Ахмет, Мағжандарды жазушы деуге аузымыз барған жоқ

Бағашар Тұрсынбайұлы - 06.07.20193126

Әуезов музей-үйінде айына екі рет Рахманқұл Бердібаев негізін қалаған Халық университетінің дәрістері өтіп тұрады. Бұл дәрісті қайта қолға алған – Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, оның басшысы Кенжехан Матыжанов. Бұл жолғы дәрісті академик Серік Қирабаев оқыды. Біз де жасы тоқсаннан асқан ақсақалдың әңгімесін тыңдап, жазып алған едік. Сондағы дәрістің бір парасын назарларыңызға ұсынамыз.

Серік Қирабаевқа сұрақ қойып, модератор болған – филология ғылымының докторы Кенжехан Матыжанов.

Құрметті әріптестер, біздің Халық университетінің кезекті дәрісіне баршамыздың ұстазымыз, қазақ әдебиетінің қазіргі абыз ақсақалы Серағаңды шақырып отырмыз. Бүгінгі дәрістің тақырыбы «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті. Алыптар тобы» деп аталады. Сераға, сіздің жазған естеліктеріңіздің бәрін оқып жатырмыз. Ішінде небір қызық әңгімелер бар. ХХ ғасырдың ортасында әдебиетке келіп, соның бел ортасында жүрдіңіз. Өткен ғасыр әдебиетіміз бен мәдениетімізге  ерекше жаңалықтарымен, үлкен қоғамдық-саяси оқиғаларымен келді. Соның жартысын өз көзіңізбен көрдіңіз. Алыптар тобының әрі шәкірті, әрі қатарласы болдыңыз. Әуезовті көзіңізбен көрдіңіз, Мүсіреповпен әріптес болдыңыз. Қазақ әдеби сынының қабырғасын қаладыңыз. Сіздің осы жасыңызда сол өнегелі әңгімеңізді тыңдайық деп шақырдық. Сөз өзіңізде.

– Кешіріңіздер, мен жастың салмағынан гөрі аурудың салмағын көбірек тартып жүрген адаммын. Бір жерде бір сағаттан артық отыра алмай қаламын. Сондайда үзіліс жасау деген өте қиын. Бірақ соған қарамастан келдім. Өйткені менің құрбы-құрдастарымның ішінде қазір тірі жүрген бірде-бірі жоқ. Солар туралы әңгіме болған жерден шамам келгенше қалған емеспін. Кезінде өзімнің «мүмкін, Құдай мені құрбы-құрдастарымның әңгімесін айтсын деп қалдырған болар» деп айтқаным бар еді. Осы оймен алдарыңызға келіп қалдым. Егер шаршаңқырып, бес-он минут желпініп алатындай жағдай болса, рұқсат етерсіздер.

Алыптар деген термин бізде кейіннен шықты. Егер де бүгін қарап отырсаңыз, біздің таланттарымыздың ішінде алыптар толып жатыр. Шөже ақын Құнанбай мен Алышбай қатынасып отырған бір жиында ащы сын айтып, басына қамшы үйірілгенде:

«Апырай, бұл немене тарсылдаған,

Қаншық емес, төбет қой арсылдаған.

Тепкілей бер, сабай бер, өлтірмессің,

Ашуыңды бас бірақ қалшылдаған.

Бел баласы Бошанның Алшынбай таз,

Жаз, шілдеде ұшады ит ала қаз.

Екі сөздің бірінде соқыр дейсің,

Кепиетің бар болса, басыңды жаз», – депті. Сол жиында Құнанбайға еріп барған Балта деген ақынмен айтысқанда әлгі Шөжені қайта-қайта соқыр дей берсе керек, «Жалғыз соқыр жаныңа жайсыз болса, құтылсайшы мына отырған Құнанбайдан» депті. Осылардың барлығы халық арасынан шыққан алып таланттар ғой.

Ал енді ХХ ғасырдың басында мәдениетті әдебиетке келген уақыттан біз қазіргі әдебиеттің негізгі алыптарын Ахметтен, Мағжаннан, Жүсіпбектен, Міржақыптан бастап жүрміз. Бірақ совет кезінде біз оларды алыптар деу түгіл, совет жазушысы деуге аузымыз барған жоқ. Ол туралы өздерің білесіңдер. Сәкен, Бейімбет, Ілияс ақталған соң ғана оларды ауызға алдық. Кейін осы алыптар деген әңгімені шығарған – Ғабит Мүсірепов. Ғабит Сәкен, Бейімбет, Ілиястың мерейтойларының тұсында осы үшеуін айтып, соған Мұхтар мен Сәбитті қосып, бесеуін алыптар деп атаған. Өзін оған қосқан жоқ. 1948 жылы совет жазушыларының пленумы болды. Александр Фадеев сонда сөз сөйлеп: «Қазақ әдебиеті дүниежүзіне аты кеткен әдебиет» деп мақтап, шығармалары жөнінен Әуезовті, Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді айтты. Оған дейін Ғабиден көбіне соңғы қатарда жүретін. Солардың аты шыға бастағаннан кейін алыптар тобына Ғабит пен Ғабиденді қосып жүрген біз сияқтылар. Сонымен біздің алыптарымыздың шекарасы осыменен тоқтап тұр. Кейде көтермелеп мақтау үшін Әбділданың мерейтойы кезінде оның жасын, шығармаларын, олармен араласқанын ескеріп, оны да сол топқа қосуға болады деген пікірлер айтылады. Бірақ бұл қалыпқа түспеген.

Алыптарды бастап тұрған Сәкен, Бейімбет, Ілиястың бір шоғыр шығармалары өздеріңізге белгілі, халыққа тез сіңіп кетті. Олар ақталысымен халық жақсы қабылдады. Айта алмай жүрген шығармаларын қайта оқып, өздерінің таныстықтарын айтып, естеліктерін қағазға түсіріп жазды. Олар халықтың махаббатымен алыптар тобына еркін кірді. Ал Ғабит пен Ғабиденді шығармаларымен кіргізді.

Ғабит соғыстан кейінгі кезеңде бірқатар жақсы шығармалар жазды. «Қазақ солдаты» шықты, орысшаға аударылды. Артынан «Қарағанды» деген роман жазды. Өзі басында солай атаған. Сосын, ол «Оянған өлке» болып шықты. Сол шығармалары арқылы Ғабит өзін жазушы ретінде танытты.

Ғабиденді жаңа айттым, Фадеев әуелі совет жазушыларының пленумында, кейін Парижде «Франция ССР-і» деген қоғамын жиналысында Қазақстанның ұлт әдебиетінің дамуы туралы сөйлеп, «Абай жолын» мақтап, содан кейін Ғабиденнің «Миллионерін» мақтаған. Ол кезде саясатпен де мақтауға болады. Өйткені сол кезде миллионер колхоздар шығып жатты. Соны ұйымдастырушы жаңа адамдар деп суреттеді. Соның артынан Ғабиденнің «Қарағанды» романы, одан «Дауылдан кейін» романы шығып, содан соң сол қатарға Ғабиден де кірді.

Мен естелік жаздым. Бірақ азғантай тиражбен шықты. «Өмір тағылымдары» деген. Осылармен араласқанда көрген-білгенімді, ойға түйгенімді жаздым. Естелікті әркім жазады. Бірақ Мұхтар туралы жазу үшін оның барлық ғұмырын қамту міндетті емес. Онымен өзім қандай дәрежеде қарым-қатынаста болдым, несін білемін – соны нақты жазуға тырыстым. Сондықтан сол естеліктеріме мен өзім араласқан ағалар, замандастар жөнінде артық сөз қоспай жазып қалдыруды өзіме парыз көремін.

Сәкенмен бір ауылда, бір жерде туып-өскен адаммын. Осы Алматыға келген уақытта ең алдымен іздеген адамым Сейфолланың Мәжиті болатын.  1943 жылы оқу бітірдім. Бірақ ол жылы оқуға келе алмадым. «Алматы дейтін жер бар, оқуы бар. Оған бару мүмкін емес» дейтін ауылда. Қарым-қатынас жоқ.

Ол кезде пойыз бар ма еді?

– Бар болатын, ол кезде пойыз Алматыға дейін бес сөтке жүреді. Петропавл, Барнаул, Новосибирск, Семей – бәрін аралап келеді ол кезде. Оған соқпас үшін тағы бір жол бар болатын, Балқашқа келіп параходқа мініп, Бурыл байталдан түсіп қалып, сосын Алматыға келесің. Елден келген адамдардың солай жүргенін білемін. Соғыс біткеннен кейін немістің қолға түскен дүниелерінің ішінен «Мистер Шмид» деген ұшағы болды. Алматы мен Балқаштың арасында сол ұшып жүрді. Ішінде түк жоқ. Әркім астына чемоданын қойып отырады. Сонда екі адамның тізесі біріне-бірі тиіп отырады. Осы үш жарым сағат ұшатын. Кейін бес сөтке жүретін жолмен де жүріп көрдім. Бірақ бір рет қана.

– Ал оқуға келуіңіз қалай болды?

Алдымен оқуға жалғыз келуге қорқып, бірге оқыған жігіттерге «оқуға барамыз ба?» дейміз, «барайық» дейді. Мен ауылда жұмыс істеймін, мектептің мұғалімімін. Енді оқуға барамыз дегенде, Жаңаарқаға келсек, барамыз деген балалардың бәрі жайбарақат отыр. Енді ешкім шықпағаннан кейін жалғыз өзім жүрексініп қалып қойдым. Соғыстан кейін бір жағдайлар болып, әкем Алматыға келді. Осында Мәжитті тауып алыпты. Сәкен ұсталғаннан бері Мәжиттің елмен байланысы жоқ  болатын. Мәжит әкемді жақсы қарсы алып, екеуі байланыс орнатады. Ауылға келген соң маған: «Сенің оқуға шын ниетің болса, мен жол тауып келдім. Сейфолланың Сәкенінің інісі Мәжитті таптым. Адресі мынау. Сол үйге барып түсесің, ар жағын өзін білесің. Ал бармайтын болсаң, еркің», – деді. Әкем менің оқуымды дұрыс көретін. Тура сол екі ортада мен ішкі істер министрлігінің қызметіне ауысып кеткем. Олар жібере қоймады. «Оқысаң, өзіміздің оқуды оқы» дейді. Мен ол оқуға барғым жоқ. Сонымен, екіжақты боп салғыласып жүргенде бастықтардың бірі «егер оқуға түскен қағазы болса, босатыңдар» деген бұйрық берді. Содан кейін Балқаш арқылы ұшаққа мініп, Алматыға тартып кеттім. Келген соң, Мәжиттің үйіне түстім.

Мәжекең деген кісі өте мәдениетті, кеңпейіл, кімді болса да жақсы қарсы алатын, үстелі жиналмайтын кісі еді. Әмина дейтін әйелі де жақсы адам болатын. Мен олармен жақсы араластым. Алғаш үйленгенде Әлияны Мәжиттің үйіне алып барғанмын. 

Сол жолы мен бірінші рет Сәбит Мұқановты көрдім. Демалыс күні еді. Мәжекең «базарға барып қайтайық» деді. Осы «Көк базар» ғой. Көшеде келе жатыр едік, біреу терезе қақты. Қарасам Сәбит Мұқанов екен. Суреттен талай көрген адам, көзімізге оттай басылды. Біз кіруге ыңғайланып едік, Сәбит өзі шықты. «Үйім тар. «Сырдария» деген роман бітіріп едім, соның корректурасын қарап отырмын. Үйде істей алмағандықтан, кеңсеге келіп отырмын» деді. Сәбеңмен сол жолы бірінші рет танысып кеттім.  

– Енді осы алыптар туралы айтасыз ғой...

– Иә. Сәбең – өз заманының жазушысы. Шыққан жері, тегі соны жазушылыққа тартты, жазушы етпей қоймады. Көп ізденгіш, оқығыш, білімді адам болды. Ленинградқа университетке барып түсті. Өйткені оның алдында Мұхтар бітіріп кеткен. Сәбең одан қалмау керек. Бірақ университетті бітіре алмады да, жоғары білімді адамдарды дайындайтын, бірақ көпшілік ішінде қызмет істеген кісілерді пайдаланатын Қызыл профессураны, кейін Қоғамдық ғылымдар академиясы аталған оқу орнын бітірді. Сәбең өз заманын кең планда, қазақы әңгімешілдікпен айта білді. Романдары халыққа кең тарады.

Мұхаң ше?

– Ал Мұхаңның жөні бөлек. Мұхаң 1949 жылы Сталин сыйлығын алды. «Абай» романы онда 1-2 кітабы бірге шыққан. Ол кезде екі кітаппен бітетін. Мен «Пионер» журналының редакторы едім. Сонда редакция бастықтары жиналып кеп құттықтады, солардың ішінде болдым. Сонымен Мұхаңмен алғашқы таныстығым, қарым-қатынасым біткен. Кейін Мұхаң қудалауға түсіп, 1947 жылы академияның Әдебиет және тіл институттарында «өрескел саяси қателіктер туралы» дейтін қаулы шыққан. Соның негізінде жер-көктен ұлтшылдық іздей бастады. Бізде патриоттық сезім аз деді. Сол кезде Мұхаңды алғаш бір қозғауға салып, кейін тоқтатып қойған. Кенесары қозғалысы қайта әңгіме болған кезде «Правда» газеті мақала жазып, Мұхаңды қатты қолға алды. Бұл 1950 жылдардың бас кезі. Содан Мұхаң Мәскеуге кетіп қалды. Ол тарихты білесіздер. Оның бәрін айтудың қажеті жоқ. Кейін қайтып келді ғой. Бұл екі ортада ұстазым Қажым Жұмалиев Қарағандыға жер ауып кетті. Қарағанды пединститутына жіберді. Сол жерден ұстады. Есмағамбет Ысмайыловты ұстады. Ол институт директоры болатын. Бекмахановты Нарынқолға жіберді. Сол жақта мектепте мұғалім болды. Менің бірге оқыған Соқпақбаев деген досым болды. Ол менен екі класс жоғары бітіріпті. Сол бір қыстың ішінде Алматыға қайтып келді. «Қыстың ішінде борандатып не істеп жүрсің?» деп сұрдым. Нарынқолдан келу оңай емес. «Ойбай, Бекмаханов ауылда мұғалім еді. Өзі келіп таянады маған. «Беке, мен жоғары мектепте сабақ беріп көргенмін. Маған ол қиын емес. Бірақ мектепте лекция формасын пайдалану қиын екен. Сондықтан лекция өтердің алдында өткенді қайталау, балалармен жұмыс істеу деген болады екен. Соның жөні қалай?» деп менен сұрады. Білгенімді үйге шақырып, түсіндірдім. Содан кейін-ақ мектеп директоры «сен неге үйіңе шақырасың Бекмахановты? Ол ұлтшыл адам» деп мені ұрсып, соңыма түсіп алды. Содан мектепті тастап кетіп қалдым» деп, Алматыға келген беті екен. Сонда Бекмахановты сол жерден қайтадан алып кетіп, Шудың бойында Новотроицк деген жерге мұғалім ғып жіберген. Ол жерде де қайтадан ұсталған. Өзі КГБ мерекелердің қарсаңында ұстайтын. Осылардың бәрі бір күннің ішінде қамалды.

– Мұхаң содан аман қалды ғой, әупірімдеп...

– Мұхаңды көп айналдырды. «Абай» романы сыйлық алған соң да жамандаған жазушылар болды. «Казахстанская правда» газетінде Малинковский дегеннің мақаласы шықты. Сол кезде ғылым докторы екі-ақ адам болатын. Мұхтар Әуезов академия ашыларда Шығыстану институты ұсынып, Сәтбаевтың куәлігімен  қорғаусыз-ақ ғылым докторы атағын алып, академик сайланып барып, Ғылым академиясы ашылған. Жұмалиев сол жылы қорғап келген, ол корреспондент-мүшесі болды.

–  Әдебиеттен ғой?

– Иә, тілшілер болды. Бірақ тілшілерді бұлар есепке алмайтын. Ғылымда тіл бөлек, әдебиет бөлек. Сәрсен Аманжолов менің алдымда қорғаған, Айқын Нұрқатовқа оппонент болып, бәрі филология деп ғылыми кеңес бекітіп жіберіп еді. Артынан ВАК ұзақ уақыт бекітпей жүріп, жағдайды ескере отырып рұқсат етіп, Айқынды әйтеуір кандидаттыққа өткізді.

Мен сол кезде Мәлік Ғабдуллиннің көмегімен өз бетімше кандидаттық жазғанмын. Сол жұмысым дайын болғанда оппонент жоқ, қорғай алмай жүрдім. Сол уақыттарда Пономаренко келген, Мұхаң қайтатын болыпты деген сөз шықты. Институт директорының орынбасары, марқұм Мүсілім Базарбаев еді. Соған бардым. Рефератымды көрсеттім. Үстінен қарап көмектесті. «Осыны не істеймін?» деп едім, «Мұхаң келеді. Келіп те қалған шығар. Мен сөйлесейін» деді. Кейін Мүсілім хабарласқанда Мұхаң «ертең келем» депті. Ертесі Мүсілімге келіп, Мұхаңды тосып отырдым. Мұқаңның алдында 1952 жылы сынға жаңа араласып жүрген жас сыншылар тез танылдық. Айқын екеумізді кітапсыз Жазушылар одағына мүшелікке алды. Сонда Мұхаңның біздің атымызға сөйлегені бар. «Әр өскен әдебиеттің өзінің сыны болады. Біздің әдебиеттің де әр жанрының өз сыны болуы керек. Мынау Айқын мен Серіктің мақалаларын мен ылғи оқып жүремін. Бұлар сынды бірыңғай ғылым есебінде пайдаланып, жұмыс істеп жүр. Маған осылары ұнайды.  Осылардың Жазушылар одағына мүше боп кіруіне менің қарсылығым жоқ», – деді Мұхаң. Бұл 1952 жылы. Артынан қуғынға ұшырап, кетіп қалды. Келгенде бізді танып келді. Мұхаң кіріп келгенде «ассаламағалейкум» деп қолын алдым. Аман-сау келгеніне қуанып жаттық. «Мұха, мен қорғай алмай жүрмін. Оппонент жоқ. Сіздің келгеніңізді күтіп жүрмін» дедім. «Ой, болам оппонент. Сендер Тахауи, Айқын, Тәкен, Зейнолла бар, сынға араласып жүрсіңдер. Бәрің кандидат болуларың керек» деді. Бұларды Мұхаң өзі сынға араластырған. Ол кісі академияға келе сала көп жұмыс жүктей бастады. «Қазақ совет әдебиеті тарихының очерктері» деген кітапты құрастырып, дайындап шығару керек болды. Сын, ғылыми кітап есебінде. Соның ішіне Мұхаң мені де тартқан. «Ғабиден Мұстафин жөнінде тарау жаз» деді. Шығармашылығы қалай деп ем, Мұхаң өзі 50 жылдығында мақала жазған екен, сол мақаласын беріп, «бұл жазуға тұрарлық қаламгер» деген. Осы әрекеті арқылы сынға келген жігіттер ғылымға келсін деп, кеңпейілділік көрсетті ғой. Сол Мұхаңның беделінің күштілігімен Мәскеуден атағым тез бекіп келді. «Аман-сау қорғадың ғой. Енді ана жақта байқап жүр. Көп кешіктірмейтін шығар, менің фамилиямды көргеннен кейін» деген. Айтқанындай, 3-4 айдың ішінде кандидаттығым бекіді. Міне, Мұхаңмен біздің қарым-қатынасымыз осындай болды.

– Ал Ғабит ше?

Біз жас сыншы болып, әдебиетке араласып жүрген кезде Ғабит Алматыда болған жоқ. Алғаш біз оқуға келген уақытта да жазушылардың бәрін театрдан көретінбіз. Мұхаңды, Сәбитті, тағы басқаларын көріп жүрдік. Ғабит болмады. Сөйтсек, ол Қарағанды туралы роман жазамын деп, сонда барып жатып алыпты. Ол романын 50-жылдардың бас кезінде бітіріп, атын «Қарағанды» қойды (кейіннен «Оянған өлке»). «Әдебиет және исскуство» журналында жүргенде Қайнекей Жармағамбетов деген редакторым әрі Жазушылар одағының хатшысы, 1951 жылы аспирантпын, бір жағы, журналда істей бер деген соң, сонда жүргенмін. Сосын, бір күні Қайнекей үлкен қолжазба әкелді. «Мынау – Ғабит Мүсіреповтің романы. Аты – «Қарағанды». (Ол кезде Ғабиденнің «Қарағанды» деген атпен романы шығып кеткен). Журналға басамыз. Соңын жазып жатыр, осыны басып біткенше береді» деді. Кейін Ғабит өзі келіп: «Мен бұл романның атын «Қарағанды» деп қойдым. Мен Қарағанды туралы романды бастаған кезде Ғабиденнің ойында Қарағанды болған жоқ. Менен бұрын бастырып жіберді. Енді мен де атын өзгертпеймін. Қай «Қарағанды» оқушыларға ұнайды екен, көрейік», – деді. Содан біз журналға 1952 жылдың басынан бастап қолжазбаны алып бастық. Төрт нөмірден кейін қолжазбасы бітті. Жалғасы жоқ. Оқушылардан хат келе бастады. «Бітпеген романды қалай басасыңдар. Аяғы қайда?» деген. Содан Ғабит жұмыс істеп отыр. Содан «дегенмен біз Ғабитті қадағалайық» деп, Қайнекей Ғабитпен келісіп, «бір адамды жіберейік, қолжазбасын әкеп отырсын» деді. Ғабит түске дейін жұмыс істейді, түстен кейін істемейді. Атқа жеңіл Айқын екеуміз. Кезектесіп Ғабиттің үйіне барып жүрдік. Кітапханасында отырамыз, оны-мұны қараймыз. Түс болған кезде есікті бір-екі қағып, әйелі кетіп қалады. Хұсни деген сұмдық ақылды, тәртіпті адам еді. Жазып отырған күйеуінің үстіне кірмей, есікті тықылдатады екен. Ол түскі асты білдіреді екен. «Ал, біздің бәйбіше қоңырау соқты ғой. Тұрып, ас ішейік» дейді. Бізді кейде зорлап ертіп апарады, кейде асығып отырмыз деп кетіп қаламыз. Сөйтіп, Ғабиттің үйімен емін-еркін араласа бастадық. Сол үйде мен бірінші рет чак-чак, беляши жедім. Ондай тағамдар ол кезде біздің елде жасалмайды. Осы Хұснидың қолынан, Әбділданың әйелі Сараның қолынан сондай ас жейтін едік. Бір қызық оқиға айтайын.

Аспирантпын. Бір-екі мың теңге ақшам шығып, соған бір костюм тіктірдім. Сосын, жалғыз костюм-шалбарым сол болды. Қалғандары құйрықтары жыртылған, тозған дүниелер еді. Жазушылар одағының үйінде тұрамыз. Пальто киеміз. Содан жалғыз жаңа костюмді аяп, ескі костюм мен құйрығы жыртық шалбарды киіп редакцияға бардым. Ғабиттің үйіне бару бүгін менің кезегім емес. Содан Айқын ауырып қалыпты. Енді мен баратын болдым. Ғабеңнің үйіне бардым. Бара сап қолжазбаны алып қайтайын деп едім, Ғабит үстел басында отыр екен. Кәукеннің Барыс дейтін ұлы Ғабиттің қызын алған. Солар отыр екен. Ғабит: «Шешін, отыр, шәй іш» деді. Амал жоқ, пальтомды шешіп, батылдау кірдім. Алдым бүтін. Ғабит алдымен тамақ ішіп бітіп алды да, «Серік, кеттік» деді. Енді тұрып шығайын десем, ыңғайсыз. Құйрығым жыртық. Әйтеуір, қисалаңдап шығып кеттім. Міне, біздің бір көрген таршылығымыз осы. Ғабитпен жақсы араласып кеттік. Бұл алғашқы сыпайылығым еді.

Алпысыншы жылы мен машина алдым. «Әй, сен машина алды дейді. Өзің жүргізесің бе, жоқ, шопырың бар ма?» деді. «Шопырлыққа үйреніп жүрмін. Жақсы адам болса, пайдалана тұруға болады» дедім. «Онда сен менің Анатолий деген шопырымды ала тұр. Мен машинаны сатып жібердім, жаңасын алғанша бір жаққа кетіп қалса айырылып қаламын. Сенде болсын» деді. Сөйтіп, Анатолий бізге келіп жұмыс істей бастады. Бір күні Хұсни хабарласты. Ол өте жақсы адам еді. Ғабит деген дайын нәрсеге ғана кіріп-шығатын адам ғой. Хұсни сол үйдің ішкі-сыртқы жұмысын түгел атқаратын. «Серік, Анатолийді маған жіберсең қайтеді. Базарға барып қайтайық» деді. Сөйтіп, бұл машина екі үйге бірдей қызмет етіп жүрді. Бізді жақсы араластырды. Кейін әртүрлі қарым-қатынаста болдық. Ғабеңе қатты сын айтқаным бар. Аз уақыт партия комитетінде қызметте болды. Ғабит Жазушылар одағына жаңа бастық болған кез-ді. Мен солардың үстінен қарадым. Бірақ Ғабит отырған жерде бастықтық көрсеткен емеспін. Ондай кішіпейілдігім де бар. Мүсілім Базарбаев та пәлен жыл директор болған адам. Кейін мен директор болғанда, бір шаруа болса, Мүсілімге өзім баратынмын. «Мүсілім, маған келіп кет» деп айтқан емеспін. «Мүсеке, директор болсаң, осыны қалай шешер едің?» деп кейде сұрасам, «Мен кісінің тілін алып көрген жоқпын. Өзімнің сол кездегі көңіл күйіме қарай шешім қабылдайтынмын» дейтін.

«Жазушы» баспасы сыншылардың кітабын шығара бастағанда менің кітабымды тізімнен Ғабит сызып тастапты. Ол кезде ЦК-дан кетіп қалғанмын. Бұрын партияда қызметте болғанда, мені балаша жұмсайтын. Енді қызметтен кеткен соң, былай істегені көңіліме келді. Ренжідім. «Бұндай жазғандарымызды шығарсақ, бізде де бір кітап бар» депті. Кейін Жазушылар одағының бір жиынында мен қатты сын айттым Ғабеңе. Ғабең шығып: «Менің ЦК-ам Серік» деген сияқты сөз айтып құтылғандай болғанда, мен қайта шығып: «Бұл айтып отырғаныңыз өтірік. Сіз бұрын ұлтшылдармен күрескен едіңіз. Бұрын көпшіліктің көңілін кім тапса, сол жеңетін. Сіздің сол әдісіңіз әлі қалмапты», – дедім. Бір-бірімізге реплика айтсақ, уақыт созылып кететін болды, содан қойған едік. Кейін Сафуан Шәймерденов үйіне шақырды. Бардым. Барсам Сәбит, Ғабит отбасыларымен отыр екен. Сосын біз бармыз. Үш шаңырақты шақырыпты. Ет келгенде бас Сәбиттің алдына қойылып, тіл Мәриямға берілді. Ғабит Мәриям жақта отыр еді, «мен не жеймін?» деп, тілді өзінің алдына тартып алды. Сөйтті де, тілді кесіп, маған «тілің өткір болсын» деп ұсынды. Дастархан басындағылар шапалақтап, Сәбең «бәсе» деді. Содан қол алысып, арамыз қайта жақсарды.

– Ғабиден туралы айтыңызшы, Сераға.

Ғабиденмен енді жерлестігім бар. Аталастығым бар. Осы Ғабитпен арамыздың жақсаруына Ғабиденнің де әсері болды. Мәжиттің үйімен ылғи араласып жүретін. Сол арқылы да жақын болдық. Ол туралы мен үнемі жазып жүрдім. Ғабит пен Ғабиден карта ойнайды. Мен да ойындарына араласып жүрдім. Жас күнімде карташы болдым. Сондай нәрселерден олар жөніндегі көзқарастарымыз қалыптасады. Ол енді жеке шаруалары ғой. Бірақ сондай нәрселерін мінездері, болмыстары кесектеніп те, ұсақталып та көрініпті. Ғабитке сын көзіммен қарайтыным Хұсниды ауырып жүргенде тастап кетті. Жазушылар одағына бастық болғанда, сонымен қатар одақтық жазушылар одағының секретариатына да мүше болды. Сол уақытта Мәскеуде бір ай кезекшілікте болатын. Сол кезде Рая Мұхамедияровамен кетіп қалды. Хұснидың халі ауырлап жатыр дегенде де барған жоқ. Хұсни қолынан дәм татқан адамым ғой. Қатты құрметтедім. Ғабеңді сөктім. Жаман ауру боп шығып, артынан бірінші емі жақсы боп, екінші рет ауруханаға шақырғанда Хұсни: «Ешкімге кедергі келтірмей-ақ қояйын», – деп, өзі ауруға беріліп, содан көз жұмды. Осындай бір қарым-қатынастар үшін ренжімегенде қайтесің? Бірақ ренжігенде де қолымыздан не келеді? Жетісін, қырқын, жылын қыздары өздері өткізді. Басын да бір-екі жылдан соң қарайтты. Соны өкпе ғып бәріміз айтып жүрдік. Бірде карта ойнап отырғанда Ғабит: «Осы жерлегенде ескерткіш қою біздің салтымызда болмаған нәрсе. Көшпелі елде жерден жаратылған адамды жерге беретін де, үстінен топырақты жауып, кейін жел ұшырып, Жер-анасының қойнында қалатын», – деп отырды. Сонда карта ойнап отырып анау Хұснидың жағдайын ақтау үшін, ақталу үшін айтып отыр ғой деп ойладым. Бұл көргенім ғой. Үлкен жазушылардың осындай нәрселерге көңіл бөлмей жүретін мінезі болады. Мүмкін, әдейі істемейтін де шығар. Оның үстіне Рая да қабаттасып қалды. Сондықтан көргенімді жасырмай жаздым, айтып та отырмын. Бірақ үлкен жазушы екенін бұл оқиғалар кемітпейді.

– Ғабең мен Сәбеңнің арасы қалай болды?

Екеуі құда болды. Сәбиттің үлкен ұлы Ғабиттің үлкен қызын алды. Олар өз бетінше жақсы тұрды. Бірақ оған қарамай, екеуінің арасында оны-мұны оқиға боп қалатын. Ғабит көбіне өкпешіл. Ғабитті қара шал, Ғабиденді сары шал дейтінбіз. Сонда сары шал сондай мінезді кісі. Таңертеңнен кешке дейін қолы бір шықпаған кездер болды. Сонда мыңқ етпейді. Әзілі әзіл, қалжыңы қалжың, отыра беретін. Ал қара шал бір-екі рет отырып қалса немесе қолы шықпай қалса картаны лақтырып, елдің берекесін алады. Бір-екі жерде қолын лақтырып, тамақты тастап кеткен. Әлжаппар Әбішев бірде солай істегенде «енді осындайды қайталасаң, сені көрмеймін» деген сөз де айтып қалған. Бірақ ол сөзге Ғабит қараған жоқ. Бірақ арты ушықпайтын.

–  Ал Мұхаң мен Ғабеңнің арасы қандай еді?

Екеуінің арасы әрқандай болды. Осы Жазушылар одағында «Абайды» қорғап сөйлеген – Ғабит. Ғабит әкімшілік қызметте көп істеген адам ғой.

­– Біздің шақыруымызды қабыл алып, келіп дәріс оқығаныңызға рақмет. Әлия апамыз екеуіңіз ортамызда аман-сау жүре беріңіздер!

Жазып алған Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Фото: qazaquni.kz

Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар