"Қаншама том тарих жазсам да қазақты сақтап қала алмайды екен"

Сайт Әкімшілігі - 02.07.20191240

Бізге дамудың дұрыс жолын көрсете алатын

ғылым бар ма?

(Сұрақтың қойылуы)

Қаншама том тарих жазсам да,

этнологияны да қанша ақтарсам да, қазақты

сақтап қалуға септігін тигізе алмайды екен.

Ж.Бабалықұлы

Ақылды сұрақ қоя білудің өзі ақылдылық пен

зерделіліктің маңызды және қажетті белгісі.

Иммануил Кант

Бүкіл өмірін қайтсем қазағымды көктетем деп өткізген, үлкен жүректі, отаншыл азамат, зерттеуші Жағда Бабалықұлы Шығыс Түркістан қазақтарының тарихынан мол материал жинап, Әлкей Марғұланға барған екен. Әлекең материалдармен танысып, ғылыми құндылығын бірден танып, авторға солардың негізінде диссертация қоғауды ұсыныпты. Тақырыбын бекіттіріп, ғылыми жетекші мен көмекшілер тағайындауға, қорғауға шығуға қажетті барлық жағдайын жасауға селбесіпті. Соған қарамастан, ақсақал «қаншама том тарих жазсам да, этнологияны да қанша ақтарсам да, бұлар қазақты сақтап қалуға септігін тигізе алмайды екен» деп, кетіп қалыпты.

Осы оқиғадан екі түйін түюге болады. Біріншісі, жүрегі «отаным», «халқым» деп қана соғып тұрған, ғажап адамның өмірлік философиясына қатысты. Онысы өмірінің мәнін қазақ халқының сақталуынан, оның көсегесін көгертуден іздегені көрінеді. Ол өзінің қолайына келіп тұрған, жеке басына тиімді жұмыспен айналысуды ысырып қойып, қиын және бұлдыр болса да, халқының келешегінің жарқын болуын қамтамасыз ететін іспен айналысуды қалап алып, қалған тіршілігін соған арнаған.

Екінші түйін қазіргі қазақтың тағдырына қатысты келелі ойларға бастайды. Шынайылығында қазақтың басына үйірілген бар қасіретін сейілтіп, дұрыс жолға түсіру үшін нендей шара керек? Шығармашылық қызметтің қай түрі осы бір терең сұрақтың жауабына бастап апара алады? Расында да, қазақтың «мың өліп, мың тірілуінің» себебін, оны енді қайтып өлместей ету үшін не істеу керек екендігін ғылыми білімдердің қайсысы ажыратып бере алады?

Біз айтамыз:

- тарихыңды біл, өткеннің тәжірибесін білмей алға жылжу болмайды;

- ғылым мен техниканы меңгер – өркениет көшінен қалмайсың;

- дәстүріңді сыйла – сонда өзіңнің ұлттық болмысыңды сақтап қаласың;

- «алдымен экономиканы» өркендет – қарның тояды, киімің бүтінделеді, қайыршылықтан құтыласың;

- тіліңді дамыт, өзгелерге үйрет, өз еліңде басымдықта болсын;

- мәдениетіңді көтер – сонда өзгелер сені сыйлайтын болады...

Иә, дұрыс-ақ. Осы бағыттарды ұстанып, жылжып келе жатқанымызға ширек ғасырдан асты. Солай болса да, «енді қайттық», «келешегіміз не болады», «ел бола аламыз ба?» деген күдікті сұрақтардан арылған жоқпыз.

Елде білім беру жүйесі жұмыс істейді. Білім беру стандарттары мен бағдарламалары жетілдіріліп, оқулықтар жазылып жатыр, жаңа педагогикалық технологиялар үнемі енгізілуде. Мектептер салынып жатыр.

«Қазақстан тарихы» пәні Республика мектептерінде бастауыш сыныптарда (эпизодтық әңгімелер), негізгі мектепте (жүйелі курс), бағдарлы мектепте (отан тарихының елеулі оқиғалары) және жоғарғы мектепте (тағы да толық курс) ретінде төрт рет қайталанып оқытылады. Оның үстіне бағдарлы мектепте «қоғамдық білім негіздері», «құқықтану», «дүниежүзілік тарих» пәндерін оқытуға бөлінген сағаттар ҰБТ-ға дайындалу сылтауымен тағы да «Қазақстан тарихын» оқытуға жұмсалады.

«Алдымен экономика» - соңғы ширек ғасыр ішіндегі биліктің басты ұранына айналғаны баршаға белгілі. 

Дәстүр және оны сақтау, қазақ тілін дамыту, оны мемлекеттік мәртебесін толық атқара алатын деңгейге жеткізу, ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту мәселелері қазақ баспасөзі қозғайтын негізгі тақырыпқа айналғалы қашан? Аталған мәселелер бүкіл оқушы мен студент атаулының ғана емес, өзін зиялы санатына қосатын азаматтардың да отырса ойын, тұрса бойын билеген, негізгі өмірлік қызметіне айналған. Бұл бағыттарды жүзеге асыруға бюджеттен қыруар қаражат бөлініп отырады.

Солай болса да, осы және бұдан басқа да атқарылып жатқан қыруар жұмыстар елдің жағдайын көңіл көншітерлік ете алмай отыр. Бүкіл бұқараның еңсесін амбиваленттік екідайлық билеген. Атқарылып жатқан істер мен олардың халыққа нақты беріп жатқан игіліктері арасындағы пропорциялылық күмәнді. Қарапайым көпшілік әлеуметтік қиындықтардан, бұқаралық-психологиялық депрессиядан арыла алмай келеді.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, "Билік метаморфозасы" зерттеуінен

(Жалғасы бар)



Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар