Баталовты орынбасары Тұрлашев тыңдамай ма?

Алмас Нүсіп - 01.07.20192706

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Қазатком ауылына су тарту операциясы әлі жалғасып келеді. Былтыр жаздың соңында дауға нүкте қою үшін бұл ауылға Алматы облысы әкімінің орынбасары Ләззат ТҰРЛАШЕВ ауыл тұрғындарымен арнайы кездесіп, уәдені үйіп-төккенімен, жағдай сол қалпы, еш өзгеріссіз жалғасып келеді. Бұл туралы «Жас АЛАШ» арқылы Тұрлашевқа ашық хат жазған ауыл тұрғындары хабарлады. 

Редакцияға келіп түскен хатта Ләззат Тұрлашевтың 29.08.2018 жылы Қазатком ауылына келіп, мектепте тұрғындармен кездесу өткізгені жазылған. Сол кездесуде облыс әкімінің орынбасары ауыл тұрғындары көтерген мәселе бойынша жауап берген. 

Ауыл тұрғындарының көтерген мәселесі «Жас Алаш» газеті мен Zhasalash.kz сайты арқылы бір емес, төрт мәрте жазылды. Тұрлашевтың осы сапарынан кейін бұл мәселе бір жақты болғандай болып, ауыл тұрғындары да тынышталған. Дегенмен, арада 4 ай өткенде редакциямызға қайыра хат жолдап, «Қазаткомды қашанғы мазақ қыласыз, Амандық мырза?» деген тақырыппен мақала да жарияланған («Жас АЛАШ» газеті, №8, 31.01.2019ж.). Мақалада Тұрлашев берген уәделердің ешқайсысы да орындалмағаны, бәрі бәз баяғы қалпында жалғасып жатқаны айтылған. Қазаткомды мазақ қылғанды көрсетейін деді, әлде, орынбасары Тұрлашевқа сөзі өтпеді, әйтеуір облыс әкімі үнсіз қалды.

Бұл жолғы хатта да сол баяғы жыр. Ауыл «бізге су керек емес» деп, азар да безер болады, ал, облыстық әкімдік «көнсең де тартамыз, көнбесең де тартамыз», дейді. Хатта:

«Сондағы айтқаныңыз: «бұрынғы істеп тұрған су жүйесі сол қалпында қалады, тек жанама қатар тағы бір су жүйесі түседі және оған қосылу, қосылмау – өз еріктеріңде. Алда-жалда уланып қалсаңдар, оған обл.акимат жауап бермейді», деп едіңіз. «Жүз үй салынады, оған 22 га жер бөлінді, 140 орындық жаңа мектеп бой көтерді, Т.Молдағалиевтің музей-үйі ашылады, келешекте ауылға туристер келетін болады, осылай өркениетке жақындайсыңдар. Ауыл өсіп көркейеді. Ал, сендердің осы күнге дейін шулағандарың тіпті орынсыз. Казаткомға бөлінген ақша игерілуі тиіс. Ол потокты енді ешкім тоқтата алмайды. Біз шешімімізді өзгертпейміз және қайда барсаң онда бар, обл.акиматтың жауабы біреу – Казаткомға су түседі, егер су түсірмесек, тендер ұтқандар облакиматты сотқа сүйреп, жауапқа тартады», – деп айтқаныңыз, яғни, көнсең де осы, көнбесең де осы дегеніңіз ел есінде», делінген.

Бұдан ары ауыл тұрғындарына Тұрлашев берген тағы бір уәде айтылады. Кездесуде тұрғындар жұмыс басталғанына 2-3 күн болған жұмыстың сапасының нашарлығын айтып, әр төрт үй сайын қойылуға тиіс құдықтың әр 200 метр қашықтықта орнап жатқанын мәселе етіп көтереді. Тұрлашев салған жерден жұмыс сапасын жақсарту туралы мердігер компанияға тапсырма береді. 

«...Өзіңізбен еріп келген подрядчикке осыған дейін көмілген траншеяны қайта ашып, түбін тегістеп, 30 см № 3 фракциялы құм төсеп, содан кейін ғана құбыр салынып, ол жартылай сол құммен көміліп, тек 3-4 күннен ғана жабылсын деп айтқаныңызды орындаған да ешкім жоқ. Ал Сіздің «мектепте уақытша блокпост құрыңдар, жұмыстың барысы қалай жүріп, атқарылып жатқанын ауыл тұрғындары осында келіп айтсын. Яғни, байланыс орнатып, ол күндіз-түні тұрақты істеп тұрсын!» деп айтқаныңыз да бос сөз болып жерде қалды. Жұмыс қалай басталса, солай жалғасуда».

Ауыл тұрғындарының айтуынша, қазір бұрынғы проблемаға тағы бір мәселе жамалған. Ауылдың көшелері! Мәселен, «дәл қазір құдықтар жол үстінде, жол айырықтарына орнатылуда». Өзі де тар көшеде бұл құдықтарды айналып өту де аз қиындық туғызып отырған жоқ. Құдық осы күйінде қалса «бабамыздың атындағы «Қарасай» құрылыс компаниясы ауылдағы ұрпақтарына жоқ жерден проблема тауып беріп, келешекте  жол қатынасы бұзылмақ», дейді тұрғындар. Ал Қ.Қарабалин (компания басшысы. – Ред.) «бұл жерде басқалай инженерлік шешім жоқ, проект бойынша жұмыс істеп жатырмыз, жол ортасындағы құдықтарды ары – бері 2-3 м жылжытып, ПСД нормаларын бұзбаймыз», деп бар кінәні шешім шығарып, жоспарды сызып берген ТОО «Проект Аидаға» аударып құтылыпты. Сонымен, «облыстық құрылыс басқармасындағы М.НҮСІПБАЕВТЫҢ «мердігер мекемемен жүргізілетін құрылыс жұмыстары қатаң бақылауға алынады», дегені де бос сөз боп шықты» дейді жұрт.
«Міне, осыны кімге айтарымызды білмейміз. Дәл  қазір мердігер де, тапсырыс беруші және қадағалаушы технадзор да – Қ.Қарабалиннің бір өзі».
Ауыл тұрғындарының екі жыл ішінде түсіне алмай келе жатқаны – басынан қарасаң аяғы көрінетін, бар ұзындығын қосқанда 1,5 шақырымға да жетпейтін үш-ақ көшесі, 105-тей ғана үйі бар оймақтай ғана ауылға су тартамыз деп (ауылда су бар!) 470 млн теңге қаржы жұмсап, 12,7 шақырымдық пластикалық құбыр салудың кімге, не үшін керегі болды екен? Тендер өтіп кеткеннен кейін «потокты тоқтату мүмкін емес» болса, о баста неге ойламаған? Тендер бөлгіш болса айналада суы жоқ ауыл аз ба, сол көрші ауылдарға бөлмей ме!..
Қысқасы, қазір ауыл тұрғындары облыс әкімінің орынбасары А.БАЙЖАНОВ айтқан «халық көп, тығыз орналасқан ауылдарды бірінші кезекте сапалы ауызсумен қамтамасыз ету – біздің міндет-парызымыз» дегеніне де сенбейтін болған.
Тағы бір алаң – Тұрлашев айтқан «өркениетке жеткізетін» нысандар кезінде ауысыл, туберкулез, бруцеллез ауыруымен ауырып өлген ірі-қара мен қой-ешкінің, ит-мысықтардың өлексесі көмілген, қазір де қаңғырған бұралқы ит пен мысықтың мекеніне айналған қоқыстың үстіне орнамақ. Премьер-министр Асқар МАМИННІҢ өзін алдап соғып, «су құбырлары бұл қауіпті аймақтан өтпейді» деп, жалған ақпарат берген облыстық атқамінерлер мен мердігерлер қазір әлгі өлексе тасталып, көмілген жердің астын үстіне шығара қопарып, құбырларды көміп тастапты. «Сізге түсінікті болу үшін: ауылда сібір жарасы басталып, ол анықталып, карантин жариялағанша осы арада талай уақыт өтіп, елдің өлген малы осы жерде көмілген. Біздің шошитын уайым-қайғымыздың тағы бірі осы», дейді қазаткомдықтар. 
Қазір ауыл халқы жұмыс аяқталған соң әкімдіктегілердің жоғарыда айтылған мәселелерге көзді жұма салып, «барлық талаптарға сай» деп қабылдай салар сәтін күтіп қана отыр. «Қолдан келер басқа қайран жоқ». 

Ал, «потокты тоқтатуға» қауқарсыз орынбасары Тұрлашевты тоқтатуға жақында ғана қайта тағайындалған облыс әкімі Амандық Баталовтың шамасы келер ме екен. Әлде, ауыл тұрғындары қанша шақырса да аттап баспай қойған әкімді "мәселені шешіп кел" деп жіберген орынбасары да тыңдамай ма?...

Коллаж: Zhasalash.kz

Мақала авторы:

Алмас Нүсіп

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар