Халық ашулы

Темірхан Медетбек - 12.06.20193206

Елімнің бойына

Алапат ашу кірді.

Шартылдап сілкінген

Жасын кірді.

Ормандар

Даланың түгіндей тікірейді.

Жота-қырларым

Атылатын айдаһардай

Бүкірейді.

Толқындарым

Арқырап көтеріліп

Сарқырап төгілді.

Даламның көбесі

Қақырап сөгілді.


Қаратауым орнынан –

Үстінен тастар домалап! –

Тұрып кеткендей болды.

Дауылдар бәйтеректерді

Тамырымен қопарып

Жұлып кеткендей болды.


Қара бұлттар

Өгіздей өкіріп

Күркіреп жатты,

Найзағайлардың

Иір-иір мүйіздері

Алатауды жарып жіберердей

Сүзгілеп жатты.


Темірхан МЕДЕТБЕК

Фото: elarna.net

 

Мақала авторы:

Темірхан Медетбек

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.