Тоқаевқа аз дауыс берген Нұр-Сұлтанның әкімі қызметінен кетті

Елнұр Бақытқызы - 13.06.20197985

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан аймақтары бойынша аз дауыс берген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі ауысты. Президенттің жарлығымен Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал қызметінен түсіп қалған бас қаланың бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтановтың әзірге қайда баратыны белгісіз.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметіне қарағанда, Қ.Тоқаев ең аз дауысты Маңғыстау облысы (55,52%) мен Нұр-Сұлтан қаласынан (59,19%)  жинаған. Қалған аймақтар Тоқаевқа 70 пайызға жуық немесе одан асырып дауыс берген. Халқы сайлауға ең аз қатысқан, билікке қарсы акциялары жиі өтетін Алматының өзінде Тоқаев 66,73 пайыз дауыс жинаған.

Тоқаевтың 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін жарасы жазылмай жатқан Маңғыстаудан аз дауыс жинауы анау айтқандай жаңалық емес. Басқа-басқа, бірақ Тоқаевтың ел астанасы - Нұр-Сұлтанда аз дауыс жинауының жөні бөлек. Неге десеңіз, астананың негігі тұрғындары - бюджет қызметкерлері, мемлекеттік мекеме мен ұлттық компаниялардың жұмысшылары, кезінде биліктің бас қаланы асыра мақтаған сөздеріне сеніп, бас қалаға еліміздің түкпір-түкпірінен арман қуып көшіп келгендер.  Демек,  үмітіақталмай қалған осы жұрт биліктің сөзі мен ісінен айнып болған. Негізінен бюджет және мемлекеттік мекеме жұмысшылары тұратын бас қала халқының соңғы кездері билікке қарсы наразылыққа жиі шығып, Назарбаевтың ізбасарына аз дауыс бергені де содан.  

Назарбаевтың саясатын жалғастырушы Тоқаевқа аз дауыс жинаған Нұр-Сұлтанның бұрынғы әкімі Бақыт Сұлтанов та осы себепті қызметінен алынған тәрізді.


Мақала авторы:

Елнұр Бақытқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.