Жаңғырудың айтысы Жүрсінсіз жырланады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 15.12.2017295

Айтыстың «жыры» әлі таусылар емес. «Жас Алаш» газеті сөз өнерінің қазіргі жағдайы, мәселесі, дауы туралы әңгіме қозғап, белгілі ақын, айтыстың қара нары Жүрсін Ерманмен сұхбаттасқан болатын. Сұхбат беруші айтыстың жолына қойылған кедергілер мен басынан кетпей тұрған даулар жөнінде ашына айтып, айтысты белгілі бір топтар иемденіп кете ме деген қаупін жеткізген еді. Осыдан кейін біз сұхбатта аты аталған белгілі айтыскер ақын, «Асыл арна» телерадиокомпаниясының бас директоры Мұхамеджан Тазабекті ашық әңгімеге шақырып, мәселенің мән-жайын сұрадық. Алтыншы мәрте ұйымдастырылып отырған «Алтын домбыра» айтысына ешқандай қатысы жоқ екенін мәлімдеген Мұхамеджан Тазабек: «Жүкеңе байланысты кімнің көзқарасы қандай екенін білмеймін, бірақ осы айтысты Жүрсін ағаның өзі тиянақтағаны дұрыс деп ойымды ашық айттым», – деп ағынан жарылды. Бұл айтулы тұлғаларды (Жүрсін Ерман мен Арыстанбек Мұхамедиұлын айтып отыр – авт.) шағыстырып, екі қазақтың арасын дауластырып, өздерінің ұпайын түгендеп, тақымының астынан тығылып күліп отыратын біреулердің тірлігі деп ойлаймын деген Мұхамеджан Оразбайұлы «Әйтпесе министрге осы даудың не қажеті бар? Ол бұл айтысты нағашысының құрметіне жасап беріп жатқан жоқ қой. Өкіметтің айтысы. Өз ретімен өтіп жатқан іс-шара емес пе еді? Аймақтарда 16-17 айтыс өткізіп, қорытындысында Жүрсін ағамыздан алып қою кімге керек?» деп, Жүрсін Ерманның айтыс өнеріндегі еңбегін ерекше қадірлейтінін айтқан-ды. Дегенмен де айтыстың төңірегіндегі сөздер тоқтамай тұр. Тіпті енді «Ақтөбеде өтетін айтысты Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева екеуі ұйымдастырып жатыр екен» деген де әңгімелерді құлағымыз шалды. Мәселенің анық-қанығын білмек болып, осы айтысты ұйымдастырушылардың бірі болғандықтан, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ұялы телефонына қоңырау шалғанбыз. Бірақ министр телефон тұтқасын көтермеді. Кейінірек министрдің өзіне бір адамдар арқылы шығып, сауалдарымызға жауап беруін өтініп едік, алайда министрліктің баспасөз қызметі арқылы Ақтөбеде өтетін айтыс туралы аздаған ақпаратқа ғана қол жеткізе алдық. Сонымен, «Жыр арқауы – жаңғыру» атты республикалық ақындар айтысы Ақтөбе қаласында өтеді екен. Мәдениет және спорт министрлігі Ақтөбе облысы әкімдігімен бірлесіп өткізбек. Айтысқа халық ақыны Қонысбай Әбілов бастаған қазылар алқасы төрелік етеді. Осы кезге дейін талай айтыстарда топ жарған Айнұр Тұрсынбаева, Сара Тоқтамысова, Жандарбек Бұлғақов сынды біраз танымал айтыскерлер қатысады. Осыдан кейін-ақ ақын Жүрсін Ерман бекерге шырылдап жүрмеген екен-ау деген ойға қалдық. Шынында, бұл даудың ақыры не болып кетті? Жүрсін Ерман қайда қалды? «Алтын домбыра» қайда қалды? Жыл бойы айтысқа қатысқан ақындар қайда қалды? Елдің аузындағы сыпсың сөздер қаншалықты рас?    Айнұр ТҰРСЫНБАЕВА, айтыскер: – Сол айтысты Айнұр ұйымдастырып жатыр екен деп айтып жүрген адамның аты-жөнін айтыңызшы... Мен оны сотқа берейін. Осы әңгімені осымен екінші мәрте естіп тұрмын. Ондай өсек-аяңға сенбеу керек қой. Өмірімде айтысты ұйымдастыру ісімен шұғылданып көрмеппін. Айтыс ұйымдастыратындай демеуші болсам, бір сәрі, болмаса қаржылық жағдайым мықты болса, бір сәрі... Маған билікті кім беріпті?.. Маған министрліктен хабарласып, «Айтысқа қатысасыз ба?» деп сұрады, «Қатысамын» деп айттым. Соңғы бес жылда айтысқа шақырылған жоқпын. Айтыс  халықтыкі ғой. Шақырып тұрса неге қатыспасқа? «Ақтөбеден күтіп аламыз» деді, болды... – Қалай ойлайсыз, соңғы жылдары айтыскерлер екіге бөлініп кеткен сияқты ма, қалай өзі... – Ешкім ешкімнен бөлінген жоқ. Бұл да бос әңгіме. Рас, маған да хабарласып, «айтысқа қатыспа» деп үгіттегендер болған кезінде. Бірақ көрермен халық қол соғып, құрмет көрсетіп залда күтіп отырса, неге қатыспасқа? Бәрі халық үшін ғой. Жүрсін ЕРМАН, ақын: – «Жас Алашта» менің сұхбатым шыққаннан кейінгі оқиғаларды айтып берейін. Осыдан үш күн бұрын Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев телефон шалды. «Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атынан телефон шалып отырмын. Біздің «Алтын домбыраға» ешқандай қатысымыз жоқ. Бердібек Машбекұлы сәлем айтты, сізді қалай қарайды екен?» деп... «Сіз де Бердібек Машбекұлына сәлем айтыңыз, айтысты қай жерде өткізеді, қалай өткізеді, министрдің өзі шешеді» деп жауап қаттым. «Біз сізді қолдап отырмыз, ренжіп қалмайсыз ба?» «Неге ренжимін, ренжімеймін» дедім. Содан кейін әлеуметтік желілерден көрдім, министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бір топ айтыскерлерге сәт-сапар тілеп, шығарып салыпты. Тағы бір білгенім, ақындар жиналып, «Осы мәселенің мән-жайын анықтап беріңіз, қалай қыламыз сонда... Тәуелсіздікті жырладық. Аяқастынан шеттетіп тастады» деп президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары М.Тәжинге хат жазған көрінеді. «Нұр Отанға» да хат жазған сияқты. Бұл, әрине, ақындардың өз шаруалары. Министрден маған «Менің Жүкеңе ешқандай қарсылығым жоқ. Маған жоғарыдан тапсырма берді» деген сөз жетті. Президенттің өзі ассамблея жиынында маған «Айтысты өңірлерде өткіз, жылдың аяғында жүлдегер ақындармен қорытындылайсың» деп тапсырма берген. Министрге президенттен басқа ешкім тапсырма бермейді ғой. Басқа кім тапсырма беруі мүмкін? «Сорос» деген бір қор бар. Бір жылдан бері соңымызға түсіп, жас ақындардың айтысын жасап беріңізші деп жүрген. Шамалы тиын-тебені бар. Жас ақындар шықсын деп 12 ақынды жұптап қойғанбыз. Сол айтыс аяқастынан болмайтын болды. «Жоғарыдан тапсырма болды» деді, «мейлі» деп қоя қойдық. Соны министр маған кінә ғып тағатын көрінеді. Мейлі ғой, Ақтөбеде айтысты өткізсе өткізе берсін. Бірақ жыл бойы ақ тер, көк тер боп айтысып, жаңғыру мен тәуелсіздікті жырлаған ақындар «Алтын домбыраға» қатыспайды. Қатыстырмайды. Ешқандай ресми айтысқа қатыспаған Балғымбек бастаған ақындардың «Алтын домбыраға» қатысуына моральдық қақысы бар ма, жоқ па? «Алтын домбыраның» ережесінде «жыл бойы айтысқан ақындар қатысуы керек» деп жазылған. Сондықтан ақындардың сағы сынбасын деп бұрынғы демеушілеріммен келісіп, жыршылар мен термешілердің халықаралық одағы осы айдың соңында жылдық қорытынды айтыс өткізуді жоспарлап жатырмыз. «Алаштың ақтаңгері» деп аталады. Оған қазақтың абыздары төрелік етеді. Жүлдегерлерге ең кемі 10 мың доллардан сыйлық береміз деп отырмыз. Яғни жеңімпаз ақындармен өз бетімізше басқа айтыс жасамақшымыз. Бұл жыл сайын дәстүрге айналады. Рас, газетке менің сұхбатым шыққаннан кейін Бекболат Тілеухан хабарласты. «Ешқандай қатысым жоқ, сізді қолдаймыз, алдыңызға шықпаймыз» деп айтты. Алла разы болсын.   Балғымбек Имашев, айтыскер: – Кім айтып жүр мұндай әңгімені... Айтысты ұйымдастыратындай менің құдіретім жоқ. Үш жылдан бері үлкен айтыстың сахнасына шыққаным жоқ. Әрине, Жүрсін аға айтыстың төрінде құрметті қонақ болып немесе қазы болып жүрсе, ол айтыстың сәні болатын еді. Бірақ бұл айтысты не себептен Жүрсінсіз өткізіп жатқанын білмедім. Министрліктен телефон шалып, «қатысасыз ба?» деп сұрады. Мен «қатыспаймын» дедім. Бұл айтысқа үш жылдан бері қатысқаным жоқ. Жүрсін ағаның газетке шыққан сұхбатын оқыдым. Айтысты «Нұр Отан» сияқты әртүрлі ұйымдар ұйымдастыруы мүмкін. Оған қарсы болудың қажеті жоқ. Негізгі мақсат – айтыскердің сөзі халыққа жетуі керек. Жүрсін Ерман қатыспаса, ақындар да қатыспасын деген ұстаным дұрыс емес деп ойлаймын. Ақын деген тәуелсіз болуы керек. Жүрсін жат десе жатып, тұр десе тұра ма? Ол болмайды ғой. Олар елдің ақындары емес пе? Сондықтан мемлекет айтыс өткіземіз, жүлдесін береміз деп қолдау көрсетіп жатса, Жүрсін аға ол айтыстан қалыс қалып кетсе де, қуануы керек қой. Оралхан Дәуіт

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.