Ақтөбеде қызыл кітапқа енген ағаштар да оталып жатыр

Жанар Қожанова - 03.07.2019846

Ақтөбеде 6 млрд 700 мың теңге бөлінген жоба дауға айналды. Бұл миллиардтар қала айналасындағы 8 өзеннің арнасын кеңейту мен тазарту жұмыстарына республика бюджетінен бөлінген болатын.

Әу баста тұрғындардың наразылығына ұшыраған жобадан енді облыс прокурорлары мен экологтар бірнеше заң бұзушылықты анықтап отыр. Мердігер компаниялардың экологтардың арнайы  рұқсатын алмағаны да белгілі болды. Енді олардың әрқайсысы 30 млн теңгеден айыппұл төлеуі мүмкін.

Ақтөбеде 8 өзеннің арнасын кеңейту биыл жыл басында басталды. Алайда, жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілмеген. Прокурорлық тексеріс кезінде қоғамдық тыңдауға аты-жөні белгісіз 9 адам ғана қатысқаны анықталып отыр. Сондай-ақ, атқарылған жұмыстардың құны қымбатқа бағаланған. Мәселен, құжаттарда Елек өзені бойындағы 860 га жерде тал кесу қажеттігі көрсетілген. Алайда, нақты жобаға тек 36 гектары ғана енген. Мұндай жағдай Қарғалы өзенінде де қайталанған деп отыр құқық қорғаушылар.

«Ақтөбе облысы прокуратурасымен Ақтөбе қаласының Алматы ауданы және Астана ауданы прокуратураларына тапсырма беріліп, талдау жүргізілді. Талдау нәтижесі бойынша аталған прокуратуралармен өкілетті және мемлекеттік органдарға тиісті прокурорлық қадағалау актілері енгізілді», дейді облыс прокурорының көмекшісі Асланбек СӘБИТОВ.

Ал, экологтар өзен арналарын тазарту барысында қызыл кітапқа енген бұталардың да оталып кеткенін айтып отыр. Сөздерінше қоршаған ортаны шаң-тозаңмен ластағаны үшін әр компанияға 30 млн теңге көлемінде айыппұл салу туралы нұсқама берілген.

«Мердігер компаниялар әрқайсысы 50 мрп айыппұл салынды. Одан бөлек қоршаған ортаға келтірген залалы үшін нұсқама берілдеді, әр компанияға 30 миллиондайға нұсқама беріледі», дейді Ақтөбе облыстық экология департаменті басшысының орынбасары Ерболат ҚОЖЫҚОВ.

Ақтөбедегі экологиялық ахуалмен танысу үшін өңірге тура бір апта бұрын экология, геология және табиғи ресурстар министрі де келген болатын. Нәтижесінде, құны 6 млрд 700 мың теңгеге бағаланған өзен арналарын кеңейту жұмыстары уақытша тоқтады. Енді мәселені арнайы құрылған комиссия саралап, нақты шешімін айтуы тиіс.

Фото автордікі.

Мақала авторы:

Жанар Қожанова

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар