Арбакеш жыры

Сайт Әкімшілігі - 05.07.20191187

Ақшам

Алматы. 

Ай туар шақ,

Нөпір алаң,

Күзгі бір күндей болып тоқыраған –  

Ұшымен таяғының жер сызғылап,

Оңаша бір мүйісте отыр Анам.

 

Ешкім де шақырмайды топқа мұны,

(Жаңаға ескі өмірдің жоқ қадірі)

Таяқтың имек басын шарт ұстаған

Қолының білеу-білеу көк тамыры.

 

Ағады тым салқындау ондағы қан...

Шалдыққан  жолаушыдай жол қамынан –  

Күдік көп көңілінде...

Күдік деген

Жымынан тап беретін ол – Қабылан.

 

Ақшамдай алабұртқан өң-реті,

(алаулап келмейді ғой өмір екі)

Тағы да жүрегін бір солқ еткізді,

Қабылан құйрығымен соғып өтіп...

 

Бақ солып бара жатыр кеш бүрлеген,

(тек Аспан жаңармаған, ескірмеген)

Сұрапыл бір аңсаудың тұрғаны анық,

Көзінде жанар оты өшкіндеген.

 

Алматы - қызыл-жасыл жалын іші,

Сан тағдыр жүр сенделіп сабылысып.

Алатау паң қарайды көкті сүзе,

Не қылсын ол адамдар сағынышын.

 

Келген жан бұл өлкеге өмір айдап,

Қояды аяғансып мені бейбақ.

Орнынан тұра бере,

Сайсүйегі

Сықырлап ән сап кетті "Елім-айлап..."

 

  Жұмақ туралы әңгіме

Баяғыша жүрек жүдеп, іш қайнап,

Жүрмейміз бе сұм өмірге тіс қайрап?!

Жатамыз ба жасыл xауыз ішінде,

Таңғы ұйқымнан оята ма құс сайрап?!

 

Түн қарақшы әкетпей ме күнді ұрлап,

Сұлулардың сырғасында сырлы ырғақ?!

Шөлім қанбай жүрген жан ем, іргемнен

Бұлақ ағып жата ма екен сыңғырлап..?

 

Оһо Жұмақ, солай ма екен!?

Талпынам,

Сенде дейме күнасыз қыз,

Мәрт ұлан?!

Шарап құйып бере ме екен бір сұлу,

Кеудесінен жүзім исі аңқыған?!

 

Берсе нені мына Жалған, көп алдым,

Үміт қашты, арман өлді, жоғалды...

Зарғу да, інкарлық та жоқ па онда,

(туған жерді сағынбайтын болармын)

 

Өмірге ерке, өңіріңе өгей ем,

Бір де толып,

Бір де арнамнан кемейем.

Жығасы бар - жасыл құстың қанаты,

Жұмақ жақта сен барсың ба, ей Өлең?!

 

Аспан көзі - қара нөсер,

Селдесе,

Сені аңсаймын тақуа бір пендеше.

...Жұмақ жайы шын болған-ау, шамасы,

Әмірxан дос қайта айналып келмесе...

   

Тақуа доспен әңгіме

"Өмір - сынақ, - дейді ол - бұл азапты ұқ!

Жұмақ барсаң аласың кіл азаттық..."

Жыбырлатып бозарған еріндерін,

Сосын мүлгіп отырар мінажат қып.

 

Жаз да солай, тамылжыр құстың үні,

Қыс та солай, ысқырған үскірігі –

Қансыз, сөлсіз ағарған жадау жүзі,

Қай ғаламның мойнына түсті мұңы..?

 

"Көп тарты ма ел зарын,

Дос күйігін,

Неге сонша түседі босқа иіні?"-

деп ойлаумен мен жатам бір бұрышта,

Бірге санап жылан көз тәсбиығын...

 

Қол созбаған тірлікке ынтығы артып,

Түсінбестен досымның ғұрпына түк,

Мен жатамын сұлулар елесімен,

Темекімнің түтінін бұрқыратып...

 

Өшкен күн мен мүжілген тұғылды Айды

және мені зауалға ырымдайды -

"Фәни деген өткінші, бәрі жалған..."

(естілер һәм естілмес сыбырлайды)

 

Басымды изеп қоямын келісіммен,

(Басым шарап кесесі көп ішілген!)

"Баxиың да өткінші болар"- деймін,

Екілене айқайлап мен ішімнен...

 

Туар талай толықсып Ай төбеден,

Күн күлер,

барқыттанар байтақ әлем.

Бұл Жалған жайнап-гүлдеп тұрар болса,

Ақынмын,

Мен өмірге қайта келем!


 Шапағатшы

...Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі,

(шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!)

Бес Періште – жасыл қанат бес Сәби,

Көкке ұшып кете барды түн іші.

 

Үркер қайда -

Төбеде ме?

Батыста?

Не жорамал – бүк түсіп бұл жатысқа?!

Кете барды бес Періште – бес Сәби,

Қала алмады жалын қамап,

От ұстап.

 

Жыла, жүрек,

Жүде, көңіл, оязып,

Берер ме екен Күн емшегін,

Ай азық?

Ұстап қала алмады ғой арқаның

Ақ шалмалы аязы.

 

Енді оралмас,

Мекен болмас кір ғалам –

Мың бояулы дүниесін бұлдаған.

Еске салып егілтеді біздерді,

Күл орнына өскен райxан гүл ғана.

 

Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,

Еліктірмес "Үйшік-үйшік" ойыны.

Терезеден жаутаң қағып жанарлар,

Тас қаладан іздемейді мейірім...

 

Азам – ауыр,

Қайғым – қалың,

Ой –терең,

Бірақ бізді түсінбейсің, Бәйтерек...

Бұтағыңа қонақтайтын балапан,

Аспанға ауып кете барса қайтер ең?!

 

Жұмақ кірер -

Сарай,

Хауыз,

Кіл шағыи,

Ертегілер әлеміндей тұмса күй.

...алақанын жайып маған талпынып,

Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби.

 

Мен де мұңды –

Туған өлкем жырақта,

Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта.

Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап,

Жуындырам көзден аққан бұлаққа...

 

Бес Періште тәмамдалмас сапары,

Шырақ жағып жүрер түнге от алып.

...Шапағатшы болсын саған Сәбилер,

Менің сорлы,

Менің ұлы Отаным!

  

Ұлы сағыныш

Айдын аңсап ақбұлақтың шапқылауы түк те емес,

Жанар таудың көкке жалын атқылауы түк те емес;

Көктем іздеп қайтқан қүстың сұңқылы да түк те емес,

Дән масағы күн көзіне ұмтылуы да түк те емес;

Жұлдыз жанып, күн өртеніп, ай солғаны түк те емес,

Өзен тасып, өлі теңіз шайқалғаны түк те емес;

Мәжүнүніңдегі Лайлі қыздың азабы да түк те емес,

Шираздағы Хафизіңнің ғазалы да түк те емес;

Тақуаның Тәңірісіне жалбаруы түк те емес,

Және бейіс шарабына арбалуы түк те емес;

Тұтқынның да соңғы сәтін санағаны түк те емес,

Дар арқаны мойынынан жұлқа тартқан кезінде,

Мұңды аспанға алара бір қарағаны түк те емес;

Үнсіздік те,

Аһ ұру да,

Өксігің де, түк те емес,

Оның ұлы салмағына шыдам бермес тіптен Ес!

Түк те емес-ау,

Түк те емес-ау,

Түк те емес-ау расында,

Туған жерге деген менің сағынышым қасында...

 

Елу жыл алдында

...Сонымен,

Елу жыл алдында өліп ем,

Өмір деп аталар қорымға көмілгем,

Не жаздым мен саған, о, Тәңір?!

 

...Тірі едім,

Жап-жасыл құс еді жүрегім,

Хор қызын қолтыққа ап бақтарда түнедім.

 

...Ғайбат та,

Жоқ еді қасірет... Ой батпан.

Тек жұмақ сарайы құстарын сайратқан.

 

Даңық та,

Болмаған патша да, ғаріп та,

Бейкүнә жанымыз жүретін қалықтап...

 

Бәрі әділ,

Мейірбан періште - қарауыл;

Тәңірдің кесігі қақ жарар қара қыл..!

 

Жаратқан

Сый еткен киелі шараптан,

Мастанған шайырлар жұпар жыр таратқан.

 

Болатын

Жұмақта жын шалық көп ақын;

Ал, Құдай бәрін де кешіре салатын...

 

...Сонымен

Елу жыл алдында өліп ем,

Өмір деп аталар қорымға көмілгем.

 

Бұл қорым - 

Тамұқтың өзі екен білгенім.

Бақастық,

Ғадауат,

Көз жасы - күндерім.

 

Күнам не?

Қалайша төземін бұған мен!?

Шын өмір осы ма?

Қанша жыл тұрам мен?!

 

Қарашы,

Ғаламның жаңылмас Панасы!

...Бір нәрсе алмасып кеткен ау, шамасы...

 

 Арбакеш жыры

Жем іздеп құстай жеткемін сонау ауылдан,

Ауыл ма?!

Ауыл жазылмас дертпен ауырған.

Қан базар мынау –  

маңдайда терім тамшылап,

Арса-арса болған қабырғам.

Жол бер маған,

Жол беріңдер!

 

Жаутаң да-жаутаң көзінен Ана сел ақса,

Әкенің белі иіліп қалған садақша.

Қайтер ең, қалқам, құлын мүшелі қарындас,

Қызылды-жасыл ақшамға сіңіп баратса...

Жол бер маған,

Жол беріңдер!

 

Шиқылдақ арба...

Тарта алмас атан күман бар,

Болашақ деген – жоғалған бота тұманда.

Көшенің бойы күлімдеп тұрған көсемнің

Суреті һәм аспани асқақ ұрандар.

Жол бер маған,

Жол беріңдер!

 

Құмығып біткен, жақсы өмір, сенің дауысың,

Ұмыттың бізді,

(тастадың ішіп тауысып)

Сіздегі күрес – күлі ұшқан көкке уәделер,

Біздегі күрес – бір үзім ғана нан үшін.

Жол бер маған,

Жол беріңдер!

 

Жалындап жанып,

Аязы қарып сөнеміз,

Уа, отан, сенің шапxатыңды қашан көреміз?

Жаралған сенен бостан боп туған ұл едік,

Құл болып жүрміз неге біз?!

Жол бер маған,

Жол беріңдер!

 

Уа, Отан, сенің біздей ме шашың ақ күміс?

Жолың да сенің біздей ме тайғақ, көп бұрыс?

Біздей боп сен де талықсып қүлап әр түні,

Таң алды ылғи көретін бе едің тәтті түс?!

Жол бер маған, 

Жол беріңдер!

 

Таң атар тағы жұлдызын көктің сиретіп,

Кеш батар тағы көлеңке басын билетіп.

Қайырымсыз қала...

Уа, Отан сенің қайғыңды

Келе жатырмын сүйретіп.

Жол бер маған,

Жол беріңдер!

 

Екеу

Соңғы рет қағылды,

Соңғы рет ашылды,

Соңғы рет жабылды

Бұл есік.

Көлеңке емес-ті,

Адам да емес-ті,

Ойлармен көмескі

Кіретін ілесіп.

 

Сарғалдақ бар тағы –  

қолында,

Басында –  

Қалпағы,

Тым жадау пішінде.

Сондайлық жақынбыз,

Сондайлық алыспыз,

Үн-түнсіз отырмыз

Тар бөлме ішінде.

 

Кісідей есірік,

Қарайды тесіліп,

Сөйлейді тосылып

Ол маған:

"Қайдасың, топырақ,

Қайдасың, топырақ,

Қайдасың, топырақ,

Жанымды жалғаған?!"

 

Түтіні шылымның,

Ашуы шараптың...

Мен соны ұғындым - 

Бұлыңғыр.

Терезе сыртында,

Бұрымы бұрқырап,

Бар ғалам ырқында

Есалаң іңір жүр.

 

Толтырам көзесін,

Ішеді ол кезеніп:

Бәрін де сезесің

Мұңданып.

Менің де көзімде,

Оның да көзінде,

Тым ауыр сезім бе,

Тұрған не ырғалып?!

 

...Кеудеме қүлады,

Тапқандай сыңарын,

Өксіді, жылады

Кектеніп.

Сол Бейбақ және Мен...

О, күллі кең әлем!

Сен бізге не дер ең?

...Ол бірақ кетті өліп.

 

Адам

Ол алғаш дүние есігін ашқанда,

Терезе сыртында сығалап күн тұрды.

Анасы еміреніп бауырына басқанда,

Ырысты төсіне ұмтылды.

 

Тұп-тұнық бір сәуле жанарда дірілдеп,

Тәңірден тап-таза мейірім сұрайды.

"Періштем..!"- дейді Ана ішінен күбірлеп,

"Періште!"-дейді жұрт былайғы.

 

Шақырды ұйқыға омырау жұпары,

Езуден барады ең ұлы сүт ағып.

Шалықтап күледі... қабағын шытады –

Басталды өмірдің кітабы!

 

Ержетті...

Қызылды-жасылды ғасырдың

Күйлеген... билеген дүрмегін мият қып.

Бүрледі... толысты... төгілді... шашылды,

Ғажайып маусымдар сияқты.

 

Шықтық Біз оны ертіп сан соқпақ сапарға,

Арбадық... алдадық... алдандық... аһ ұрдық;

Кінасіз ақ-адал қолдарын (о, тоба!)

Көл-көсір күнаға батырдық.

 

Ындыны оянды, қарады шалқайып,

Қалпына ғаламның кеткендей кектеніп.

"Мықты адам болды!"-деп, шаттандық марқайып,

(білмедік – Сәбилік кетті өліп...)

 

Қартайды...

Аптыққан араны аш өмірді,

Уақыттың азуы ақжем ғып шайнаған.

Жетті ажал бір күні сұп-суық ерінді,

Қап-қара шарқатын байлаған.

 

Табытта жатты тән жалауы жығылған,

("Жақсы адам болған..."-деп, тереңге көмеміз)

Періште... Ібіліс –  осынау ғұмырға

Кінәлі Адам ба?

...және Біз?!

  

Тағы да Хафизге

Мен де сендей аңғал-саңғал өтермін,

Көкірегімде көктеп жатқан көк орман - 

Әр бұтағын құсқа мекен етермін.

 

Мен де сендей үмітсізбін, нараумын,

Патша тәжі, xанның алтын тағынан

Мәйxананы мәртебелі санармын.

 

Мен де сендей шайырға ұқсап ежелгі –  

Тәңір – Күнге ұлы мадақ айтамын,

Ай нұрында мөлтілдетіп көземді.

 

Жаным менің жамау-жамау, сан құрау,

Мен де сендей асқақ болғым келген-ді,

Ал, сен менен бақыттырақ болдың-ау –  

 

Ерам бағы - желкілдеген желегі,

Әр мүйісі жатқа оқитын жырыңды

Сенің туған Ширазың бар – себебі!

 

Мен де сендей...

Алматым бар, ол рас

Көкке қарап көтереді тұмсығын,

Делдал тірлік шуылына жаны мас.

 

Тағы... тағы Алатауым бар менің,

Қардай аппақ болғанымен сақалы,

"Ұлым!"- деуге жетпей қалған дәрмені...

 

Сағым жортқан сақарамды сағынам,

Мен де сендей шайыр болар едім-ау,

Тіптен Ақсақ Темірім жоқ, не қылам...

 

 

Иесіз

Алматы баяғы қалпында...

Әйнекті қағады тамшылар бір-бірлеп,

Таңданам таң алды "япырай, бүл кім ?!"-деп,

Сүлдерін сүйретіп келеді бір адам,

Жол бойы қара ағаш тұр бүрлеп.

 

О, қала, ұйқысыз – сәтке де қалғымас,

Сұп-суық қойныңды жып-жылы жаңбырға аш!

Тас еден көшенің  кеудесін таспалап,

Бауырлап ұшады қарлығаш.

 

Есерлеу жел тұрды - жеңілтек қылығы,

Тарқата бастады бұлттардың бұрымын.

...Отырды орындыққа, дірілдеп саусағы

Әзерге тұтатты шылымын.

 

Көз алды - тәкаппар сарайлар кіл абат,

Асқақтай қарайды кес-кестеп тұра қап.

Мап-майда жаңбырдың мөп-мөлдір моншағы

Ағады әжімін қуалап.

 

Аспанның шырағын бұлт көмді - көкте өлді,

Ғаламның жүзінде қаралы көп белгі.

Қисапсыз ақ қарлы ақпанның түнінде ол

Аңсаған осынау көктемді.

 

Барады жұрт шұбап тірлігін түгендеп,

Ал оның дерті ауыр, береді кім емдеп?!

Жанарда бүлк ете түседі бір елең,

Ертіп ап кетердей біреу кеп.

 

Мен оны танимын,

Мен оны білемін –

Сәуірді сүйеді жұпар төс, гүл ерін.

Сонау-у бір терезе ішінде мен бармын –

Бар оның жылаған жүрегі...


                    Мұрат ШАЙМАРАН

Мақала авторы:

Сайт Әкімшілігі

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар