Дұрыс болған екен!

Дерек көзі: www.azattyq.org - 21.03.2018164

Өбек досымның айтқан  әңгімесі есіме түссе әлі күнге дейін күлкімді тежей алмай қалам. Кей-кездері жынданған адамдай өзіммен-өзім отырып дауыстап күліп жіберем. Өйтпегенде-ше? Бүкіл қимыл-қозғалысын келтіріп, жаны күйзеліп күйіне отырып айтқан машақаты мәңгі ұмытылмастай боп санамда жатталып қалыпты. Әңгімесі мынау еді. Әскерге кетуге аз күндер қалғанда көптен көңілім құлап ұнатып жүрген Бейсекүлмен кездесіп қыдыратын болып уағдаластық. Бірақ, ел сияқты кешке емес тапайдың тал түсінде. Әйтеуір бірден қарсылық білдірмеген соң  оған да «шүкір!» дегем. Оған деген сезімімді жеткізудің сан түрлі нұсқасын ойша даярлап, сол кездегі үйде тұратын «Шипр» одеколонын үсті-басыма аямай сеуіп, мұнтаздай боп үйден шықтым. Оңтүстіктің Келес ауданында күннің шақырайып күйіп тұрған шағы. Кеңкелес болған адам болмаса жан атаулы өз еркімен көшеге аттап шықпайтын аптапта алдына салып безектетіп қойған шіркін махаббаттың құдіреті-ай десеңші!  Бейсекүлдің үйінің тұсына жақындай бере келісілген әуенді сызылта ысқырып  едім одеалмен тұмшалап қойған терезеден Бейсекүлдің басы жылтың ете қалды да қолын бұлғады. Жүрегім аузыма тығылып ыржалаңдап мәз боп қалдым. Ол да күтіп отыр екен, көп күттірмей шықты. Жақсылыққа жорыдым әрине... Қыз шығуын шықты, енді қайда барамыз. Бұл сұраққа Бейсекүлдің жауабы да дайын екен: —Базарға барайық! —деп тақ ете қалды. Өзен жаққа емес, паркке емес базар жаққа қыдырған ғашықтарды кім көрген? Бұған дейін қызбен қыдырып тәжірибе жинақтап үлгірмеген едім: —Мейлі, —деп келісе кеттім. Қайда барсақ онда барайық әйтеуір бүгін көңілімде жүрген ынтызарлық сезімімді жеткізсем болғаны. Көлеңке-көлеңкені қорғалап  базарға жеттік. Ананы-мынаны айтқан боламыз. Әзірге жақындай алмадым. Дайындаған сөздерімнің бәрі быжырық-тыжырық болып үйлеспей-ақ қойды. Шынымен-ақ түк сезбей ме, жоқ әлде әдейі жасай ма махаббатқа түк қатысы жоқ қай-қайдағы бір әңгімелерді айтып Бейсекүлімнің аузы жабылар емес. Менің ойланып-толғанып анда-санда айтқан астарлы сөздеріме таңырқап, көзіме бажайлап қарап алады да өзінің әуеніне басады. Күннің ыстығынан емес осы жағдайдан-ақ базарға жеткенше су терге түстім. Базарға кіргеніміз сол еді,  Бейсекүл «Көже ішейікші!» —деді. Бір-бір кеседен тартып алдық. Көжеден әлденіп алған Бейсекүлім тың серпінмен ары қарай самбырлай жөнелді. Шынымды айтсам осының менің сезімімді ұға қойуынан күмәндана бастадым. Біраз жүрген соң ғашығымның қауын жегісі келді. Кішкентай әңгелектің біреуін алып соғып алдық. Енді бір кезде жүзім жегісі келсін. Сосын лимонад іштік. Мені базарға алып келгендегі мақсаты осы ма сонда?  Бұрын қалай байқамағам көрген нәрсесін жегісі келе беретін біреу болып шықты. Ең сорақысы ауылдан келген бір апайдың мақтауына елтіп кетіп бір-бір кеседен қымыз ішкенімізді қайтерсің. Енді жүгері жесек сорымыз қайнағалы тұр. Бейсекүл айналаға ашқарақтана қарайды. —Бейсекүл қайтайықшы, —дедім оның мына екпінінен секем алып. —Не болды, қыдыруды жаңа ғана бастадық қой? —Біртүрлі мазам болмай тұрғаны. Оның үстіне жолға дайындалу керек дегендей... Бейсекүл түсінбегендей жүзіме барлай қарады. Сосын: —Жарайды. Дегенің болсын, —деп қолымнан ұстады. Ішім жылып қалды. Ішім демекші... Ішім шынында да біртүрлі қыз-қыз қайнағандай болды. Көп өтпей-ақ ыңғайланып жатқан ішек-қарнымның құрылдаған үні шыға бастады. Байқаймын Бейсекүл де жүрісін үдетті. Үйіне зып етіп кіріп кетсе ыңғайсыз болады-ау, басы  жоқ, аяғы жоқ кездесу болды ғой мұнымыз,—деп пұшайман болыңқырап келе жатқанымда Бейсекүлдің үйінің тұсына да келдік. Қимағандай боп кішкене тұрдық. Кезегімен ішіміздің құрылдағаны болмаса ештеңе айтатын да жағдайымыз жоқ. Бейсекүл аяғын айқастырып алды. Бұлай ұзақ тұра беруіміз мүмкін емес еді. Кенет Бейсекүл   мүлде күтпеген ұсыныс жасап: —Үйге кіріп шығайықшы, —деп қиыла қарады. Ойым сан-саққа жүгіріп келген мен қалай келіскенімді де білмей қалдым. Шарбақ есікті ашып аулаға ене бергенде Бейсекүл: —Сен үйге кіре бер. Мен кәзір келем,— деді де асыға басып өзі үй айналып кетті.  Мен де басқа түскен мына жағдайдан қалай да абыроймен шығудың қамын ойлап үйге кірдім. Ішке кіргені құрысын бағанадан бері қыздың қасында ұятқа қалдырмайын деп тартынып келген   ішім, енді  еркін керіліп салды да бұрап қоя берді. Бір шарасын жасамасаң жарылам дегендей асқан долдықпен тырсылдатып әкетіп барады. Жанталасып амал іздедім. Бейсекүл келгенше үлгеру керек. Бір жақсысы үйдің іші тастай қараңғы екен. Терезенің бәрін көрпе, одеалдармен  жауып тастағаны мұндай жақсы болар ма. Мынадай аспан айналып жерге түскен күндері біз жақтың адамдары  осындай амалмен жан сақтайтын. Залдың орта тұсында есік жаққа жалтақтай қарап тұрып «нартәуекел» дедім де сіресіп тұрған артқы қақпаны сәл босатып іштегі желді жіберіп кеп қалдым. Жібергені құрысын, кептеліп тұрған пәле  мылтық атқандай қатты үнмен гүрс ете түсті. Тіпті ортасынан тоқтатам деген әрекетіме бағынбай түгел барқырап барып басылды. Абырой болғанда Бейсекүл жоқ. Ол байғұстың да жағдайы оңып тұрмаған болар-ау сірә... Е мейлі. Асықпай-ақ қойса екен!  Қыз келмей тұрып мына бәледен біржола құтылып алайын деп бөлменің бұрышына барып тағы  да жалғастырдым жағымсыз жұмысты. Бәле болғанда таусылар түрі жоқ, жиналып-ақ қалғанын қайтерсің? Одан екінші бұрышқа. Сосын үшінші бұрыш... Құдды бір бұрыш-бұрышқа барып үйді аластап жүрген сияқтымын. Жан-дәрмен жүріп байқамай қалсам керек. Сәл тыныстағалы тоқтасам бөлменің іші кеңсірік жарардай ащы иіске толып кетіпті. Ой-хой! Адам дем алғысыз. Құдды бір атқораға кіргендейсің. Енді қайттім!? Жалма-жан көйлегімді шеше салып шет-шетке желпіп қудым көк түтіндей көз ашытқан бәлені. Вертолёт ойнағандай көйлегімді басымнан асыра бұлғап бөлмені шыр-айнала жүгірдім. Атаңа ғана нәлеттің қауыны-ай! Әке ғанаңның аузын... көжесі-ай! Жүзім, қымыз...қысқасы   ішкен-жегенімізді күбірлеп шетінен сыбап жүрмін. Енді нағыз бақсыға айналдым білем... Бәрі бос әуре сияқты. Мына қимылдар енді жаңа қауіптің шетін шығара бастады. Тез көйлегімді киіп түймесін асыға түймелеп «Бүйткен қызы да, махаббаты құрысын!»—деп есікке беттей бергенімде Бейсекүл кіріп келді. Дәлізден ақырын өткен ол қараңғылыққа көзі үйренбей сәл кідірді де: —Өбек! —деді әлденеден сезіктенгендей үнмен. —Әу!—дедім барынша бейбіт әрі жайбарақат күтіп тұрған момақан жігіттің кейпімен. —Өлә, светті жақпайсың ба, не қып тұрсың қараңғыда? —деп сырт еткізіп шамды қосты. Үй жарқ ете қалды. Құдай ұрды деген осындай-ақ болар. Үйдің қақ ортасында  көзі ежірейіп, аузы-мұрнын қолымен басып Бейсекүлдің шаштары тікірейіп кеткен сіңлісі отыр. Ұйқыдан шошып оянған сыңайлы. Жаңа жүгіріп жүріп қалай басып кетпегеніме таңмын. Бойжетіп қалған байғұс қыз көзін ашқанда бөлмені шыр айнала көйлегін бұлғап, тарсылдатып мылтық атып, онымен қоймай аузы ақ ит пен көк итке толып, зікір салып жүрген бейтаныс жігітті көргенде тілсіз қалған екен ғой. Ойпырмай не деген батыр қыз десеңші!  Қайта жүрегі жарылып,  қайтыс боп кетпегеніне шүкір! Бейсекүл жүгіріп келіп таңдайын көтере бастағанда әлсіреп кеткендей болды. Ұялған тек тұрмастың кебімен мен де су әкеліп ұсынып жатырмын. Қыз маған әзірейіл көргендей ежірейе қарап, имене ұсынған суымды итеріп тастады. —Шо-шо-шошып қалған ғой... —дедім аузыма басқа сөз түспей. Енді бұл үйде кідіруді жағдай көтермейтін еді: —Қой, мен кетейін енді...—деп асығыс міңгірледім. Екеуі бастарын қатар шұлғып, бірден  рұқсат берді. Әйда!  Қақпадан шыға бере құйрығымды алақаныммен басып, үйді бетке алып бездім дейсің. Сол түрімді сырттан көрген адам болса мені Пелеге, немесе жеңіл атлетикадан шыққан тұңғыш қазақ чемпионы Әмин Тұяқовқа балаған болар еді. Сондай жағдаймен жаны қысылып жүгірсе кез-келген адам әлемдік рекорд жасауы да мүмкін екен-ау. Абырой болғанда алдымнан ешкім қарсы жолықпады. Ондайда үйің де алыстап кетеді екен ғой.  Жанұшыра жақындап қалғанда алдымнан  тілін салақтатып еркелеп шыққан «Шарик» деген итім, менің өрт сөндіргендей түрімді көріп, зәресі қалмай қыңсылап, көзі алақтап тұра қашты. Кәзір ойласам, сол кездегі түрімнен Шарик тұрмақ қандай батырыңның өзі тұра қашқандай екен.  Қойшы әйтеуір, дәретханаға кіріп апыл-ғұпыл шешініп, жалп етіп отыра қалғанда ғана сезіндім ғой бұл дүние-тіршіліктегі шын рахаттың не екенін. Бейсекүлің де, махаббатың да құрсын. Өзім де қара терге түсіп, қалжырап қалдым. Әскерде жүргеніме бес-алты  айдың жүзі болғанда ауылдан  келген хаттың бірінде інім  бар жаңалықты тізбектей келіп Бейсекүлдің көрші ауылдағы Әкімхан деген шопырға күйеуге шыққанын, сол үшін оған өздерінің ренжіп жүргендерін абайлап жеткізіпті. Алыста жүргенде жаны жараланып қалмасын дегені ғой. Шынымды айтайын, түк те ренжіген жоқпын. Рас айтам... Бір күн қыдырған жігітті сондай күйге салған ол күйеуін қай бір оңдырар дейсің? Дұрыс болған екен! —дедім ішімнен. Байғали Есенәлі,ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.