Абылай хан көрген түстің бізге қатысы жоқ

Сайт Әкімшілігі - 03.07.20191773

Түс сіздің қайда тұрғаныңызды,

қайда бара жатқаныңызды көрсетіп береді.

Ол сіздің тағдырыңызды көз алдыңызға алып келеді.

Карл Юнг

Қазақ апатиясының себептерін әркім өзінше түсіндіріп келеді. Олардың кейбіреулері жалпылама сипат алып кеткен сүлесоқтықты тарихи-мистикалық тұрғыдан түсіндірмек болады. Бұқаралық санадағы тұманды сейілту үшін солардың бірінің мәнін аша кету қажет деп есептеймін.

Ақпарат кеңістігіндегі үрейлі бұлқыныстардың ішіндегі бұқаралық санада мазасыздық тудырып жүргендерінің бірі мынау: Абылай түс көріпті, түсінде жаман іс көріпті. Оған алаңдаған адамдардың көзімен қарасақ, бәрі шынайы болып жатқан сияқты. Ханның түсіне жору жасай отырып, мұңлы сарынға түсіп алып, сары уайымға батып жатады. Қоғамда болып жатқан әр келеңсіз оқиғаны, құбылысты Абылайдың түсіндегінің өңінде болып жатқанындай көреді. Сырттай қарағанда, қазіргі Қазақстанның даму барысында бәрі келіп тұрған сияқты.

Нағызында, қоғам дамуының қазіргі кезеңінде, әлеуметтік, көбінесе рухани аяларда түрлі келеңсіз көріністердің, кейде қауіпті, кейде тығырыққа тірелген жағдайлардың, қайта оралмайтын межеден өтіп кеткен сияқты болып көрінетін құбылыстардың да болып жатқаны рас. Жемқорлықтың әбден басынған сипат алуы, бұқараның әлеуметтік белсенділігін жоғалтуы, әрекетқабілетті саяси ұйым құра алмауы, мүддесін қорғай алмауы,.. түстегі «құрт-құмырсқа, бақа-шаянға» айналудың көрінісі емес деп кім айта алады?

Енді осы түстің ел арасында таралып кеткен жорылуына қатысты мыналарды алға тартқым келеді. Философия былай түсіндіреді: ештеңе де мәңгілік емес. Барлық құблыстар мен үдерістер басталады, дамиды және аяқталады. Демек, дүниедегінің бәрі белгілі бір әлемдік уақыт шеңберінде өмір сүреді. Олай болса, бірінші кезекте Абылай ханның түсінің әрекет ету мерзімі де тарихи шектеулі екенін ойға түйіп алу керек. Бұл жердегі келесі маңызды мәселе түстің сюжетіндегі оқиғалардың кімге қатысты екенін –  Абылайдың өзінің ұрпақтарына ма, әлде басқару институты ретіндегі оның хандық династиясына ма, әлде қазақтың жері мен оның халқына ма – соларды ажыратып алу болып табылады. Үшінші басқышта ханның түсінің шынайылыққа айналуының тарихи мерзімін анықтау керек.

Жоғарыда келтірілген сұрақтардың жауаптарын табу үшін алдымен бізге жеткен түс мәтінін зерделеп көру керек. Түстің мазмұнынан алдымен оның Абылайдың өзіне, ұрпағына және оның хандық династиясына қатысты екенін көреміз. Қазақ тарихында бұл Алтын Орданың тарих сахнасына шығуынан бастап XX ғасырдың басына дейінгі кезеңді қамтиды.

Тарихи анықтама:

1817 жылы Бөкей, 1819 жылы Уәли хандар дүниеден озғаннан кейін орта жүзде жаңа хандар бекітілген жоқ. Қалыптасқан ахуал хандық билікті жою және орта жүзді басқарудың жаңа жүйесін енгізу жағдайын жасап берді. 1822 жылы қабылданған «Сібір қырғыздарының жарғысы» бойынша қазақтың дәстүрлі саяси жүйесі бұзылды, Қазақстанның солтүстік-шығысында әкімшілік, соттық және аумақтық басқару өзгертілді. Енді Орта жүз ауылдарға, болыстарға, округтерге бөлінетін болды. (https://kaz-ekzams.ru/istoriya-kazaxstana/uchebniki-po-istorii-kazaxstana).

Кейінрек хандық билікті жоюға қатысты ережелер қазақтардың өзге жүздеріне де таралды. 1856 жылы Қазақстанның Ресей патшалығының құрамына толық қосылуы аяқталды. Алматы Ресей империясының оңтүстік-шығысындағы сенімді (Верный) форпостына айналды.

Абылайдың түсінде өркениет аренасына Алтын Орданың шығуынан бастап Қазақстанда отарлық жүйенің толық орнығуына дейінгі тарихтың қысқа хронологиясы мазмұндалады. Хан өзінің құдіретті бабалары орнатқан ұлы империя туралы ойлаған. Әйгілі Шыңғыс хан құрған империя Абылайдың түсіне «арыстан» болып енген. «Арыстанның» билік құрған уақыты Алтын Орданың құрылу және дәуірлеу кезеңіне сай келеді. Сонан кейін XIV ғасырдың 80 жылдарынан XV ғасырдың екінші жартысына дейінгі кезеңде ұлы империяның біртіндеп әлсіреп, жеке мемлекеттерге бөлініп кеткені белгілі. Солай болса да, бұл мемлекеттік құрылымдар жеткілікті күшті болып тұрды. Ханның түсіне олар «жолбарыс» болып енді. Ал «Қасқырдың» басқаруы қазақ хандығының пайда болып, тарих сахнасына шығуына сәйкес келеді. Ол XV ғасырдың екінші жартысынан 1730 жылға дейінгі аралықты қамтиды. «Қасқыр» деп отырғаны Керей мен Жәнібек хандар және олардың ізбасарлары. 1731–1856 жылдар аралығы «Түлкінің» – басқарған жылдары. Абылай ханның өзінің өмірі мен қызметі (хандық құрған жылдары 1771-1781) осы уақыттық рамкаға енеді.

«Түлкі» бейнесінде Абылай өзін көріп отыр. Нағызында да, оған екі алыптың – Терістіктің аюы мен Шығыстың аждаһасының арасында өз елінің еркіндігін қамтамасыз ете алмай, түлкібұлғалаққа салып өмір сүруге тура келді. Абылай қайтыс болғаннан кейін, небәрі 40 жыл өте салып, Орыс императоры Қазақ Ордасында хандарды бекітуді доғарды. Осылай, Абылай өңінде не туралы ойласа, түсінде соның символдық суретін көрген.

Абылайдың көргені көреген түс емес. Онда ешқандай аян жоқ. Түсінде ол тек өзінің хандығының кешегісін, қазіргісін және таяудағы келешегін көрген. Бұлардың бәрі – өзінің бас қатырып жүрген ойлары. Оны мазалаған, өңінде сана қалтарысында ұялаған хандығының жанкешті жағдайы түсінде, кәдімгі физиология заңдарына сәйкес, айнадағыдай «экрандалған». Ханның ұрпақтарының биліктен айырылып қалатынын көруі де ешқандай көрегендікке жатпайды. Өйткені, Абылайдың өзінің хандық құрып тұрған жылдардағы Қазақстанда қалыптасқан саяси ахуалдан туындатқанда, елдің таяуда тәуелсіздігінен толық айырылатынын сезу ешкімге қиындық тудырмасы белгілі.

Бұдан ары Абылайдың түсінің сюжеті бойынша хандық биліксіз, Ресейге бағынышты кезең басталады. Бұл – қазақ қоғамының орта және төменгі басқару органдарында «құрт-құмырсқа, бақа-шаянның» үстемдік құрған заманы. Бұл кезең 1856-1904 жылдарды қамтиды. Бұл – қазақ қоғамының депрессиясының табаны, құлдыраудың төменгі нүктесі, қазақ тарихының түнек басқан кезеңі. Бұл кезең абыз Абайдың өмір сүріп, қызмет еткен жылдарына сәйкес келеді. Абай қазақтарды басқарған «ұсақ жәндіктерді» «өңкей қиқым, кетірді елдің сыйқын» деп сипаттады.

Сонымен, үрейлі түстің әрекет мерзімі XX ғсырдың басына дейінгі кезеңмен, елдің Ресейдің қарауына толық өтуімен, жоғарғы биліктен айырылып, орта және төменгі деңгейдегі басқару буындарына патша әкімшілігіне жағынып орын алған шенеуніктердің келуімен тәмамдалады.  Қазақстанның ары қарайғы тағдыры туралы түс мәтінінде еш сөз де, сілтеме де жоқ. Қазақ халқының 1905 жылдан кейінгі тарихы түс сюжеті шеңберінен шығып кетеді. Сондықтан қазіргі тарихқа қатысты түс мәтінінен туындатып,  үрейге салынатын тұтам жоқ. Ол түсті еске алып, скептицизмге бой алдырудың қажеті жоқ.

Қанағат ЖҮКЕШЕВТІҢ "Билік метаморфозасы" мақаласынан

(жалғасы бар)

Фото: kokshetau.asia

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.