Семей шенеуніктері көшені де сатып жіберді

Сәтжан Қасымжанұлы - 05.07.20191951

Қала орталығындағы «Семей» автобекетінің алдымен өтетін Уәлиханов көшесінің бөлігі заңсыз сатылып кетіпті... Қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ осыған қатысты өршіген дауға нүкте қойғандай болды да, еңбек демалысына шығып кетті. Қала басшысы Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында жеңіске жеткендей болғанымен, күмәнді сұрақтар жұмбақ күйі қала берді.  

Қызығы сол, көше бөлігінің сатылуында қателіктер жіберілгенін қалалық әкімдіктің өзі мойындап отыр. Бірақ, оған қала басшылығы қалай жол бергенін атқамінерлердің ешқайсы да ашып айта алмай іштен тынған жайы бар. Семей қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Құдайберген СЕЙІЛХАНОВ осы мәселені көтерген БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында оған жер комиссиясының құрамына енген мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері кінәлі екенін айтып, ақталғандай болды. Бөлім басшысының әкімдікті ақтап, сот арқылы заңсыз сатылған көше бөлігін мемлекет меншігіне қайтарып алғандарын мәлімдеген сөзіне сүйенсек, оған жергілікті атқарушы биліктен «ешкім де кінәлі емес» көрінеді.


Алайда, кейіннен Семей қалалық жер қатынастары бөлімінің осы «сатылған көше мәселесіне» қатысты БАҚ-тарға арнайы таратқан ақпаратындағы мына бір үзіндіге зер салайық:

«2013 жылы 0.6103 га жер телімі бар автовокзал ғимараты (Уәлиханов көшесі, 167) Семей қалалық қаржы бөлімінің бұйрығымен «Семей қаласындағы Жолаушылар тасымалы» ЖШС теңгерімінен «Семей-Автовокзал» ЖШС балансына ауыстырылды. Жарғылық капиталдағы серіктестіктің 100% мемлекеттік үлесі бар. 2015 жылы ЖШС өтініші бойынша тұрақты жер пайдалану құқығы 5 жыл мерзімге, яғни, 2020 жылдың 14 маусымына дейін, әкімдіктің 2015 жылғы 15 маусымда қабылданған шешіміне сәйкес жалға берілді. 2018 жылы өткізілген аукционда ЖШС-нің 100% акциясы сатылды. 2018 жылғы 14 мамырдағы сату шартының негізінде «Семей-автовокзал» ЖШС-дегі мемлекеттік үлес жеке тұлғаға сатылды. Қатысу үлесін сату бағасы 310 000 000 (үш жүз он миллион) теңгені құрады.

Бұл жағдайда келісімшарттың алғышарты - объектінің профилін үнемі сақтау. Бұдан басқа, «Семей-Автовокзал» ЖШС-нің жаңа басшылығы қалалық әкімдікке автобекет учаскесін жеке меншікке сатып алу үшін қолданылады. Мәселен, 2018 жылдың маусым айында «Семей Автовокзал» ЖШС-нің өтінімін қараған жер комиссиясы жер телімін жеке меншікке сату жөнінде оң шешім қабылдады. Жер комиссиясының шешімі бойынша қала әкімдігі жер телімін жеке меншікке сатып алу туралы қаулы шығарып, кадастрлық құны 14 622 788 теңгені құрады. Жер қатынастары бөлімі мен ЖШС арасында жер учаскелерін сату туралы шарт жасалды».

Қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Дамир РАХЫМЖАНОВТЫҢ атынан жолданған осынау мәлімдемесінің өзі біріне-бірі қайшы келіп тұрғанын өзі түсінер ме екен?! «Семей» автобекеті алдындағы көше бөлігін сату мәлімдемеде көрсетілгеніндей, «жер телімін жекеменшікке сату жөнінде оң шешім қабылдаған» болса, сол шешімге сәйкес әкімдік «жер телімін жекеменшікке сатып алу туралы қаулы шығарған» болса, оның соңы қалайша дауға ұласып, ақыры экономикалық сотқа жүгінулеріне тура келіп отыр? Жер қатынастары бөлімі мен «Семей-Автовокзал» ЖШС арасында жер учаскелерін сату туралы шарттың өзі осы салаға қатысты қандай заңды басшылыққа ала отырып жасалды екен?.. Енді, арада бір жылдай уақыт өткенде аяқ астынан шу шығып, қала билігінің бұл сату-сатып алуға құрамына депутаттар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері енген жер комиссиясын кінәлап, өздерін «судан таза, сүттен ақ» етіп шыға келгендері қалай?!

Аталған бөлім тарапынан келген ақпаратың соңындағы түйінде қала әкімі Ермак Сәлімовтің үстіміздегі жылдың сәуір айында ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына Семей қалалық жер қатынастары бөлімі мен «Семей-Автовокзал» ЖШС арасындағы жоғарыда аталған жер учаскесін сатып алу-сату туралы келісімді жарамсыз деп тану туралы талап арыз бергені айтылған. Әкімнің талап арызын қанағаттандырған ШҚО экономикалық соты 2019 жылдың 14 маусымында автобекет алдындағы көше учаскесін сату туралы шартты жарамсыз деп тану туралы шешім шығарған. Алайда, бұл сот шешімі әзірге әлі күшіне енбеген екен.

Сонымен көше бөлігінің сату-сатып алу келісім-шарты заңсыз деп танылып, мемлекет меншігіне қайтарылады делік. Бірақ, оның өзі қаланың Бас жоспарына сәйкес, ешқандай да көше бөлігі сатылмауы тиістігі назарға алынбағанда, бұл мәселе жабулы қазан жабулы күйі қала берер ме еді, кім білсін?..

«Мен дәл осы істе коррупция белгілері бар деп нақты айта аламын»

Осы орайда, байырғы құрылысшы, осы саланың ардагері, қалалық қоғамдық кеңестің белсендісі Николай ИСАЕВТЫҢ автобекет алдымен өтетін Уәлиханов көшесінің заңсыз сатылғанын бірінші болып көтеріп, билік пен халықтың назарын аударғанын атап өткен жөн болар.

- Мен әкімдіктің көше бөлігін саудаға шығарған жер комиссиясының шешімін заңсыз деп тану туралы шағымы қаралған бұл сот процесіне қатыстым. Алдымен, айтайын, мен мұны өткен жылдың соңынан бастап батыл көтере бастаған болатынмын. 14 млн теңгеден астам қаржыға 0.6103 га жер телімі бар автовокзал алдындағы көше бөлігінің су тегінге сатылуы ақылға сыймайтын жағдай. Мына парадокс жағдайды қараңыз: қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Сейілханов жауапкер ретінде сот процесі кезінде қателік жіберілгенін өзі мойындады. Ал, артынша телеарнаға берген сұхбатында бұл жағдайға жер комиссиясының құрамына енген қоғамдық ұйым өкілдері, кәсіпкерлер, депутаттар кінәлі екенін айтып шыға келді. Егер жер қатынастары бөлімі қатыспаса, өздері бастап бермесе, жер комиссиясы өздігімен шешім қабылдап, көше бөлігін сатып жібермейді ғой. Ондайға мүлде құқы жоқ. Тағы бір айтатын жайт, «Семей Автовокзалының» қазіргі иесі кәсіпкер ретінде сатып алды делік. Бірақ, ол – бұрынғы белгілі шенеунік, басшылық қызмет атқарған адам. Ол көше бөлігін сатып алуға ұмтылу заңсыз екенін өте жақсы білді. Сөйте тұра, шенеуніктерді өз ықпалына көндірді. Ал, осыған себепкер болған қалалық жер қатынастары бөлімі тікелей Семей әкімдігіне бағынатыны бәрімізге белгілі. Сонда бұл іске нақты кімдер жол бергені көрініп тұр емес пе?! Мен өз басым дәл осы істен коррупция белгілері бар деп нақты айта аламын. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Семейге әкімнің есеп беру жиынына қатысуға келгенде де айтқанмын «автовкзал мәселесін». Өткен жылдың соңынан «жоғары жаққа» бірнеше рет хат жолдап, басылым беттерінде үздіксіз жариялауымның нәтижесінде көше бөлігінің заңсыз сатылғанын әкімдік мойындауға мәжбүр болды, - дейді Николай Исаев.

Жұрт іргесін жағалап базарға қарай күнделікті өтетін көше бөлігінің қоршауға алынуының өзі ортақ пайдалану талабына қайшы келетіні де сан мәрте айтылған. Бірақ, қала билігі оны жекеменшікке өткен автобекет басшылығынан талап етуге дәрменсіз күйде қалып отыр. Мұны елеусіз қалдырған күннің өзінде қала басшысының қолынсыз ешқандай құжат күшіне енбейтінін бестегі бала да біледі. Яғни, әкімдікке бағынышты жер қатынастары бөлімінің қатысуымен көше бөлігі о баста сатылып жатқанда әкімнің одан бейхабар қалып, біраз уақыт өткенде экономикалық сотқа талап арыз түсіре қалуы ақылға қонбайтын жайт. Және бұл мәселеге байланысты жазбаша ақпараттың неліктен бөлім басшысының орынбасары Д.Рахымжановтың атынан таратылып, қала әкімі Е.Сәлімов пен бөлім басшысы Қ.Сейілхановтың тасада қалғаны түсініксіз.

Фотоларды автордікі

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар