Бұрынғы ғұрып – бүгінгі сынық

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.01.2018294

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында өткелі жатқан суретші Ерлан Гаймолдиннің жеке көрмесіне кіргенім сол-тын. Оң жағымда бірі қос аяқтап жоғары, екіншісі керісінше жерге тұмығымен тік шаншылып тұрған екі иттің картинасын көрген бойда «мұнда не мән бар?» деп өте бердім де, төменгі жағынан тақырыбын оқыған қалпы тұғжидымда қалдым. Сіз әйгілі орыс мультфильмі «Ну погадиді» көрген шығарсыз? Күшті болғанымен, қоян құрлы ақылы жоқ алаңғасар, ақымақ қасқыр. Қоян жеңді, ол көнді. Мәселе осы жерден басталады...

Мына картинадағы суретшінің «Қос қасқыры» одан да сорақы. Одан да қорқау. Тақырыбына «екі ит» деп жазылғанда, қарамай өте шығар ек, болмады. Айттым ғой, алғашқысы қос аяқтап, адамша тік тұр. Құйрығы аяғымен теңдес, жерге тиеді. Бөрінің тірсегі сыртқа қарай қайқы болғандықтан, аяғынан адамша тік тұра алмайды. Ал, мұнда сындырып барып тіктемесе, түзелмейтін сол тірсекті буынынан қиып, сындырып, жерге тікесінен қадап қойыпты. Сонда саннан сүйірленіп келе тірсегінен ішке қайырылатын тұсын буыннан қиып, керісінше қайырып, жерге кәдімгі екі аяқ қылып бастырған суретшінің шеберлігі бұл... Тірсектен қиылған қос аяқпен құйрығы қоса жағаласып жүр... Қасқырдың құйрығы аяғынан қысқа болушы еді?..

Ал денесі қасқырдан гөрі қорқауларды елестетеді. Қораш. Адамша тік тұрғасын, алдыңғы екі аяғы қол орнына кетеді де, мойын тұсы күжірейіп, көкжалға ұқсағанмен, әлгі қолға айналып кеткен екі аяқтың тұсынан адамға тән иық айқын байқалады. Қасқырда иық болмайтыны белгілі, бас жағына келсек, әлгі күжірейген мойынға бөрі басы емес, не қорқаудың, не кәдімгі авчарканың басын қонжита салыпты. Ауыз қуысы арбиып-арбиып кеткен, әсіресе, өңешке қарай барғанда, кеңи түсіпті. Түсінің өзі ашық болғанымен, ақ, сары, күңгірт түстердің сынық-сынық құрандысы, кей жері шұбарланып кеткен. Тақалып кетсең, әлгі сынықтар жырып, тіліп түсердей. Мұрыны мен құлағы жылмағай, бұдырсыз келуші еді, бұныкі тиіп кетсе, сұғып жіберіп қаныңды ішердей біз тұмсық, үшкір. Көзі жасыл ма, бір пәле. Бұл ашық түс жағына салынған, адамша тік тұрған қасқыр. Екіншісі бұған қарама-қарсы әрі керісінше, маңдайымен жер сүзіп, аяғы аспаннан келген қасқырдың (бұл да қасқыр емес, қорқау ма, немесе одан да қауіпті бір нәрсе) бұдан айырмашылығы – қарадүрсін бояуында ғана. Әйтпесе, суретті қалай төңкерсең де, айырмашылық жоқ. Бірде ақ қасқыр түрегеп не қиылған тірсегін сүйреп еңбектеп бара жатады, былай аударып қарасаң, қара қасқыр сөйтіп шыға келеді.

Суретші тақырыпты «Екі қасқыр» деп әдейі қойған, ұқсамаса да. Қазақ үшін бөрі қашанда, бөрі ғой. Әңгіме бұрынғы ғұрыпта емес, бүгінгі сырықта. Ал, енді айырып алыңыз. Суретшінің салғаны қасқыр ма, қорқау ма, иттің азғыны ма? Мүмкін адамның азған түрі? Мынаның қасында әлгі «Ну погади-дегі» албасты қасқыр сүйкімді. Қазір мультфильм көріп жүрген баланың да, жан сақтау қамымен зыр жүгіріп жүрген ағаның да қиялында осы «қасқыр». Оның ағы не, қарасы не, бәрі бір. Замананың осы кейпін айнытпай салған суретшінің қиялында не сұмдық суреттердің бояуы жатыр. Енді соны салатын күн тумасын деп тілейік. Онда бәріміз қасқырша ұлып кетеміз.

Бекжан БАҚЫТҰЛЫ

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.