Шаруалар ұлт мүддесі үшін күресе алмайды

Қанағат Жүкешев - 08.07.2019981

Шаруа табының ешқашан ұлт мүддесі үшін күресте жеңіске жете алмайтынын тарихи тәжірибеден түйіп, «пайдалы» қорытынды шығара білген большевиктік идеологтар әр кездегі қазақ шаруасының көрсеткен дөңайбатынан сескенген жоқ, шаруамен санасқан да жоқ. Шаруа тапты қазақ халқы Кеңес өкіметіне XX ғасыр бойы құлақ естіп, көз көрмеген, жан түршігерлік әлеуметтік эксперименттер жасауға жол берді, қырса – қырыла беретін, үркітсе – қаша беретін халық екендігін көрсетті. Бірыңғай шаруа халқы болып қалған қазақтар ауылдық мешеулік пен пасықтықтан арыла алмады, өздерін ұйымдасып қорғауға сауаты жетпеді, әр кезде болған аштықтарда шыбынша қырылды, шет елдерге қашты, тоталитарлық билікке қарсы жүздеген көтеріліс жасады, бірақ ешбірінде жеңіске жетіп көрген жоқ.

Шаруа – жан дүниесімен прагматик. Мезеттік пайданы ғана көреді. Рухани жұтаңдығының салдары болып табылатын, шаруаға тән менталитеттің бір қыры – оның сатылғыштығы. Оған сүйек таста – сенің артыңнан жүреді, оның өзінде тек алғашқы тосқауылға дейін ғана. Алдынан қиындықтар үшыраса бастағанда, екінші біреу болымсыз бірдеңе ұсынса, ол бірден сатылып кете береді. Осының бәрі кез келген шаруатапты халыққа тән психология болуымен, ауылынан шыға алмай жүрген қазақтың да санасын жаулап алған болатын.

Шаруа халқы азаматтық қоғамның белсенді мүшесі деңгейіне дейін өспейді. Кедейлігі мен сауатсыздығының салдарынан шаруа өзі қалап алған билік иелерінің итпегінен ешқашан құтыла алмайды. Қажетті заманауи қорғаныс механизмдерімен жеткілікті қаруланған билік шаруаға ойына келгенін орындаттырады.

«...Тұтас халықты үнемі алдай беруге болмайды» деп А.Линкольн дұрыс айтқан. Бірақ, оны америка халқына қаратып айтқан. Ал қазақ тарихында бұл тұжырым ақталмайды. Қазақ отыз жылдан кейін озық, қырық жылдан кейін қарық қыламыз дегенге алдана салады. Кеңес кезіндегі жан түршіктірер әлеуметтік эксперименттерге сезінетіндей қарсы тұра алмауы, жаңа биліктің алдауына сене беруі шаруа халқын тәни тоздырып, рухани  аздырып жіберуге болады деген қорытынды шығаруға мәжбүрлейді.

Қазіргі қала қазағы – индустриялы қоғамға тағдыр жетектеп әкелген, кешегі малшы-батырақ. Оның ойы мен әрекетіне шаруа менталитеті жетекшілік етеді. Индустриялы басқыштағы азаматтық қоғамда өмір сүруді білмегендіктен, оның отырғаны опақ, тұрғаны сопақ, сөзі былдыр, түсінігі бұлдыр, әрекеті былжыр. Қарапайым халқы ғана емес, дипломды кадрларының басым көпшілігі сондай. Ештеңені естімейтін, ештеңенің иісін сезбейтін, өзінің еліне, жеке басына, өміріне қажеттінің өзіне құлақ аспайтын, Абай сипаттағандай, «жақсы менен жаманды айырмаған» күйде қалып отыр.

Қазіргі саясат аясындағы қазақтың жанкешті әрекеті бөтен формациялық кеңістіктегі олақтың салақ әрекеті болып шығып жатыр. Бейнелей айтқанда, қазіргі қазақтың көңіл күйін былай сипаттауға болады. Қазақ үдемелі жылдамдықпен ылдиға қарай жөңкіп бара жатқан шанада отырған сияқты. Алды терең тұңғиық. Жылдамдықты тежеуге немесе шананы бұрып әкетуге шамасы жоқ. Тек байбалам салудан басқа қолдан келері жоқтың жойылуға қарай ағылуы.

Түбінде бәрі мынаған тіреліп тұр. Формациялық артта қалған халықтың ашық, азаматтық қоғам құруға саяси-әлеуметтік құзіреттілігі жетпеді. Қазақ индустриялы формацияның жат кеңістігінде адасқан ойларымен, ерепейсіз әрекеттерімен ғана көрінуде. Сөйлеу және ойлау стилі, менталитеті жағынан дәстүрлі қоғамның адамы даму сатысының жоғарғы басқышындағы кеңістікте пайдалы іс тындыра алмады. Қазіргі қазақтың сөзі де, ойы да, ісі де – бәрі қателерге тұнып тұр.

Қазақ халқының қазіргі таңдағы рухани даму аясындағы басты кереғарлық мынау болды: ұлы гректердің тарихи дамудың барлық сатыларындағы барлық халықтардың прогресін қамтамасыз ететін, қоғам демократиялық жолмен басқарылуы қажет деген ұлы идеясы қазақтардың санасына менталды деңгейде сіңірілмеді. Қазақтың саяси аспаны астында болып жатқан кедергілер мен қателіктердің бәрі осыдан бастау алды.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: islam.kz

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар