Жазушылар одағы енді өзгере ме?

Дерек көзі: www.azattyq.org - 16.03.2018176

12 наурыз күні Алматыда өткен Қазақстан жазушылар одағының ХV құрылтайы қазақтың  рухани өміріндегі мақтанатын  оқиғасы болмады. Руханияттан, әдебиеттен өзге үрдістер мен үдерістерге  бой берген, билік пен ақшаның айналасындағы жиынға айналып кетті.  Жиналған журналистер, әдеби ортадан тыс қауым өкілдері әлденеше рет жағасын ұстап, «қазақ руханиятының ордасы,  қаламгер ортаның ұстыны мен ұсқыны осы ма?» деген кездері де аз болған жоқ. Алайда шынайы тазару,  жаңғыру деген үрдістердің барлығы бірдей әдемі бола бермейтіні анық. Көне Грекияның қас батыры Гераклдың жетінші ерлігі саналатын 30 жыл бойы боққа батқан Авгий атқораларын тазалаған топан су да эстетикалық тұрғыдан керемет бола қоймаған шығар деген күдік бар. Мәселе біреу ғана: осы жиыннан кейін Жазушылар одағында жаңару,  тың өзгеріс бола ма, жоқ па? Болса – ұйым да, жұмыс та болады. Болмаса... Шынын айту керек, қоғамда Жазушылар одағы деген ұйым мүлдем керегі жоқ, бұл сталиндік жүйе ойлап тапқан, жазушыларды мемлекеттің, биліктің уысынан шығармау, цензура орнату үшін жасалған бірлестік деген пікірлер аз айтылып жатқан жоқ. Қарап отырсақ, мұның да негізі бар сияқты. Романды, поэманы жазатын Жазушылар одағы емес, нақты адамдар мен азаматтар. Жазушылар одағы болсын, билік болсын жазушыны қанша үгіттесе де, мәжбүрлесе де, жазушы жазбаймын деген дүниесін жаза алмайды. Ешкім ешкімнің аузына дайын сөз, әсіресе шынайы әдеби мәтінді, көркем әдеби шығарманы салып бере алмайды. Кейбір кездері өзім де осындай ойда болдым. Бірақ мынаны да ескеру қажет сияқты. Сындыру, құлату, жермен-жексен ету оңайдың оңайы. Ол үшін ештеңе істеудің де керегі жоқ. Тізімде бар 800 жазушы одаққа қолын бір сермеп, жұмысына араласпаса жеткілікті. Немесе бір рет жиналып, үш рет талақ деп айтса жетіп жатыр. Мәселе қиратуда емес, ішкі қажеттілікте. Менің бір ұққаным, Алматыға жиналған қазақ қаламгерлері Жазушылар одағы деген ұйымды сақтап қалғысы келетініне көзім жетті. Бір-бірімен айтысып, жаға жыртысқаны да осы себепті. Сырт көзге мұның барлығы да әдепсіздік, көргенсіздік болып көрінсе де, түсінген адамға мұның артында тірі инстинкттер мен тірі эмоциялар тұрғаны анық, Ең бастысы, ұйымды сақтауға деген құштарлық бар, рухани ортаны жаңартуға деген тірі талап тұр. Қазақ атаулының ырың-жырыңды, бет жұлысып, жаға жыртысқанды жек көретіні шын. Бірақ шындық кейде осы арқылы ғана келеді, әділет ісі кейде төбелесті де қалайтыны, керек ететіні анық. Дәл осындай тартыстар парламентімізде де болса екен деп тілеймін. Парламенттегі 100-ден асқан депутатымыздың ең болмаса 20-сы ұлт мүддесін қорғауда осындай табандылық танытып отырғанда біз баяғыда-ақ басқа қоғамда ғұмыр кешер едік. Болған дүние болды, айтылар сөздер айтылды. Жазушылар одағына келген жаңа басшыларды шын жүректен құттықтап, сәттілік тілей отырып, оларға көмек ретінде одақтың жұмысын тірілтіп, жан бітіруге бағытталған бірнеше ұсыныс айтқанды жөн санап отырмын.
  1. Оқырманды іздеу, оқырманмен табысу.
«Жазушылар одағы – қазақ руханиятының қарашаңырағы» дегенді жиі айтамыз. Кәдімгі штампқа айналған үйреншікті сөз тіркесі болып кетті. Қазақ әдебиетінің нарқасқа классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің соғыстан кейін Алматыға келіп, одақты сыртынан аңдып, ішке кіруге бата алмай жүргені туралы жүрекжарды әңгімелерін өз аузынан талай естіп едім. Бала кезімде Абылай хан даңғылындағы ғимаратты мен де солай құрметтейтінмін, қасынан өткенде ішімді қуаныш сезімі кернейтін. Уақыт өте бұл ғимараттың қадірі кете бастады. Кешегі құрылтайда Смағұл Елубай ағамыз «Жазушылар одағын Алматы қаласы қасиетті географиясының бір нысаны ету туралы» ұсыныс жасады. Менің ойымша, белгілі бір ғимаратты жарлықпен қасиетті қылу мүмкін емес. Ғимараттың қасиеті – ішіндегі адамдардың тірлігіне, ірілігіне қатысты. Кезінде, қазақ үшін ең қиын, ең күрделі жылдары еңбектенген жазушылардың ерен еңбегі мен мінезі, жазған дүниесі. Егер қазіргі жазушылар қазаққа ауадай қажет дүниелерді жаза бастаса, оқырманымен қайта табысса, ғимарат ешқандай жарлықсыз-ақ қасиетті орынға айнала алады. Қысқасы, одаққа келген жаңа басшылықтың қолға алатын бірінші шаруасы  –оқырманды іздеу. Кезіндегі Диогендей тапа-тал түсте шам жағып, адам іздеу. Жазушылар одағы, оның аймақтардағы бөлімшелері әдебиетшілердің кәсіби бірлестігі ғана емес, оқырмандардың да бас қосатын ортасына, ордасына айнала білуі шарт. Бір қызығы, кешегі құрылтайда «оқырман» деген сөз бір-ақ рет айтылды. Онда да президенттің құттықтау хатында. Оқырманы жоқ жазушы – жетімдердің ең сорлысы. Сорлы жазушы  қазақ руханиятының жасушасы бола алмайды, сөлкебайшыға, атаққұмарға, тендершіге, әкімжағалаушыға айналып кетеді. Әдебиетпен күн көруден гөрі әдебиетсіз күнкөріске көшіп кетеді. Ондай қаламгердің қазаққа берері шамалы. Олай болатын болса, жаңа басшылықтың қолға алар бір жұмысының бағыты – оқырмандар нарығын қалыптастыру, оның институционалдық негіздерін жасау. Мысалы, арнайы жұмыстанып, алдағы жылдарды  кітап жылы, кітапхана жылы, әдебиет жылы деп өткізу парыз. Биліктің, бизнестің мүмкіндіктерін пайдаланып, Қазақстанның кітапсүйер қауымдарын қалпына келтіру. Теледидарда, радиода, газет және сайт беттерінде кітап рубрикаларын ашу, қазақ кітабын насихаттау. Қазақ жазушылары аймақ-аймаққа шығып, қазақ әдебиетін қалай дамытамыз, оқырманға не қажет, қаймана қазақ жазушылардан не күтеді деген тақырыпта тың кездесулер, оқырмандық конференциялар өткізуді дәстүрге айналдырса игі іс болар еді. Оқырман нарығы жасақталса, кітапсүйер ұрпақ тәрбиелесек, жазушының өрісі кеңейеді, өзіне деген сенімі артады. Жыл сайын қазақ мектептерін орта есеппен 100 мыңнан астам бала аяқтап келеді деп есептесек, қазақ әдебиеті нарығының мүмкіндігі шексіз. Тек кітапты модаға айналдыру, кітап оқуды жақсы дәстүрге, мәдениеттілік эталонына айналдыра білсек жетіп жатыр.
  1. Жазушылар одағының реформасы.
Сөзсіз, бүгінгі Жазушылар одағы реформалануы тиіс. Бұл реформалар ішкі және сыртқы талқыны қажет етеді. Жазушылар одағы жұмысының келесі құрылтайға дейінгі жұмысының концепциясын жасау жазушылыққа қатысты барлық аудиторияның қатысуымен өтуі керек. Мысалы, баспагерлер, авторлық құқық жөніндегі заңгерлер, кітап дүкендері менеджерлері, оқырмандар бірлестіктері, жастардың зияткерлік клубтары, кітапханашылар, журналистер т.т. Осы топтармен кезек-кезек кездесулер, талқылар өтуі тиіс. Қысқасы, кітап пен әдебиет төңірегіндегі сапалы, мазмұндық әңгімелердің саны еселеп артқаны керек. Жазушылар одағының жарғысы – ұйымның ата заңы. Одақтың жарғысы кезектен тыс құрылтайда қайта қаралып, шын мәнінде демократияланып, жаңаруы тиіс. Одақтың жарғысына басшылардың екі мерзімнен артық отырмауы, басшылықтың жазушылар қауымы алдындағы жауапкершілігі, ашықтығы, тұрақты түрде есеп беруі толыққанды қамтылып, жазылуы тиіс. Сонымен қатар сайланбалы басшылықтан тыс институттар, «мәңгі төраға» деген сияқты архаикалық, қисынсыз, жабайы дүниелер мүлдем алынып тасталғаны абзал. Бүгінгі заманда ұйымның кеңестік қалыпта қалуы да мүмкін емес. Менің ойымша, Жазушылар одағы ұйым ретінде өсіп, өркендеп, оның құрылымы жаңа бірлестіктерді құру арқылы күрделене түсуі керек сияқты. Соның бір жолы – бір ұйым аясында арнайы, маманданған, кәсіби гильдиялар мен цехтардың құрылуы. Мысалы, аудармашылар гильдиясы аударма мәселесімен айналысып жүрген барша қаламгерді біріктіріп, жиналыстарын өткізіп, аударма мәселесі бойынша журнал шығарып, сайт жасағаны дұрыс. Аударма кәсібі, кәсіби шеберлік, тың жолдары, әр тілден қазақ тіліне аударудағы ерекшеліктер сияқты дүниелер мамандар арасында тың талқыланып, тәжірибе алмасу жұмысы жүргізілуі керек. Аударма ісінің аясында үздіктерді марапаттайтын премия жасақталып, жыл сайын табысталып отыруы тиіс. Қазақ тіліндегі дүниелерді шет тілдеріне аударғандарға, шет тілдерден қазақ тіліне жасалған үздік туындылар мен аудармашыларды, баспагерлерді марапаттайтын жүлде құрылса құба-құп болар еді. Немесе қазақта жоққа жуық жанрдың бірі – детектив. Осы күні өміріміздің барлығы дерлік детектив болып кетті. Екі күннің бірінде  шым-шытырық бір қылмыс ашылып жатады. Соңғы 30 жылдың ішінде қазақ қоғамын дүр сілкіндірген қаншама қылмыстар ашылды. Осының барлығының да құжаттық негіздері бар. Мәселе тек әдеби тәсілмен, өнермен жазып шығу. Егер детектив жазушылар гильдиясы құрылып жатса, оған басшылықты құқық қорғау органдары алып, аяғынан тік тұрғанға дейін қаржылай көмектесіп отырса да артық болмас еді. Бұл салада, мәселен, осы жанрдың майталман классигі Кемел Тоқаев атындағы премия құрып, осы жанрды меңгерген жазушы азаматтарға неге сый-сияпат көрсетпеске? Детектив оқу азаматтарды депрессиядан, негативизмнен құтқаратынын бүгін барша әлем ғалымдары дәлелдеп отыр. Қылмыстың міндетті түрде ашылып, жауыздардың құрықталуы оқырмандарға үміт сыйлап, олардың заңға деген құрметін арттырады екен. Осы сияқты драматургтер, поэзия, сыншылар гильдиялары құрылып, олардың әрқайсысының өзіндік алаңы, тоқсан сайын шығатын өз журналдары пайда болуы керек. Ең бастысы, әдеби ортаға кәсіби әңгімелер, кәсіби талқылар қайтып оралуы тиіс. Жазушылар бақ үшін емес, сөлкебай үшін емес, кәсіби жетістіктер үшін, кәсіби мойындалуы үшін, ең көп таралым, ең көп оқырмандар үшін таласуы керек. Шынайы бәсекелестік осы салада жүріп отырғаны абзал.
  1. Жазушылар – руханият жасушасы.
Қазақ жазушылары – қазақ қоғамының бір бөлігі. Соның айнасы да. Жазушылардың кеңес заманында қалыптасқан образы мен орны құрдымға кетті. Оны қайтадан қалпына келтіру мүмкін емес. Ескі бедел, ескі рөлдер бүгінгі одаққа азық та, қолдау да бола алмайды. Қоғам, ұлт алдындағы бедел жаңа тірлікпен, жаңа әдебиетпен, жаңа қоғамдық белсенділікпен келетін дүние. Егер жазушыларымыз ұлттың үні болғысы келсе, сол ұлттың сөзін сөйлеуге тиіс. Қоғамдық-саяси, экономикалық мәселелерге араласып, өз пікірін білдіріп отыруы парыз. Жазушылар міндетті түрде саясатқа араласып, партия құруы керек деген сөз емес. Қоғамдағы өткір мәселелерге қатысты пікірін ашық айтып, ашық талқыларға үн қосып жатса да аз емес. Ал егер жазушылар қоғамды алаңдатқан аса күрделі үдерістерді зерттеп, зерделеп, оларды әдеби туындылары арқылы суреттеп, әшкерелеп жатса, қанеки! Оқырман жоқ, қазақ кітап оқымайды дегеннің басым көпшілігі бос сөз. Жұрт оқитын кітаптар жазылып жатса, кітапханадан, дүкеннен ұрласа да, оқитын оқырмандар бар. Бүгінгі күні елде «рухани жаңғыру» деген үлкен үрдіс жүріп жатыр. Осыны жасайтын, жүргізетін жазушылар болуы керек еді. Өкінішке қарай, жазушыларымыз осы үдеріске толыққанды, дұрыс дәрежеде кірісе, кіріге алмай келеді. Кім не десе о десін, әлемді экономистер мен саясаткерлер билемейді. Әлемді билейтін – жазушылар, сөз бен тіл мамандары. Айналып келгенде, айналамыздың барлығы сан мен цифр ғана емес, сөз бен символ. Осының қадірін, парқын түсінген қоғамда жазушылар биліктің артынан жүгірмеуі тиіс, керісінше, билік пен қаржы жазушылар соңынан іздеп жүреді. Одақтың жаңа басшылығы алдағы уақытта рухани жаңғыру жобасына қатысты өзінің жеке-дара бағдарламасын жасақтап, барша үдерістерге белсенді атсалысуы міндет. Мысалы, қазақ жазушылары «Туған жер», «Қасиетті география» сияқты жобаларды басқарып, меңгеріп алуы керек. Қасиетті деп табылған әрбір мекеннің, әрбір тарихи не табиғи кешеннің барша әпсанасын жинастырып, оқылымды, тартымды кітап ету міндеті тұр. Мұның өзі кемінде 500-ден астам кітап деген сөз. Немесе аймақтардағы туризмді дамыту дейміз. Бұл да кітапты қажет ететін дүние емес пе? Кезінде, Америкадағы ұлы депрессия кезінде президент Рузвельт 100 жазушыны елдің 50 штатына бөліп-бөліп жіберіпті. Алдарына қойған мақсат жұмыссыздықтан құтқару еді. Соның арқасында әрбір штат бойынша керемет әдеби тілмен жазылған  кітаптар, туристік анықтамалықтар дүниеге келді. Осыны неге қолға алмасқа? Кемі 16 аймаққа баратын  32 жазушыға бір-екі жылдық жұмыс табылар еді. Тағы бір мәселе: қазақ әдебиеті де заманына сай өзгеріп отыруы тиіс. Социалистік реализмнің уақыты өтіп кетті. Жаңа әдеби канон келуі керек. «Қазақ әдебиеті керемет, ғажап, бізге постмодерн деген пәле келмеген» деп мақтанудың өзі артықшылық, әумесерлік. Бұл туралы да қызу дискуссиялар мен ұзақ мерзімді талқыларды ұйымдастыру керек-ақ. Қазақ әдебиеті – отарлық, постотарлық мемлекеттің әдебиеті. Сол себепті де тарих, өткен заман туралы дүниелерге басымдық көп беріліп жатады. Есесіне қоғамның бүгіні мен болашағы туралы толғаныстар аз. Ең жаманы – қазақ әдебиетінде болашақ образы деген атымен жоқ. Бір утопияның үстіне екінші бір утопияны қондырып, бір мифологияны екінші бір мифологиямен әрлеп жатамыз. Мұнымыз үлкен саяси және методологиялық қателік. Қазақ қоғамы заманауи дүниелерге зәру. Әлемдік тенденцияларға назар аударсақ, бүгін нон-фикшн заманы. Яғни ғылыми жаңалықтарды әдебилендіру, публицистендіру мәселесі тұр. Қазақ әдебиеті деген феноменнің өзі ағартудан басталған жоқ па еді? Олай болса халықты ағарту жұмысы, қазақ арасында заманауи ақпарат, ғылым-білім туралы ақпарат тарату қазақ әдебиетіне жан бітіртетін, жаңа леп беретін бірден-бір бағыт. Бізге қазақ қоғамының жаңа феноменологиясы керек. Әр заманда бабаларымыз қалай өмір сүрді, қалай тірлік етті, қалай көшіп-қонды, қалай қала салып, қалай тірлік жасады, қалай жақсы көріп, қалай бір-бірін жек көрді деген дүниелер керек. Осы арқылы қоғам өткенімен қоштасып, өткенді тарих еншісіне өткізіп жатады. Бізде, шынын айту керек, бірде-бір тарихи бетіміз жабылмаған қоғамбыз. Бір заманда көне бабаларымыздан бастап, кешегі сталиндік жендеттер арамызда жайғасып, малдасын құрып отырған қоғамда жүріп жатырмыз. Алысқа бармалық, кешегі тәуелсіздік алған жылдарымыз әдеби тұрғыдан зерттеліп, зерделенген жоқ. Совет заманында қалыптасқан штамптар мен пайымдарды әлі насихаттап келеміз. Байлық жаман, нарық жаман, бизнесмендер ұры деп келеміз. Жиырма жеті жылда жұрт еліктер, жастар елең етер кәсіпкер туралы бір роман жазылмады.  Ал шыншыл судья, мемлекетшіл прокурор, адал мемқызметкер деген дүниелер я ақымақтық, я анекдот дәрежесіне көшіп кеткен. Қиял-ғажайып, фантастика жанры...  Ал идеал образдар мен еліктер символдарды жасайтын жазушылар емес пе еді? Кино да, театр да, ән де, клип те, теледидар да жазушылардың соңынан ермей ме? Осымыз рас болса, онда  эстрадаға, киноға, театрға, теледидарға несіне ренжиміз? Осының барлығы да кәсіби талқыны қажет етеді емес пе? Тіпті қажет болса алғашқы кезеңде жоғарыда аталған бағыттарды жүргізу үшін паллиативті, уақытша қаржылық механизмдер ойлап табуға да болар. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы қазақ бизнесін әдеби туындылар арқылы насихаттау турасында неге еңбектене алмайды? Тағысын тағы... Осындай қиыннан қиыстырып, жаңа жолдарын табу бүгінгі одақтың міндеті болмақ. Ең жаманы – қазақ әдебиетінде болашақ образы деген атымен жоқ. Бір утопияның үстіне екінші бір утопияны қондырып, бір мифологияны екінші бір мифологиямен әрлеп жатамыз.

Айдос Сарым, саясаттанушы

арнайы «Жас Алаш» үшін

Фото:qazaqadebieti.kz

 

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.