«Жазықсыз жұрттың наласы текке кетпейді...»

Роза Қараева - 12.06.20191743

Сайлауға наразылығын білдіруге бекінген алматылық қауымның шеруі 9 маусымда ескі алаңдағы саябақ маңынан басталды. Жиналғандардың біразының қолында – көк ту,  енді біразы көк шар ұстаған. Дені – жастар мен орта жастағылар.

Шерушілер легі «Бойкот!», «Бойкот!» деп ұрандай бастағаны сол еді, назарға ерекше іліккен белсенділерге әскерилер лап берді. Сол-ақ екен, бірі сүрініп, бірі құлап, ұмар-жұмар болған халықты полиция шетінен сүйрелеп, арнайы көліктерге апарып тоғыта бастады. Автобустардан алысырақ кетуді ұйғарған жұрт іле-шала «Бостандық!» деп ұрандап, Әлия мен Мәншүк ескерткішіне қарай ығысты. Халық қарасының көптігіне орай, күштік құрылымдары да үсті-үстіне толығып жатты және олардың арасында қалқан ұстап, темір сауытпен құрсанғандар мен арнайы формадағылардан бөлек, қарапайым киімдегілер де қаптап жүрді. Зәбір көрген әйелдердің шыңғырған даусы да, жантүршігерлік көріністен шошынған балалардың шырқырап жылағаны да тоқтата алған жоқ. Артық ауыз сөзге келтірмей, ұстағанын ұстап, қуғанын қуып, шерушілерді бас-аяғы бірер сағатта таратып тынды. Бәрібір наразылық сейіле қойған жоқ. Ашынған жұрт сол маңайды жағалап, бұрыш-бұрышта, қуыс-қуыста жүріп алды. Ескі алаңнан бастап, опера мен балет театрына дейінгі аумақты екі жағындағы көшемен қоса құрсаулаған әскерилер енді екі-үштен басы қосылғандарға таянып барып, ол маңайда неғып жүргендерін сұрап, тергеп, тексеруге көшті. Онымен қоймай, шетінен желкелеп әкетумен болды.


Аталған аумақты қанша жерден «тазалауға» тырысқандарымен, ол оңайға түскен жоқ. Түс ауа бере қайтадан топтасқан наразылар легі, негізінен, Панфилов көшесіндегі аллеяның Төле бимен қиылысынан басталып, Қабанбай батырға тірелер тұсына дейін созылды. Аллеяның орта шенінде гитарашының сүйемелдеуімен ән салып тұрған азғантай топқа тұс-тұстан адамдар қосыла келе, лезде үлкен жиын құралды. Орысша, қазақша, ағылшынша әндерді қосыла шырқаған қауым енді бір мезетте барлығы қол ұстаса шеңбер құрап, «Менің Қазақстанымды» айтқанда бүкіл маңайды жаңғырықтырып жіберді. Манадан бері тұс-тұстан сырттай бақылап тұрған әскерилерден бөлек, осы мезетте бетін қара маскамен тұмшалаған бір топ қара киімділер оқтай атылып ортаға шықты да, бірнешеуі гитарашы жігітті көтеріп ала жөнелді. Енді біразы сол маңайдағы жас жігіттерге жабылып, әй-шәйға қаратпай, қолдарын қайырып іліп әкетті. «Бұлар не істеп қойды?», «Не жазығы бар?!», «Жіберіңдер!» деп, ара түспек болған әйелдер мен егде жастағы адамдарды да тыңдаған жоқ. Керісінше, жолдарына тұрғандардың барлығын әйел демей, қарт демей, желкелеп апарып көліктерге тоғытуға көшті. Ара-арасында «Бойкот!», «Бостандық», «Алға, Қазақстан!» деп айқайлағаны болмаса, билікке не басқаға қатысты бір ауыз сөз айтпаған болмаса артық қимыл көрсетіп, әлдебір басбұзарлыққа бармаған жұрт «Бұл не сұмдық?! Енді жиналып ән айтуға да болмай ма?!» деп ашына айқайласты.

Алдын ала құлақтанғанындай, ертеңіне, яғни 10 маусымда да біраз жұрт ескі алаңды бетке алды. Жағдайды барлап көрмек болып, шолып шыққанда байқағанымыз, аталған аумақта күш құрылымдары кешегіден де көп шоғырландырылыпты. Ескі алаңның шығыс жағындағы Назарбаев, Панфилов, батыс бетіндегі Абылай хан, Желтоқсан, төменгі жағындағы Қазыбек би, Төле би, үстіңгі бетіндегі Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр көшелері шаршысын күш құрылымдарының көліктеріне толтырып тастаған, интернет істемейді, аталған аумақта әр метр сайын арнайы жасақ әскерлері тізіліп тұр. Одан бөлек, төңіректегі кафе, бар, асхана, сауда орындары мен мекеме атаулының әрқайсысының жанында да ОМОН, СОБР, Ұлттық Ұлан, полиция қызметкерлері топтасқан, саябақтың ішінде тіпті өріп жүр. Көшеде сәл кідіріп тұрып қалған немесе аялдамада ұзағырақ отырған адамды байқаса бітті – бес-алтауы жүгіріп барып ұстайды. Тірліктеріне қарап тұрып шошисың: елде әлдебір төтенше жағдай туындаған тәрізді немесе олардың қарсы шауып, жабыла қуып жүріп қолын қайырып, мойнын бұрып, ұстап жатқандары – осы елдің бейбіт азаматтары емес, керісінше, сырттан жаппай жаулаушылар, қарақшы, баскесерлер сияқты... «Шаш ал десе, бас алады» дегеннің өзі мұның жанында ойыншық болып қалды. Адамға деген аяушылықтан жұрдай, қарапайым мәдениеттен ада, бұл неткен әскер?! Бұлар кімді кімнен қорғап жүр сонда?!


Бір мезетте ескі алаң жақтан әлдебір қыз баланың шырқыраған даусы шықты да, артынша 4-5 әскеридің оны төрт жағынан көтеріп, көлікке салып жатқаны байқалды. Соны көріп, аялдамадағы әйелдердің бірі: «Ел аман, жұрт тынышта... бұл не масқара?! Осылай, ойларына келгенін істей бере ме бұлар?! Бұл не айуандық?!» – деп қыстыға жылап жіберді. «Жазықсыз жұрттың наласы текке кетпейді», «Бұл жүйе ұзаққа бармайды», «Көзіне бірдеңе көрінерде билік осылай құтырады» деп жұбатты оны жанындағылар...

Р.S. Бір анығы, соңғы бірнеше айда елімізде бас көтерулер ерекше жиіледі. Оның ішінде көпбалалы аналар наразылығы да, 22 наурыздағы, сондай-ақ 1 және 9 мамырдағы шерулер де бар. Мұның сыртында, жекелеген белсенділер мен жастардың қарсылығы да білінбей қалып жатқан жоқ. Бәрінен байқалатыны – жұрт дәл мұндай қоғамда, дәл бұлай өмір сүргісі келмейді: әділетті қоғамды, әлеуметтік теңдікті, жайлы да жақсы тұрмысты көксейді; балалары мен немерелерінің дәл өздері сияқты мардымсыз жалақыны місе тұтып, пәтерде күнелткенін, несиеден несиеге ұрынғанын қаламайды. Дәл қазір қоғамда «жоғарыдағылар бұрынғыша басқара алмайтын, төмендегілер бұрынғыша тұруды қаламайтын» жағдай туындады. Соған орай, халық өзінің еркін білдіруге көшті. Шеруге шыққан әлдебір кейуана айтпақшы, «бұл арада Әблязовтің де, басқаның да қатысы жоқ».

Ел титықтап бітті. Денсаулық атымен жоқ, жас та, жасамыс та шетінен әлжуаз. «Тепсе темір үзетін», «екі иығына екі кісі мінгендей» деген теңеуді қазір екінің біріне айта алмайсыз. Митингілердің бейнекөріністерін қараңызшы, қасындағы әйел заты мен кәрі-құртаң кісілерді зорлық-зомбылықтан арашаламақ түгіл, өз басын қорғай алып жатқан азаматты көрмейсіз. Қай-қайсысын болсын әскерилер бірін лақша өңгеріп, бірін қаңбақ құрлы көрмей, дырылдатып сүйреп бара жатады. «Көп» деген аты ғана болмаса, жұрттың соншалықты қауқарсыз, дәрменсіз екендігі содан-ақ көрінеді. Ал мұндай күйге қалай түсті? Осындай жағдайға дейін жеткені ненің салдары?! Ол, әрине, түсінікті.

Көңілге бір медеу болатыны – ел оянды, бұлай жалғаса беруі мүмкін еместігін түсінді, соған байланысты саяси белсенділігі де арта түсті. Осының өзі де әзірге үлкен жетістік.


Фото: news.yandex.kz


Мақала авторы:

Роза Қараева

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

серикбай 12 Маусым, 2019

укіметтің атестацияны кері шегіндіріп жалақы косамыз деп айтқандарын ақтау үшін не істеп жүр мыналар үйлеріне барғанда балаларын қалай қүшақтап беттарінен сүйеді жәңә қана жастар мен шал кемпірлерді әедерді қыздарды желкелеген қолдарыменен

Жауап беру