Қарағанды: ауруханасы жоқ, автобус бармайтын ауыл

Арай Сатыбалдықызы - 28.06.20192052

Ақтоғай ауданына қарасты Қызыларай ауылының тұрғындары ұзақ жылдар бойы жол азабын тартып келеді. Ауруханасы жоқ ауылдың ауыра қалса орталыққа жеткізер автобусы да жоқ. Бұл туралы өңірдегі Жас АЛАШ тілшісі хабарлайды.

Қала мен ауданға бұл ауыл шалғай болғандықтан ба бұл өңірге облыс әкімі қара көрсете қоймайды екен. Тіпті аудан әкімінің өзі келе бермейді. Әкім-қаралардың жолы түсе бермеген соң шалғайда орналасқан Қызыларай халқы өз проблемасымен өзі  күреседі, тіпті мәселені шеше алмаған соң, көндігуге тура келген.

Қызыларайға Қарағандыдан қатынайтын автобус мүлдем жоқ. Тұрғындардың айтуынша, үш жылдан бері Қарағандының автобусы Қызыларай ауылына көршілес орналасқан Қаратал (бүгінгі ресми атауы Шабанбай) ауылына қатынайды. Алайда бұл бақыт Шабанбайға 23 шақырым қашықтықта орналасқан Қызыларай ауылына әлі бұйырмай келеді.


Облыс орталығы Қарағандыдан Шабанбай ауылына кішкентай «пазик» автобус аптасына екі рет қатынайды. Шабанбайға түнгі 10-11-лер шамасында келетін автобус келесі күні таңғы 4-те Қарағандыға жол жүреді. Қоғамдық көлік бұйырмай қалған қызыларайлықтар Қарағандыға бару үшін түнгі үштен бастап көрші ауылға баратын көлік іздеп әуре-сарсаңға түседі. Қыстың қақаған кейбір күндері көліктері бұзылып немесе қалың қардан жүре алмай бейнет көретін кездері де аз емес. Ауыл тұрғындарының жиырма шақырымнан сәл ғана асатын екі ауыл ортасына автобус жүргізе алмаған билікке деген өкпелері қара қазандай.

Қызыларай ауылының әкімі Шекер ТӨЛЕПБЕКОВАҒА ауылдағы ағайын "бұл мәселе қашан шешіледі?" деп, бірнеше рет барғанмен, еш нәтиже шықпаған. Әсіресе Қарағандыда оқитын студенттер үшін қаладан ауылға қатынау қиын мәселеге айналған.

- Қарағандыдан Шабанбайға жүріп келген автобус әрі қарай жиырма шақырымға бара салса түк те жоқ, қайта ауыл халқына қолайлы болар еді. Қарағандыдан кешкі сағат 5-тің автобусымен сырттағы жақын-жуықтарымыз шыға қалса көлік іздеп немесе көлік табылса оған құятын бензин іздеп әуре-сарсаңға түсеміз. Осы шалғайда жатқан Қызыларайды маған кей кезде жоғарыдағы басшылық ұмытып кеткен сияқты болады. Ауылда аурухана деген баяғыдан жоқ, сосын сырққаттанып қалғандар болса Қарағандыға баруға тырысады, ал Қарағандыға жетудің өзі осындай бейнет, - дейді Қызыларай ауылының тұрғыны Данияр САТЫБАЛДЫ.


Ауыл тұрғындарының айтуынша Ақтоғай ауданымен Қызыларай ауылы аралығындағы жолдың сапасы мүлдем нашар, ой-шұқыры көп. «Осы жолдан талай рет көлігіміз шашылып қалды, соңғы рет қашан жөнделгені есімізде жоқ», деп қынжылады ауыл халқы.

Ақтоғай ауданы әкімдігінен автобус пен жол сапасына қатысты мәлімет сұрап көрдік. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Айнұр ЖАҚЫПБАЙҚЫЗЫНЫҢ айтуынша, Қарағанды-Ақтоғай-Қаратал бағыты бойынша автобус шығарып отырған «Манас» ЖШС-не Ақтоғай ауданы әкімшілігі былтырғы жылы хат жіберген екен. Бұл хатқа жолаушы тасымалдаушы компания кешкі бесте шығатын автобус Қараталға түнгі 22.30 да баратынын, әрі қарай Қызыларайға жүретін болса тағы бір сағат кететінін айтып, мардымсыз жауап беріпті. Алға тартқан сылтаулары – мұндай жағдайда таңертең ерте шығатын көлік жүргізушісіне демалатын уақыт қалмайды. Ал ауыл тұрғындары 23 шақырым жерге автобус нашар жолмен жай жүргеннің өзінде 15-20 минут қана жүреді емес пе деп аң-таң.

Осылайша Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат ӘБЕУОВА жол азабын тартқан қызыларайлықтардың мәселесін шешуге қауқарсыз болып отыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, Ақтоғай-Қаратал жолын 2018 жылы 70 млн теңгеге "Раздор Строй 2050" ЖШС толықтай жаңартқан (жолдың бәрін қырып, қайта асфальт салған). Енді Қаратал-Қызыларай бағытындағы 23 шақырым жолды жөндеуге бюджеттен 30 млн теңге бөлінген. Биыл конкурста жеңіске жеткен фирма осы жолды жөндеуге кіріспек. 

Қызыларайлықтар кішкентай ауылдың үлкен проблемасына жоғарыда отырған "дөкей бастық" облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ назар аударып, көмектесер деп үміттенеді.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Арай Сатыбалдықызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар