Қазақты аграрлық сана меңдеген

Сайт Әкімшілігі - 04.07.20191044

Ұлттың оянбауы – формациялық

артта қалудың концентрлі көрінісі.

Тақырыптың уыты

Қазақ қоғамы келіп, тіреліп тұрған бұқаралық апатия құбылысының себептерін мен тарихи-объективті және субъективті деп, екіге жіктеп қарастыруды ұсынамын.

Тарихи-объективті себепке қазақ халқының дәстүрлі қоғамдық құрылыстан сытылып шыға алмауы, соның салдарынан, отарға түсуі, отарлықтан босағаннан кейін де аграрлық сана меңдеген бұқараның жаңа өмірге – индустриялы даму жағдайына бейімделе алмауы жатады. Бұл құбылысты қазақ халқының өркениеттердің даму үдерісінен тысқары қалуы немесе формациялық артта қалу деп атау ыңғайлы.

Субъективті себептер деп отырғанда айтарымыз дамудың қазіргі жағдайындағы билік пен оны қолдаушы зиялы қауымның әрекеті және олардың бұқаралық санаға әсері туралы болмақ.

Қазіргі сөз бірінші себеп жөнінде.

Өркениеттердің қазіргі таңдағы даму үдерісі астарында қарастырғанда қазақтың формациялық артта қалу құбылысы мұқият зерттеуді қажет ететін, іргелі мәселе болып табылады. Бұқараны маргиналдандыру үшін жасап жатқан биліктің әрекеттерінің мәні де алдымен формациялық артта қалу құбылысының сыры түсінікті болғанда ғана жеткілікті ашылады.

Қазақтың санасында ауыл – бейсаналық таптаурын сапасында орнығып қалған ұғым. Ауылдың артта қалуын айту қазақтың құлағына жақпайды. Сондықтан бұл мәселені көтеруге екінің бірінің жүрегі дауаламайды, анафемадан қорқады. 

Солай болса да, мен отандастарымды қазақ апатиясына тура қатысы бар осы тақырыпты терең зерттеп алмай, қазақ қоғамының даму перспективасын айқындап алу мүмкін болмайтынына сендіргім келеді. Мен бұқараның бұйығылығының тереңнен тартылған бастауының бірін оның ауылынан көріп отырмын. Қазақ қоғамының келешегі үшін пайдалы ой қорыту қажеттігі мені бұл тақырыпқа қайта оралуға мәжбүр етіп отыр. Бұрын жарияланған материалдардың арасынан кейбір абзацтарды пайдалануым да осы себептен екенін ескерте кеткім келеді.

Өз басым осы құбылыс туралы аз жазған жоқпын. Алғаш рет сонау 1984 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Қалаға неге қырын қараймыз?» деген мақаламда сөз еткен едім. Онда қазақ жазушыларының бір қатарының көркем шығармалар арқылы қазақ жастарын ауылда ұстап қалуға, қалаға жібермеуге үгіттеген идеясына қарсы пікір айтқан болатынмын. Коммунистік билік иелерінің әлеуметтік алалау саясатын іске асырушы факторға айналып алған жазушылардың көркемдік шеберлігін қазақты өркениеттен жырақтатып, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін күшке айналдыруға жұмсағанына қарсы шықтым. Сол тұрғым үшін аулпаттардан «сыбағамды» молынан алғаным бар. Қазір де сөз жоғары дамыған халықтармен салыстырғанда қазақтың формациялық артта қалуы және оның ұлттық менталитетіне ықпалы туралы болып отыр.

Қазақ қоғамы мемлекеттік тәуелсіздік алғанға дейін негізінен аграрлық қоғамда өмір сүріп жатты. Жаппай кенттену үдерісі тек ХХ ғасырдың 90 жылдарынан басталды. Қазір елдегі қазақтардың жартысы қалаға көшіп келді. Алайда бұл олардың индустриялы кезеңге өткен азаматтық қоғамның толыққанды мүшесі бола қалғандығын көрсете алмайды. Қазірге дейін қазақтар менталдық тұрғыдан алғанда шаруа халқы болып қалып отыр.

Шаруа демократизм, адам құқығы, жариялылық, ашықтық идеяларынан аулақ болады. Оның қоғамдық тарихи үдерісте жұмысы жоқ, оның заңдылықтарымен санаспайды, ұйымдасқан саяси күреске бармайды, әлеуметтік сілкіністермен ешкімнің назарын аудармайды, езгіге шыдай береді, белсенді әрекеттерімен үкіметке қауіп төндірмейді. Оның топтық әрекеті (егер ондайға бара қалса) ұйымсыз, бағдарламасыз, жергілікті бүлік деңгейінде ғана көрініс береді. Тарихта ешбір елде шаруалар көтерілістері жеңіске жетіп, қоғамда тәртіп орнатып көрген емес, жеңіске жетуі мүмкін де емес. Бұл  құбылыс шаруаның әлеуметтік жағдайларымен, менталитетімен шарттандырылып тасталған.

Шаруа ұлттық өзіндік сана деңгейі төмендігінен, бытыраңқылығынан ұлттық мүдделерді қорғайтын, ұйымдасқан саяси күш деңгейіне көтеріле  алмайды. Шаруа – ұлтты келбеттейтін, ұлттың негізін құрайтын тап емес. Шаруа мен ұлт – бірі бірімен кереғар ұғымдар. Шаруа – аграрлық қоғамда өмір сүретін тап, ұлт – өнеркісіпті қоғамда қалыптасатын адамдар қауымдастығы. Саяси сауатсыздық пен құқықтық нигилизм меңдеген, демократиялық мәдениет дегенмен ісі болмайтын шаруа өзінің ішкі рухани әлемімен ұлт өкілі тұрғысында көріне алмайды. Индустриялы қоғамға үрке қарайтын, ауылындағы күйбің тіршілігінен басқаны білмейтін шаруадан саяси-әлеуметтік күш екен деп ешбір билік қыңбайды.

Шаруа – дамудың демократияға дейінгі кезеңінде өмір сүретін тап. Индустриялы қоғам жағдайында саяси шаралар ұйымдастырғанда шаруаға есеп құруға да, сенуге де болмайды. Өздерінің табындық ойлауымен, бағынғыштығымен шаруа авторитарлық биліктің тірегі, қолайға жағатын электорат жасап шығаратын жанды материал рөлін ғана атқара алады. Өйткені, шаруаның прогресшіл мен кертартпаны ажыратар рухани қауқары жоқ.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: alashainasy.kz

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар