алдымен өзім үшін жазамын. Ал оның қойылуы, бағалануы одан кейін болатын жағдайлар.

Сіздің пьесаларыңыз Ресейде көбірек қойылады. Шетелдерде де қойылып жатқанын естиміз. Ал Қазақстандағы оқырмандарыңыз бен режиссерлер сіздің шығармаларыңызды қалай қабылдайды?

Қазақстандағы жас режиссерлерге пьесаларым ұнайды. Бірақ менің мәтіндерім қоғамға, билікке өте өткір жүзімен келеді де, театрлар көбіне ондайды сахналауға дайын болмай шығады. Пьесаларымда зорлық-зомбылық көріністері, әртүрлі кейіпкерлер және ұлтаралық қарым-қатынас мәселелері де көтеріледі. Бұның бәрі қазақ мемлекеттік театрларын шошытады. Ал тәуелсіз театрлар, өкінішке қарай, Қазақстанда жоқ.  Әзірге «Жұт» деген пьесам ғана белгілі. Бірақ Отанымда басқа да кейіпкерлері қазақ «Беруши», «Хан», «Дүкен» сияқты пьесаларым көбірек қойылса деп ойлаймын, қазақ театрларында шығармамның қойылғанын асыға күтемін.

Қазір Ресейде тұрып жатырсыз, ол жақта қозғауға болмайтын тақырып бар ма?

Заманауи драматург қазір не жазамын десе де, жаза алады. Тек ішкі цензура ғана кедергі болуы мүмкін. Саясатты да, қоғамды да, азғындықты да жазасыз. Бірақ оларыңыз сахнаға шықпайды. Әңгіме сол ғой.

Пьесаларыңыз оқырмандарға жетіп жатыр ма?

http://olzhas.ru деген жеке сайтым бар.  Ол жерде менің барлық дүнием бар. Кез келген адам кіріп, іздегенін таба алады. Сонымен қатар «Современная драматургия» журналына да жиі шығып тұрамын. Журнал жылына төрт рет жарық көреді. Ал пьесаларым оқырмандарға басқа қандай жолмен жетуі керек? Оның екі-ақ жолы бар. Оқырман оқиды я көреді. Қазір менің шығармаларым басылымдарда жарияланып та, сахналарда қойылып та жатқандықтан, осы екі жолмен де оқырмандарға жетіп жатыр деп ойлаймын. Ал ондағы ойларым, айтпағым жетіп жатыр ма, жоқ па – ол басқа әңгіме. Ол көбіне көрермен мен оқырманның өзіне байланысты.

Сіз қазақсыз ба, әлде «орыссыз» ба?

Мені әртүрлі шараларда таныстырғанда қазақстандық деп те, ресейлік деп те айтып жатады. Менің қаным қазақ, ата-бабам – қазақ. Бірақ тәрбием орысша. Сондықтан өзімді әрі қазақ, әрі орыс деп те сезінемін. Осы халімді суреттейтін бір метафора да таптым. Өздеріңіз білетіндей, орыс тілінде дауысты дыбысты екпінге байланысты өзгертіп айтады. Менің атым орысша Алжас та, Ресейде көбіне солай шақырады. Бірақ Қазақстанға келгенде мен өз есімімнің қалай дұрыс айтылу керектігін білемін. Мені Отанымда Олжас дейді. Осы кезде мен өзімді екі әлемнің адамы сезінемін. Бұл менің тағдырым, бәлкім.

Басқа жанрларға қызығасыз ба? Ол туралы, жалпы, ойланып көрдіңіз бе?

Мен әртүрлі жанрда жұмыс істеп көрдім. Алғашқы шығармашылық жолым әңгіме, повесть жазудан басталған. Бір романым бар. Содан кейін ғана драматургияға бет бұрдым. Оқушы кезімде өлең де жазғанмын. Журналист ретінде мақала, сұхбат, очерк жазып та байқадым. Газетте өзім жүргізіп отыратын бағаным да болды. Сондықтан іс жүзінде әдебиеттің бар жанрына бас сұғып көрдім десем болады. Бірақ драматургиядай маған есігін айқара ашқан ешқайсысы болған жоқ.

Д.Быков: «Көргенге қарағанда оқығанға қызық пьесалар болады» депті. Сізде пьесаларыңыз сахналанғанда, «осы қойылмай-ақ, қағаз бетінде тұра бергені жақсы еді» дейтін сезім болды ма?

Бұл жерде ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпын. Менің пьесаларымды қағаз бетінен оқи аласыз, ол әрқашан сол қалпында, сол жерде тұрады. Рас, сүреңсіз қойылымдар болады. Бірақ ол үшін уайымдап керегі не? Драматургияның артықшылығы – пьесаны бірнеше рет сахналауға болады. Ол жанды құбылыс сияқты. Әр қойған сайын қозғалып, өзгеріп тұрады. Егер бір пьесаны бүгін өте сәтсіз қойса, оқасы жоқ. Келесі режиссер оның бағын ашатын шығар. Қайдан білесіз. Чеховтың «Шиелі бағының» тағдыры солай болмап па еді?! Режиссер көп, театр да аз емес. Сондықтан оқығанда қызық, жақсы болған пьеса сахнада да жаман шықпайды.

Әр жылы Қазақстанға келіп, шеберлік сағаттарын өткізесіз. Бізде үлкен үміт күтуге болатын жас драматургтер бар ма?

Әрине, бар әрі потенциалдары да жақсы. Тек оларды дұрыс жаққа бағыттап, заманауи формалар мен тақырыптарды, жанрларды үйрету керек. Қазақстанда драматургтерді оқыту тақырыбы өте өзекті. Заманауи драматургияға арналған «Драма.KZ» фестивалі өткен екі жылда жақсы драматургтер пайда болды. Олардың арасында қазақша жазатындары Мұрат Қолғанат, Әлішер Айтуар, Мерей Қосын, Хан Асанов. Бұлар болашақта үлкен драматург болатын жігіттер деп ойлаймын.

Жас драматургтердің кемшілігі неде?

Егер авторларды айтсақ, ең басты кемшіліктері – жұмсақтық пен бұйығылық. Драматург ештеңеден қорықпауы керек. Өткір, маңызды тақырыптарға бара білуі қажет. Бірақ қазақстандық драматургтер бір қордалы мәселе туралы жазғылары келмейді. Біреудің көңіліне тиеміз деп ойлайды. Мүмкін, бұл ұлттық менталитеттің әсері шығар. Біз қазақпыз ғой, үй ішіндегі шуды сыртқа шығармаймыз, көбіне жағдайды ушықтырмау үшін көп дүниенің тігісін жатқызып айтамыз. Өмірде жұмсақтық, мейірім өте жақсы қасиет. Бірақ шығармашылықта, әдебиетте ауруымызды айта білуіміз керек. «Ауруын жасырған өледі». Қоғамның түйткілдерін жасырып, жаба берсек не болады?!

Қазақ театрларында сізге не ұнамайды?

– Театр әртүрлі болуы қажет. Қазір әлем театрларында көптеген жаңа формалар мен бағыттар бар. Қазақ театрларында да сондай жаңалықтар болғанын қалаймын. Қазақ театрларындағы көп қойылымдар ескі, пафос көп, ескірген дәстүрлерде жаңару жоқ. Осыдан 20-30 жыл бұрынғы сарын әлі бар. Бірақ бұл мәселе тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де бар. Өзгеше ойлай алатын, талғамы мен өнері ұштасқан осы заманның режиссерлері бізге ауадай қажет.

Драматург ретінде ұстанымыңыз қандай?

– Ең бастысы – өтірік айтпау. Жарнама мен өтірік жаулаған әлемде өнер  – шындықты, адалдықты бағалайтын кішкентай ғана кеңістік. Ойдан шығарылған пьесаларға кейде жаңалықтардан көбірек сеніп жатамыз. Әр суреткердің көзқарас жеткізудегі тәсілі әртүрлі, бірақ адамгершілік, адалдық тұрғысынан бәріміз бірдей болуымыз керек.

Кімді сүйіп оқисыз?

Қазір көбіне мемуарлық шығармалар мен публицистиканы көп оқып жүрмін. Көркем әдебиетке деген қызығушылығым баяғыдай емес. Мүмкін, бала күнімде шектен тыс оқып қойғандықтан шығар. Мүмкін, тақырып тауып, оны зерттеу әдісімнің өзгергенінен шығар. Оны нақты айтудың өзі қиын. Менің жазушылардан сүйіп оқығандарым: Достоевский, Хэмингуэй, Фолкнер, Герман Гессе.

Драматург ретінде сізге көбірек ұнайтын драматург кім? Оны несі үшін бағалайсыз?

– Менің сүйікті драматургтерімнің бірі – Мартин Макдонах. Оның пьесаларында юмор көп, оған қарапайым адамдар қызық.

Соңғы рет не оқыдыңыз?

Ең соңғы оқыған кітабым – белгілі орыс драматургі Евгений Гришковтың «Театр отчаяния. Отчаянный театр» мемуарлық кітабы. Өзінің өмірін театрмен байланыстырғысы келетін адамдардың бәріне оқуға кеңес беремін.

Сұхбаттасқан Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Фото: informburo.kz

Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.