Мұхамеджан Тазабеков: Жүрсін Ерманнан кінәлі болғаным үшін кешірім сұраған жоқпын...

Дерек көзі: www.azattyq.org - 13.12.2017638

«Жас Алаш» газетінде белгілі ақын, айтыстың қара нары Жүрсін Ерманмен болған «Айтысты діни радикалдық топтар иемденіп кете ме деп қауіптенемін» деген сұхбат жарияланғалы бері ел ішінде қызу пікірталас жүріп жатыр. Тіпті әлеуметтік желілерде бұл мақалада айтылған дүниелерді талқылап, әркім әртүрлі ой білдіріп, жұрттың пікірі екіге жарылып тұр. Сұхбатта әңгіме алтыншы мәрте ұйымдастырылып жатқан «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы төңірегінде өрбіп, Жүрсін Ерман айтыстың жолына қойылған кедергілер мен басынан кетпей тұрған даулар жөнінде ашына айтып, «айтысты белгілі бір топтар иемденіп кете ме?»» деген қаупін жеткізген болатын.

Біз осыған байланысты сұхбатта аты аталған белгілі айтыскер ақын, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры Мұхамеджан Тазабекті ашық әңгімеге шақырып, мәселенің мән-жайын сұраған едік.

– Жүрсін ағамыздың біздің газетке берген сұхбатын оқып шығыпсыз. Әрине, біз екі азаматтың арасына жік салғымыз келіп отырған жоқ. Тек болған оқиғаның жай-жапсарын, ақиқатын сұрасақ дейміз. Осы сұхбаттың ішінде «Былтыр Мұхамеджан Тазабеков «бізден бір түсінбестік болған екен, қателік кетіпті, одақтың жұмысына кедергі жасамаймыз» деп менен кешірім сұрап, келіп кеткен» деген әңгіме айтты. Не үшін кешірім сұрағаныңызды тарқатып айта аласыз ба? Шынында, бір түсінбестік орын алды ма? Жалпы, бұл жағдай қалай болды?

–Айтыс сахнасында жүрген ақындардың көпшілігі, оның ішінде өзім де бармын, Жүрсін Ерман ағамыздың шапанының жағасы мен етегіміз. Енді тікелей ұстазым болып, мен үшін басын дауға салып, бас бәйге алып берген жері жоқ. Бірақ аламан айтыстарда әділетті бәйгемді қызғанып қалған да кезі жоқ. Сондықтан бозбала шағымнан Жүрсін ағамен аға-бауыр болып сыйласып келе жатқан жандармыз. Бірақ мен айтыскерліктен бөлек, қоғамдағы әртүрлі салаларда белсенділік танытып жүргендіктен, кейде кейбір айтыстың өтуіне мұрындық болуға, ұйымдастырылуына, қанат жаюына көмектесуге мүмкіндіктер туындады. Сол кездерде Жүрсін ағамен бірлесе отырып, тізе қосып көптеген айтыстар өткіздік. Әсіресе 10 жылдай бұрын «Ақ орда» қозғалысы құрылып, соның мәдени-рухани қанатын басқарып тұрған кезде республикалық деңгейде  көптеген айтыстар ұйымдастырылды. Мен оған тікелей себепкер болдым. Бастан-аяқ атқардым. Әрі Жүрсін ағамен арамызда ешқандай дау-дамай болған жоқ. «Мұхамеджан, сен айтыстың ұйымдастыруында неғып жүрсің, мұның қалай?» деп ешкім сұрамады. Ұйымдастырдым, айтыстың тақырыбын ұсындым, оны жүргізуге Жүрсін ағаны шақырдық, тап-тамаша жыр кештерін бірге атқардық. Сөйтіп, тап-тұйнақтай боп, ауызбіршілікпен қазақтың айтыс өнерінің кең қанат жаюына қал-қадірімізше үлесімізді қостық. Бірақ ешкім «Айтысты Мұxамеджандар тартпақтап жатыр екен, Жүрсін аға ықпалын жүргізе алмай жатыр екен» деп ешкім байбалам салған жоқ. Мұнымен не айтпақпын, мен кейбір айтыстардың өтуіне, өркендеуіне тосыннан, аяқастынан келіп қалып, таңертең тұра салып, түс қайта жыр додасын ұйымдастырып жүрген жоқпын. Қай заманда мүмкіндік туғанда атсалысып, осы айтыстың басы-қасында келе жатқан ақынмын.

[caption id="attachment_3101" align="alignnone" width="861"]Жүрсін Ерман Жүрсін Ерман[/caption]

Енді сіз қойып отырған сұраққа тікелей көшетін болсақ, Жүрсін аға (суретте) «Жас Алашқа» берген сұхбатында «1992-1997 жылдары қолымды сілтеп, айтыстан кеттім. Кейін қайта келдім, қайта телевидениялық айтысты жаңғырттым» деп айтыпты ғой. Одан бөлек, осыдан үш-төрт жыл бұрын да айтыстың алды жабылып, мемлекет тарапынан толық қолдау таппай, Жүрсін ағаның салы суға кетіп, шаршап жүрген уақыты болды. Сол тұста біз «Нұр Отан» партиясымен бірге ұлттық спортты дамытуға байланысты фильм түсіріп, басқа да рухани бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс жасап жатқанбыз. Сол кезде жоғарыдан «айтысты кең көлемде, яғни мемлекеттің қолдауымен өткізейік» деген идея туындап, партия басшылары көз алдында жүрген бізге «Айтысты мемлекет қолдайын деп жатыр, сіздер осыған жәрдем беріп көмектессеңіздер» деген ұсыныс жасады. Бекболат Тілеухан ағамыз сол кезде бас партияның саяси кеңесінің мүшесі болатын. Партия басшыларының алдында екеуміз де бірден «Жүрсін Ерман ағаны шақырайық, басы-қасында болсын, лайықты гонорарын да төлеңіздер» деп айттық. Бірақ партиядағылар «әрине, ол кісімен жұмысты кезі келгенде жалғастыра береміз, бірақ осы жолы сіздер ұйымдастырып берсеңіздер» деп тұрып алды. Біз де «Жүкең келсін, ол кісідей айтысты бес саусағындай білетін адам жоқ» деп сөзімізден таймадық. Алайда партиядағы жауапты адамдар алғашында сөзіміздің маңызына мән берген жоқ. Сөйтіп, Жүрсін ағасыз бір-екі айтыс өтті. Теледидар түсіріп, насиxаты толық жасалған соң, «Нұр Отан» бастамасымен ұйымдастырылған осы айтыстың төңірегінен біз ерекше көрініп қалдық. Ақиқаты осылай...

Әйтпесе біз айтыстың артынан қуғанымыз да жоқ немесе алдынан арқан алып шыққанымыз да жоқ. Бекболат Тілеухан ағамыздың өз шаруасы өзіне жетеді. Менің де өз тірлігім өз басымнан асады. Айтыстың шаужайына жармасатындай не абыройлық, не қаржылық, не идеологиялық қызығушылығымыз болмады. Абырой дейтіндей абырой жоқ, сөз естіп, ғайбат пен өсектің құрбаны болғанымыз болмаса. Егер идеологиялық қызығушылық болса, кез келген айтыскермен байланысым да бар, эфир де жоқ емес, «Ақ орда» қозғалысының кезіндегідей айтысты демеушілердің көмегімен өзім-ақ ұйымдастыра берер едім. Қаржылық дейтіндей барлық қаражат-шығын партия, әкімшіліктің құзырында болды. Оған ешқандай араласқан жоқпыз. Біз осылайша күтпеген жерден, партияның өтінішімен сол айтысқа тосыннан атсалыстық. Бірақ Жүрсін Ерманды төрге шығарайық, алдымызға салайық деген іс-әрекетімізді бір топтар тиімді пайдаланып, бізді қарсылас қылып көрсетуге тырысты. Сөйтіп, Жүрсін аға мен айтыс жанашырлары бірден діни радикалдар айтысты тартып алып жатыр деп ой түйіп қалды. Намазxан екеніміз өтірік емес, сондықтан біз қанша әділ ақпарат айтқанмен де, дін десе шошып қалған жұрт состиып суық қараған xалде қалып кетті. Уақыт өтті. Кейін уәдеге сай, «Нұр Отан» айтысты игеріп, жолға қойып алғаннан кейін Жүрсін ағаны шақырды. Ары қарай бұл тірлікке өзіміз де араласқан жоқпыз. Жүрсін аға өзі жүргізіп кетті. Бірақ сол екі ортада ақпарат құралдары және Жүрсін ағамыз бен бізге тісін қайрап жүрген түсініксіз адамдар ортаны ушықтырып, екі қазақты бір-біріне айдап салуға тырысты. Әйтпесе Жүрсін ағаның өзі де біледі, біз бірінші күннен ол кісіге телефон шалып, бас партиядағы болған әңгімелердің барлығын өзіне айтқанбыз. Енді ортада жүрген әлгіндей адамдар Жүрсін ағамызды ашуландырды, біздің жанашырлығымызды «діни пиғылға» жорып, арамызды суытты. Сөйтіп, бұрын тәп-тәуір, «сіз-бізіміз» жарасып жүрген тұлғамен арамызда бір алшақтық пайда болды. Содан кейін де мен тып-тыныш жүре берсем, кете берсем де болар еді. Жүрсін ағаға тағдырымның тіреліп тұрған жері жоқ. Айтыстың сахнасында да емеспін. Күнделікті өмірде жолымыздың түйісіп тұрған да жері жоқ. Бірақ бір маңызды мәселе бар. Бәріміз ауызбен айтқанда бәледейміз... Абай атамыз «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген емес пе? Соны қашан іске асырамыз?! Біз неге жеке амбициямызды жинастырып,  жасы үлкеннің жағасынан алмай, ағаны құрмет тұтып, үш қазақ қазанның үш бұтындай үйлесіп, дау-дамайды өршітпей, жақсы қарым-қатынаста жүрмеске? Әрине, мені күтіп отырған Жүрсін аға жоқ еді немесе Жүрсін ағаның алдында менің де бүлдіріп қойған ештеңем жоқ болатын. Мен тек қана қырғи-қабақ болып, сырттай суып жүрмес үшін сыйластықтың мүддесі тұрғысынан ғана Жүрсін аға (президент іс басқару әкімшілігіне қарайтын) ауруханада емделіп жатқанда көңілін сұрап бардым. «Аға, арамыздағы тығыз қарым-қатынастың саябырсып қалуына менің тарапымнан кеткен қателік болса, мені кешіріңіз, ал сіздің тарапыңыздан қандай да бір ағалық жылылық сезбей қалған болсам, мен оны өткізіп жіберейін. Бүлініп кеткен ештеңе жоқ қой, сәлеміміз түзу болып, аман-есен жүре берейік» деп, бірінші қадам жасап барғаным рас. Жүрсін ағаның айтып отырған әңгімесі осы...

Бірақ ол жерде «мен бір нәрсені бүлдіріп қойдым, алдыңызды кесіп кеттім» иә болмаса «сіздің басыңыздан аттап кеттім» деген әңгіме болған жоқ. Менде бір-ақ мүдде болды. Тек қана қаймана қазақ, әкемдей болған адам, айтыс сахнасында қаншама жақсылықтарымыздың куәсі болған ағамнан қатты ыңғайсыздандым. Мұсылманшылығыма жат нәрсе емес пе?

Ал «Алтын домбыра» айтысын өткізуді министрлік теріс діни ағымдардың мүшесі саналатын бірнеше айтыскер ақынға «сендер өткізіңдер» деп беріпті» дегенге не айтар едіңіз...

–Бұл да бұрынғы сөздің екпіні деп ойлаймын. Бұрын да діни-радикалдар, теріс бағыттағылар деген сөзді ақпарат құралдары дауласушы тараптардың аузына шайнап берген болатын. Сол әдет болып қалды да, сол инерциямен тағы айтылып жатыр.

-Сонда бұл айтысқа қатыстарыңыз бар ма?

[caption id="attachment_3102" align="alignnone" width="770"]Мұхамеджан Тазабеков және Бекболат Тілеухан Мұхамеджан Тазабеков және Бекболат Тілеухан[/caption]

–Әрине, қатысымыз жоқ. Бекболат Тілеуханның да, (суретте) менің де бұл айтысқа ешқандай қатысымыз жоқ. Себебі осыдан он шақты күн бұрын ғана мен Жүрсін ағаның үйінде қонақта болып, жалпы, осы айтыс туралы жылы пікірлерімді айтып, «кімдер қатысайын деп жатыр?» деген әңгіме арасында өзімнің рухани, інілік қолдауымды білдіріп шыққанмын. Одан кейін «Жас Алашта» мақала шығып, оның астында жазылған пікірлердің әр-әр жерінде Бекболат ағамыздың да есімі аталып жатты. Сосын мен ол кісіге хабарластым. Бекболат аға да Жүрсін Ерманмен телефон арқылы сөйлесіп, бұл айтысқа ешқандай қатысы жоқ екенін, заң шығарушы органда өз шаруасымен өзі милығып жатқанын хабардар етіпті. Жүрсін аға да Бекболат ағаға «Мен сенен көрмеймін, сенің қатысың жоқ екенін білемін» деп айтыпты. Одан кейін Жүрсін ағамен қанаттас боп жүрген інілері маған келіп, «Осы айтыстың Жүкеңсіз өтейін деп жатқанына сіздің қатысыңыз бар деп естіп жатырмыз. Осы рас па?» деп сұрады. «Менің қалай қатысым болады, бір апта бұрын ғана Жүрсін ағаның үйінде болғанмын» деп, әлгі жайтты тағы айттым. Соның алдында ғана мәдениет министрлігінен бір жігіттер хабарласып, «Осы айтыс қайда өткені дұрыс, кімнің жүргізгені дұрыс?» деп пікірімді сұраған. Сонда  оларға да Жүрсін Ерман ағамыздың жыл бойы өткен айтыстарын өзі қорытындылағаны дұрыс екенін бірден айтқанмын. Неге дегенде 16 айтысты республика көлемінде өткізіп, сол бас бәйге алған жігіттер тағы бағын сынап, бір қорытынды шығуы керек қой. Олар да қазақтың қара домбырасын ұстап жүрген өнерпаздар, қалай болғанда да басталған іс аяғына жетуі тиіс қой. Жүкеңе байланысты кімнің көзқарасы қандай екенін білмеймін, бірақ осы айтысты Жүрсін ағаның өзі тиянақтағаны дұрыс деп ойымды ашық айттым.

Негізі, теріс ағымдағы діншілдер айтысты тартып алды, бөліп алды деген пікірлер бұрыннан айтылады емес пе?

–Иә, рас, сондай пікірлер айтылып жүр. Меніңше, айтысты тартып алды, бөліп алды деу біреулерге өте ыңғайлы болып тұр. Себебі айтыстың төңірегінде жүрген адамдардың осы өнерге қосар үлесі бар. Айтыстың қара нары Жүрсін аға болғанымен, Мырзатай ағаның еңбегін қайда қоямыз? Жүрсін аға телевизиялық айтысты жолға қойған кездегі Өзбекәлі Жәнібеков, Мардан Байділдаев, Сұлтан Оразалиндердің еңбегін қайда қоямыз? Сол сияқты менің де, қазақтың бір жанашыр азаматы ретінде айтыстың көшіне қосқан аз да болса бір үлесім бар. Бірақ ол не үшін Жүрсін ағаға көлеңкесін түсіруі керек? Неге ол үлес Жүрсін ағамен қайшылықта болуы керек? Былайша айтқанда, Жүрсін ағаның еңбегіне ешкімнің дауы жоқ. Ағаның ашу шақырған, тізеге салған кездері болған шығар. Бірақ кімде қателік жоқ? Сондықтан біз Жүрсін ағаны қолдаймыз және қолдап та келе жатырмыз. Негізі, дау шығатын түк те жоқ еді. Тып-тыныш кетіп бара жатқан адамдарды шағыстырды. Кейін оны Жүрсін аға да, біз де түсіндік. Өйткені «діни радикалдар айтысты қолға алып жатыр» деген нәрсе тек жала болатын. Иә, рас, «Ақ орда» қозғалысы ұйымдастырған айтыстардың кезінде дін тақырыбы біраз айтылып жатса, біз де, басқа да оған онша мән бермедік. Өйткені қоғам сондай еді. Ал «Нұр Отан» өткізген айтыстарда «Дінге басымдық бермеңдер, дінді имамдар мен арнайы мамандар уағыздасын, сендер тек рухани, ұлттық құндылық деңгейінде жырға қосыңдар. Әр нәрсенің өз орны мен реті бар» деп жастардың діни бояуды қалыңдатып жырлауына шын мағынасында қарсы болып отырдым. Бұл дінге жасаған күпірлік емес, дұрысы солай. Себебі «Дін  жағымды іс-әрекет, өнегелі амалмен насиxатталады, жетпей тұрған жері ғана сөзбен айтылады»  деген екен ілгергі дана бабаларымыз. Меніңше, бұл жерде мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Жүрсін Ерманның арасына от жаққысы келген пиғылдар байқалады. Бәлкім, бұл айтыс алтыншы мәрте ұйымдастырылып жатқандықтан, бар іс-шараны қарамағындағыларға тапсырып, кім жүргізетінін өзі қадағаламаған шығар. Әйтпесе министрге осы даудың не қажеті бар? Ол бұл айтысты нағашысының құрметіне жасап беріп жатқан жоқ қой. Өкіметтің айтысы. Өз ретімен өтіп жатқан іс-шара емес пе еді? Аймақтарда 16-17 айтыс өткізіп, қорытындысында Жүрсін ағамыздан алып қою кімге керек? Міне, бұл осы айтулы тұлғаларды шағыстырып, екі қазақтың арасын дауластырып, өздерінің ұпайын түгендеп, тақымының астынан тығылып күліп отыратын біреулердің тірлігі деп ойлаймын.

–«Тып-тыныш кетіп бара жатқан адамдарды шағыстырды» деп отырсыз, сонда ол қандай топтар,  оларды басқарып отырған кімдер?

–Данышпан Абай: «Қазақтың өлгенінің жаманы жоқ, тірісінің өсектен аманы жоқ» дейді ғой. Демек, бұл тірі адамдардың дерті. Ондай жікшіл топтар қай заманда да болған және бола береді. Иманын күзетіп, дүние-ақыретінің пайдасын толық уайымдамаған кез келген пенде сондай бүлікшіл, ішіне шынашақ айналмайтын көрсоқыр, көреалмаушыға айналуы мүмкін. Әркім әртүрлі деңгейде. Ондай қараулық ұлт пен мекенге бөлінбейді. Ол аурудың орны – жүрек. Ондай дерт байда болса, ол бай құдай болғысы келеді. Төмендегіні төрге оздырғысы келмей, төбесінде ойнайды. Ондай дерт кедейде болса кесірленіп, кетеуі кетеді. Жоғарыдағының жолын бөгеп, жонын тырнап, сорын қайнатады. Екі жағдайдың да түбі – іштарлық, көре алмау, бәлеқорлық. Сондай мысықтілеу, тасжүрек, тайқымаңдай адамдар біріксе «топ» болады. Мақсаты – түймедейді түйедей қып, қоғамды шайқау, тұлғаларды жауластырып, тыңдағанды дауластыру. Бір құмалақ шіріген сөзімен бір қарын майдай былқып отырған елді іріту. Сеңдей соғылып, сетінегендердің үстінен күліп, өздерінің «шебер махинацияларын» ерлікке балау.

- Нақты сұраққа жалпылама жауап беріп отырсыз. «Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Жүрсін Ерманның арасына от жаққысы келгендері ашып, түстеп бергіңіз келмейтіндей. Енді өзіңізге қатысты сұраққа көшсек. Жалпы, сіз туралы ел ішінде түрлі әңгімелер айтылады. «Елімізде салафизмге ауызша тыйым салынғалы бері Мұхамеджан Тазабек пен оның төңірегіндегілердің беттері бері қарап, заманның бағытын сезіп, сақалдарын да түзеді. Бұрын сақалдары тым өсіңкі еді. Қазір қырқып, реттеп қойды. Баяғыдай уағыз да айтпайды» деген әңгімелерді естиміз...

– Ол айтылып жатқан дүниелердің шынайы ниетіме, руxани танымыма ешқандай қатысы жоқ. Кез келген адамның өмірін қарасаңыз, оның саяси ұстанымында, оның рухани болмыстық қабаттарында өзгерістер болып тұрады. Жасы кемелдене келе, тәжірибе жинақтай келе көзқарастарында бір байыптылық пайда бола бастайды. Қоғамның тынысын терең сезінеді. Мұны біз неге діни ағыммен, бағытпен, рухани өзгешелікпен байланыстыруымыз керек? Иә, біз жас болдық, ақын болдық, адуын болдық. Аузымызға келген сөзді ірікпейтін, батыл айтатын ақын болдық. Кез келген жерде билікті сойып салатын, атқа мінгеннің алқымынан алатын немесе дін қайраткерлерін де сынап, айтыс сахнасында аузымызға сыйған сөзді айтып жүрген отты өнерпаз болатынбыз. Кейін көп нәрсенің түбін түсіндік, себебіне үңілдік. Байыбына барып, парқын пайымдайтын болдық. Кейбір «шындық» деп, айтқан сөзіміздің жұрттың бәрі білетін фактіні өлеңмен баяндау ғана екенін түсіндік. Үндемей қалсақ көптің қақысын бергіміз келмегендіктен емес, жағымды сөз айтуға тырыссақ жағымпаздыққа салынғандықтан емес, сөздің жауапкершілігі, істің салдарын сезінгендіктен сондай аxуалға табан тіредік.

Дін – тау басындағы таза ауа секілді. Көкірегіңді кеңейтіп, санаңды сергітеді. Тіпті басыңды айналдырар эйфориясы да болуы мүмкін. Иман адамды көтереді. Рухын көтереді. Әрі жас, әрі шығармашылықтың өкіліміз, шалқып, шабыттанып, уағыз да айттық. Имамдардан бастап, мүфтиге дейін талай сынадық. Түсінбестен, байыбына бармастан кесіп сөйлеп, керілдескен де сәттеріміз болған шығар. Ал бірақ кейін қоғаммен араласа келе дін дегеннің тым нәзік екенін, оның қалтарыс-бұрылыстарында қаншама мағыналар мен мазмұндар жатқанын түсіне келе адам тәрбиелеудің қандай ауыр дүние екенін сезіндік. Көп нәрсені ескеріп, қайтадан парықтадық. Сол себепті «ол бір ағымда еді, тәубесіне келіп, қазір өзгеріп, жұртты алдап жүр» деу – ол қиянат.

Иә, рас, ұзын сақал қойдық. Кейін шариғи үкімдерді тереңінен түсіндірген оқымыстылардың сөзіне байлам жасап, пәтуасын алып, қоғаммен үйлесіп, қозып сөйлейтін, қомданып жүретін шала сауатымызды жайына қалдырдық. Көп адамның олай деп жауапсыз сөйлеуіне үш нәрсе себеп болады: ең алдымен көреалмаушылық. Менде кейбіреулер көре алмайтындай жағдайлар жоқ емес. Аллаға шүкіршілік, тасым өрге домалап, тағдырым табыс сыйлаған кездерім жетерлік. Ат та міндік, атымыз да шықты. Қоғамға аз-кем тигізген пайдамыз да болуы мүмкін. Екіншіден, ағайында ауызбіршіліктің жоқтығы. Қазақтың басының бірікпеуі. Екі адамның тату болғанына риза емес, киізіңді тіліп, кісілігіңді жаншып отыратын пенделер жетерлік. Үшіншіден, сөзге ілінудің өзі заңдылық. Ештеңе істемеген адам ғана сөзге ілікпейді. Жемісі жоқ ағашқа тас та атпайды. Жұмыс істегеннен кейін жұрттың бәрінің көңілінен шығу мүмкін емес. Сондықтан мен туралы айтып жатқан пікірлердің ешқайсысына ренжімеймін және олармен жауласпаймын, күреспеймін де... Алла сабыр берсін! Керексіз нәрсеге кек сақтап, жүрегімді ауыртып, денсаулығымды құртқым да келмейді. Өзі азғантай ғана қысқа ғұмыр. Итшілікпен ырылдасып жүргенде иін ағаштың басындай сопаң ете қалады. Аллаға сансыз шүкіршілік, тағдырымыз адамдардың қолында тұрмағанына... Тағдырың, бақытың, көретін жақсылығыңның бәрін Құдай алдын ала жазып қойған. Көресіңді көрмей көрге кірмейсің...

Осы сіз туралы әңгіме айтылса немесе ақпарат құралдары сіз туралы жаза қалса, президенттің бауыры Қайрат Сатыбалдыға соқпай кетпейді. Не үшін сіздерді көп байланыстырады?

–Қайрат ағамыз «Нұр Отан» партиясында басшылық қызметте жүрді. Оның алдында «Ақ орда» қозғалысын басқарды. Сол кездерде рухани, мәдени, ұлттық спортқа қатысты жауапкершіліктер мойнына жүктелді. Қоян-қолтық араласып, көптеген жұмыстар атқардық. Сол себептен байланыстырады ғой деймін...

Білуімше, ол кісі де дінге әжептеуір бет бұрған сияқты. Мұны да байланыстыратындар бар...

–Ол кісінің діни деңгейін білмеймін. Бірақ иманды азаматтар екеніне көзім жеткен. Имандылық деген бар, дін жолындағы қайраткерлік деген бар. Екеуі екі бөлек нәрсе. Дін жолындағы қайраткерлік сол саланың бүге-шігесіне дейін игеріп, түсініп, сол саланың туын көтеріп, жүйелі түрде руxани қызмет атқаратын адамды айтады. Ал имандылық дегеніміз не? Президент «зайырлы қоғамда рухани биік тұлғаларды тәрбиелеуіміз керек» деп айтты ғой. Міне, имандылық дегеніміз осы. Менің түсінігімде зайырлы қоғам деген дінсіздік емес. Әлемдік қауымдастықтағы рухани-мәдени ұстанымдармен санаса отырып, ұлт ретінде өзіңнің ұйысатын жолыңды айқындап табу.

Ол кісімен әлі араласып тұрасыз ба?

–Аллаға шүкір, мен өте көп кісілермен араласамын. 14 жасымда Дінмұхамед Қонаев атамыздың шаңырағында болып, батасын алғаннан бастап, құдайға шүкір, абыройдан кенде болған жоқпын. Көптеген абыройлы, аузы дуалы, ісі мұралы тұлғалармен қарым-қатынастамын.

Енді «Асыл арна» туралы айтсақ. Таза діни бағыттағы бұл арнаға да көптеген сындар айтылды. Енді бағытын өзгертіп жатқан көрінеді. Сыннан қорытынды шығарып жатырсыздар ма сонда?

–Бәрі бар. Жасыратыны жоқ, «Асыл арна» ашылған бетте үлгі ала қоярлықтай, үйрене қоярлықтай жақын маңайда баламасы жоқ арна болды. Алланың жәрдемімен алғашқы кірпішінен бастап қаладық. Әрине, қателік кетпеуі мүмкін емес еді. Кез келген сынды дұрыс қабылдадық. Оның ішінде мемлекеттік билікте жүргендер де, қоғам қайраткерлері де сын айтып жатты. Тіпті тікелей эфирде айтқандары да болды. Ұсыныстарын да айтып жатты. Алғашқы бес жылда таза діни бағыттағы телеарна ретінде танылдық. Уақыт өте келе дін деген мешіт-медреседе ғана айтылатын сөз емес екенін, ұлттық салт-дәстүріміз, қаншама xалықтық ғибраттарымыз дінмен сіңісті болып, бірге өріліп кеткенін толық сезіндік. Сөйтіп, біз бас салып біреуді жетектеп мешітке апару немесе бірден біреуді ораза ұстату емес, ұлтымыздың бойында бұйығып жатқан көптеген ұлы қасиеттерді, ол – жомарттық, әділеттілік, сөзге тоқтау, үлкенді құрметтеу, кішіге ізетті болу сияқты қасиеттерді түртіп оятатын функцияларды атқарсақ деген мақсат қойдық. Сонда ғана біз рухани-ағартушылық бағыттағы толыққанды пайдалы шаруа атқарған арна болып есептелеміз деген  шешімге келдік. Дінде зорлық жоқ. Сондықтан біз қазір қазаққа бас салып дін үйретпейміз. Қазаққа діннен сіңісті болған асыл қасиеттерін оята білсек, ұлт үшін үлкен нәтижеге қол жеткізгеніміз. «Асыл арна» өз жолын, жорға жүрісін енді тапты. Біз Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың дін насихаты жолын шамамыз жеткенше пайымдадық, білім егелерімен ақылдастық, не насиxаттап, не өнеге көрсетіп отырғанымызды жақсы түсінеміз. Қоғам діниленбеу керек. Қоғам шынайы мұсылмандармен нұрлануы керек. Ал мұсылманшылық адамшылықтың барлық асылын бойына қамтыған.

Қазір спортты, мәдениетті көрсететін арнайы арналар бар. «Біздің бақшамызға неге түсесіңдер?» деп олар ренжімей ме?

–Егер де ол телеарналар бәрін құжатпен бекітіп, «бізден басқа ешкім көрсетпесін» деп меншіктеп алған дүниелері болса, біз біреудің шарбағына кірмейміз. Бірақ қазақтың айтысы, спорты, өнері бәрімізге ортақ дүние. Кім қандай үлес қосады, қалай насихаттайды, оған ешқандай қызғаныш болмауы керек.

Әңгімеңізге көп рақмет.

Әңгімелескен  Оралхан ДӘУІТ

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Баған

Берешекке белшесінен батқан беткеұстарлар

Сайт Әкімшілігі

Берешекке белшесінен батқан беткеұстарлар

Коронавирус індеті кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті - ІІМ

Сайт Әкімшілігі

Коронавирус індеті кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға өсті - ІІМ

Диқандар неге ашулы?

Сайт Әкімшілігі

Диқандар неге ашулы?

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

Сайт Әкімшілігі

«Қазақмыстағы» қанды оқиға: іс сотқа түсті

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

Сайт Әкімшілігі

«Жасыл экономика» табиғатымызды жандандыра ала ма?

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

Сайт Әкімшілігі

3 тамыздан кейін де рұқсат етілмейтін шаралар

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңге: қолдау ма, қорлау ма?

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

Сайт Әкімшілігі

Қой қымбат. Халық не қылмақ?

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Сайт Әкімшілігі

"Алматы-Өскемен" және "Алматы-Орал" бағытындағы пойыздар тоқтайтын болды

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Сайт Әкімшілігі

Педофилді ұстаған полиция қызметкері «Айбын» орденімен марапатталды

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Сайт Әкімшілігі

Үкімет керең бе, әлде сараң ба?

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Сайт Әкімшілігі

Жыпылықтаған интернет Жұмағалиевті жалп еткізді

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Сайт Әкімшілігі

Қазақстанда коронавирустан 610 адам қайтыс болды

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Сайт Әкімшілігі

Қазақстандықтар зейнеткерлікке ерте шыға ала ма?

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Сайт Әкімшілігі

Халықтың қалауын құлаққа ілер кімің бар?!

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Сайт Әкімшілігі

Өзбектерден үйренетін нәрсе аз емес

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Сайт Әкімшілігі

Бурабайға блок-бекет орнату ұсынылды

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Сайт Әкімшілігі

Президент кеңесшісі: Шамамен 2 миллион қазақстандық коронавируспен ауырған

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

Сайт Әкімшілігі

Қаймана қазақ қанатын қомдап, қамға көшті

42 500 теңгені студенттер ала ма?

Сайт Әкімшілігі

42 500 теңгені студенттер ала ма?