Мұңлы қоңыр Бөрілі ​

Бағашар Тұрсынбайұлы - 08.07.20191370

Қарт Семейдің өне бойын аралағанда Әуезов атымен жиі жолығып, жиі ұшырасасыз. Сонда оқыған, сол қаланың футбол командасында ойнаған. Көшелерімен жүрген. Жазушы атымен қаншама ғимарат байланысты. Абай атымен астасып жатқан әр жәдігер-ғимарат, жәдігер-көше, жәдігер-үй, жәдігер-есімдердің барлығы Мұхтар атын айналып өтпесе керек.

Семейдегі қазір «Алаш арыстарының» музейі болып тұрған үй – Әнияр Молдабаевтың үйі.  Абай өз айналасының оқуға зерек, алғыр балалары болса, ақшасын төлеп өз перзенттерімен бірге оқуға берген ғой. Әнияр Молдабаев та – Абайдың сондай шарапатынан өсіп шыққан ардақты ұл. Хакім Семейге келгенде ат шалдыртатын қасиетті жердің бірі осы шаңырақ болыпты. Ал ол үйде кейін Алаш арыстары Әлихан, Міржақып, Ахметтер тұрған. Міржақып Дулатовтың қызы, марқұм Гүлнәр апайдың естелігінде бұл жайт жазылады. Қош, сонымен, осы музейге алғаш келгенімде, бір қабырғада Семейдің сол кездегі көрінісі көрсетілген. Соған жапсарлас қабырғада Мұхтар Әуезовтің оқушы күнгі бағасы мен алғаш сабақ берген мұғалімінің пікір жазылған жәдігер ілулі тұрған. Егер жадым алдамаса солай болуға тиіс. Әуезов бағалары – «өте жақсы». Жазушы өз естелігінде тұңғыш рет орыс тілінде еркін шығарма жазып, ұстазының +5-ке бағалағанын жазған. Ол жайындағы естелікті Абай туралы әңгіменің сұлуын айтатын білгір шежіреші, аяулы қарт Бекен Исабаев «Ұлылар мекені» кітабында былай деп жазады: «Жазушының 5-6 жас мөлшерінде, қыста Ералы жазығында шанаға түйе шеккен бір шалмен екеуі ақ боранда адасыпты. Түтеген боран ішінде, таудан гөрі жазықта, белгі ететіні жоқ тұлдырда адасу өте қиын болады. Ақ түтек боран ішінде адасып жүргенде түйе болдырып, жынын шашып, жатып алыпты. Шал «өлдігін» айтып жылап, бала Мұхтарды ескі жыртық киізбен орап-шымқап отырғанда, жылқы отарынан елге қайтқан жылқышы кезіккен екен. Сол боран кейіннен түсіне де еніп, Мұқаңды қорқыта берсе керек. 15 жастағы Мұхтар оқитын сынып балаларына орыс тілінің жаңадан келген жас мұғалімі Василий Иванович Попов әркім өзін толғандырып жүрген тақырыпта еркін шығарма жазуды тапсырады. Сонда Мұқаң сонау бала кезіндегі боранда адасуын есіне алып, «Буря» атты шығармасын жазған екен.

Мұғалім Попов шәкірт Мұқаңды тақтаға шақырып: «Мұхтар Омарханович, сен большой писатель» боласың, +5 қойдым», – деген. Мұқаң: «Ол кезде ондай мәдениетіміз жоқ, әттең, сол алғашқы шығармамды сақтамаппын», – деп өкінген».

Оқушы күнінен жазуға жүйрік, алғыр, бала күнінен Абай өлеңімен өскен осы Мұхтар Омарханұлының кіндік қаны тамған Отаны – Бөріліге қарай жолға шыққанда әр нәрсенің басын шалып, ойға шомасың.

 

***

Семей қаласынан Абай ауданына қарай бетке алғанда Шыңғыс жеріне көктем енді келіп, жарықтық жер ақ көрпесінен жаңа ажырап, жадырай бастаған уақыт еді. Жол жиегінде әрбір жерде қар суынан пайда болған көлшіктер. Ұшып-қонған үйректер. Абай заманында Шыңғыстан Семейге басқа, қазіргі жолмен параллель жатқан, осы күні білетіндер көрсеткен, қарауытып ізі жатқан қара жолмен қатынайды екен. Ол уақытта Семейді «төмендегі ел» деп атаған. Расымен, Шыңғысқа қарай жүрген сайын ақырындап өрлей бересіз. Сонау Күшікбай асуына жеткенде тоқтап артқа қарасаңыз, расымен, биіктеп кеткеніңізді байқайсыз.

Жол-жөнекей көзге әртүрлі ұсақ көлдер көп шалынады. Бірақ ол көлдердің суы тұзды болған соң, мал суаруға жарамайтын көрінеді. Жанарға ілінген әр көрініс, әр табиғат Абай уағынан бері сыр шертіп, тек біз естімей, сезбей кетіп бара жатқандай көрінеді. Адыр-адыр, бел-белдің шалқайып жатқан паң қалпына тіл бітсе, шіркін. Жалынардайсың. Етегін құшақтап, еңірер дейсің. Анау бір сайдан қазір ытқып Оразбай, анау бір қырдан асқақ болмысымен Оспан, ортадағы қырдан парасат-пайымымен Абай шыға келсе қайтерсің деген ойдан көз алдыңа неше түрлі көріністер елестеп келе жатады.

Жол шетінде «Абай жолы» деген жазуға қарап, расымен, осы жол Абай жолы екеніне іштей сеніп, сезініп келе жатасың. Жидебайға бара жатқан жолдан солға қарай екі шақырым жерде Бөрілі. Жер атауы аты айтып тұрғандай, қасқырға бай болса керек. Ал өсімдіктен ши, изен, қараған мол өсетін сияқты. Әсіресе қараған көзге бірден шалынады. Топ-топ болып өскен жарықтық осы дала декорациясында негізгі орын алып тұрғандай. Бөрілідегі жер атаулары да өсімдік аттас: Аяқ қараған, Бас қараған, Бүйрек қараған. Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны сол Аяқ қараған деген жерге тамған. Жақында сол орынға ескерткіш тақта қойылмақ. Ал Бөрілінің басындағы үйі қазір мұражай. Бұл Бөрілінің батыс беті саналса керек.

Бөріліге жеткен әуелі жазушының әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың басына барып, құран бағыштадық.

Бұл кесене Әуезовтің 100 жылдық мерейтойына арнап салыныпты. Біз барғанда Бөрілі музейінің меңгерушісі Шағжан Исабаев қарсы алып, әңгімесін бастап кеткен. Бұл кісі белгілі шежіреші, Абайға, Абай айналасына қызығатындардың бәрі жақсы көретін ардақты Бекен Исабайұлының баласы екен. «Қасқа айғырдан қасқа тумаса да, төбел туады» деген. Елдің, жердің шежіресін айтып келеді. Бөрілідегі Әуезов қыстауына бұрын бір барғанымда «жазушы осы бөлмеде туған» деп бір әйел адам үйдің ішін көрсеткен. Анық есімде. Ал Шағжан Бекенұлынан жазушының Аяқ қарағанда туғанын естідім. Өзіме, әйтеуір, жаңалық. Шағжан ағадан естігенімді айтпай тұрып, мына нәрсені баяндай кетейін. Бөріліге бара салған бетте серектастағы «Мұңлы қоңыр – туған анам, туған жерім – Бөрілі» деген жазуды көресіз. Бұл сөзді тасқа қашатып, 100 жылдық мереке қарсаңында жаздырып, қойдыруға көп еңбек сіңірген – Бекен Исабаев. 1943 жылы шілде айында Мұхтар Әуезов Абай еліне жасаған сапарынан соң, «Ақын ауылында» деген шежіре-очерк жазған.  Сол очеркі басылымдарда жарияланып жүрсе де, Бауыр жайлы жазғаны қалдырылып келіпті (Бауыр деген – Мұқаң туған жердің екінші аты болса керек. Бір жерді елдің екі-үш атаумен атай беретіні бар. Оны біз қайта-қайта айтып отырған Бекен ақсақалдың жазғанынан аңғарасыз. Өскенбайдың асы өткен Көкжайдақты Қырықошақ деп те атайтын секілді – Б.Т.). «Біз очерктегі Бауыр жөніндегісінен жазушының ғасырлық мерекесі үстінде ғана хабардар болдық. Онда да толық емес. Тек «Мұңлы қоңыр – туған анам, туған жерім – Бөрілі» деген сөзі қолымызға тиісімен бұл сөзді серектас әкеп, сол тасқа  қашап, ойып жазу керек деп шештік. Мерекелік комиссия да мақұлдады бұл пікірді. Тас кіші Ордадан, Еңлік-Кебек үй тасынан таңдалып әкелінді» деп жазады Бекен Исабаев.

Жазушының осы сөзін түсіну үшін Қайым Мұхамедхановтың «Ұлылар мекеніндегі» мына бір естелігі шын мәнінде маңызды. «Сол кездегі Абай ауданындағы жалғыз автомашина – аудан орталығы Қарауыл ауылының іргесіндегі Бидайық ұжымының 1,5 тонналық машинесіне мініп, Мұқаң екеуміз қазіргі Қасқабұлақ әкімшілігі ауқымындағы Жаңаталап ұжымы аталатын ауыл орталығы Тазабек деген жерге кеп түсіп қалдық.

Ұжым басқармасының төрағасы Сақалұлы Исатай деген кісі екен. Сөзі де, өзі де, үй іші тұрмысы да таза, мәдениетті адам екені байқалады. Құндызды ауылыныкі, Жамантобықты Сақал қажының кіші әйелінен туған боп шықты. Әбен болыстың жақыны екен. Сол тұстағы әңгімеден де хабардар. Мұқаң көңілді отырды. Бір мал жеп тамақтанған соң, Мұқаң Бөрілі, Аралтөбе, Тышқанға барғысы келетінін айтып, екеумізге екі ат, бір атшы ертуін сұрады төрағадан. Қарауылдық Кенжетілеу Доланбекұлы сонда екен, сол кісі дайын бола кетті. Үшеуміз Бөріліге беттік жүрдік. Шыққаннан Мұқаң үнсіз болды. Қаражырақтағы бейіт, бірер қора орнына біраз айналып, Бөріліге келдік. Бұл менің бұл орынға бірінші келуім еді. Бөріліде бір жан, бір мал ұшыраспады. Мұқаң қыстауы аңғай-саңғай. Есік-терезесі ашық, сылағы түскен. Көріксіз-ақ!

Мұхтар бұрынғыдан да тұнжырап, түсі қара барқын тартып, ерні көгеріп, аттан түсті. Қыстауды бір айналып, терезе жақтағы (қыстақтың түстік жағында) салма құдыққа барып, қора-жайға кірдік. Бөлме-бөлмені, малқора іштерін аралай жүріп, әр бөлменің кімдікі екенін, атасы мен әжесінің бөлмесін, өзі оқу оқыған жерін, анасының бөлмесін, Разақтың, оның әйелдері Мәкежан мен Әлила бөлмелерін бас-басына жіктеп түсіндіріп келіп, Ғалияның бөлмесіне көп тоқтап тұрды. Және қайыра кеп, анасының бөлмесіндегі үй жиһаздарының жиналған, тұрған орындарын, атасы мен әжесінің төсегінің тұсын көрсетеді. Осылай ескі қорада жүріп бүргеге де жем болдық. Мұхтар шықпаған соң қайда барасың. Ұзақ бөгеліп, сыртқа шығып, үй алдындағы төбеге шығып, киімімізді қағып, бүргеден, шаң-тозаңнан арылғандай болдық.

Мұқаң осы төбеден өзі дүниеге келген Аяқ қарағанды, Бас қарағанды, Бүйрек қараған, Сарбұлақ, Қарабұлақтарды, Тума бойын нұсқап көрсетіп, екінші төбедегі Арынбек, Ағзам қораларын сыртынан айналып шықты. Бұл қоралардың маңы толған қабірлер екен. «Бұл жаманшылық жылы аштан өлгендердің қабірі болса керек», – деді Мұқаң.

Бұдан соң қыстауға қайтып кеп, Мұқаң «әке-шешемнің басына барамыз» деп, атын жетектеп, төбемен жүрді. Кенет: «Қайым, «Көксеректе» ақ қаншық қасқыр мен Көксерек бір ауылды торып, ауыл иттері сезіп қап үріп шығып, өзге иттер сескеніп, төбе басынан «кәр жіберіп тұрды» деуші едім ғой. Мынау – сол төбе. Ал қара ала төбет ерленіп, төбеден төмен түсіп, Көксерекке жем болатыны – анау ойпаң», – деп нұсқады. Аттарды жетектеген бетте тізеден сәл жоғары қаланған екі тас бейітке келдік. Тас бейіттер қыстаудан 150 метрдей қашықтықта. Тек қыстаумен арадағы белден асып түсу керек. Бұл бейіттер қыр беткейінде тұр. «Шығыс шеткісі – әкем мен анамдыкі, батыс шеткісі – Қасымбек ағам мен Ғазиза жеңгемдікі», – деп, маған дұға оқытып еді Мұқаң».

Бұл жүрек тебірентер естеліктен жазушының жаңағы сөзінің мағынасы өте түсінікті болады.

 

***

Жә, біз де бейітке аялдап, дұға оқып, музейге беттедік. Ішке енген соң, әр нәрсені таныстырып жатыр. Осы аймақтағы жерлерді көрсетіп тұрған макеттің жанына кеп тоқтадық. Сөйлеп келе жатқан – Шағжан Бекенұлы.

«Көкбайдың Қалжан деген қызының ақындығы болған. Сол қызын ұзатқанда Көкбай құдаларына: «Қызымның да ақындығы бар, бірақ айтыстырмаңдар», – деп аманат етіпті. Содан құдалары Қалжанды Көкбай аманаты деп айтыстырмайды екен. Содан бір жолы қаракесектің Жидебай деген ақыны сол ауылға келеді. Той болып жатса керек. «Сендердің ауылға Көкбайдың қызы келін боп түсіпті деп естідік. Өзі ақын екен ғой. Шықсын, айтысайық», – депті. Өзі біраз жасқа келген егде кісі болса керек. Сол кезде Қалжанды көріп қап:

«Мен өзі шал болсам да, қатқан шалмын,

Өлеңнің дәмдісін татқан шалмын.

Кел, жаным, неге көзіңді салмайсың?

Сендей қыздың жанына жатқан шалмын», – дейді.

Сонда апамыз ашуланып, мына кісі әдепсіз екен деп:

«Мен өзі ауылыма күнде келе бердім, келе бердім,

Ақ танаға мініп алып желе бердім, желе бердім.

Келе жатсам алдымда қу бас жатыр,

Қатқан шалдың қу басы ғой, тебе бердім, тебе бердім», – депті. Мынау сол Қалжан апамыз тұрған жер – Балтаорақ. Бұны Әуезовпен байланыстырып сөйлейін, 1940 жылы Абайдың 95 жылдық тойы өтеді. Сол кезде Семейдегі, Жидебайдағы музейлер ашылуға дайындалып жатады. Қадағалаушы – Мұқаң. Арнайы қаулы шығып, ел арасындағы бүкіл жәдігерлер жиналады. Өйткені алда ғасырлық той келе жатыр. Соған дайындық. Сол жолы Мұқаң Абайдың басына тас қойдырады. Ол тасты Жидебайға барғанда көресіздер. Сол кезде машинемен келе жатып: «Әй, жігіттер, Қалыш апамыздың ауылы ғой. Қазір ол маған «мына Мұхтар сәлем бермей кетті» деп ренжиді», – деп, машинені бұрғызып, Қалжан апамыздың ауылына кіреді. Машинеден маңғазданып түсіп жатқанда апамыз жүгіріп келіп, қолын алып:

«Аман-есен бармысың, бауырым Мұхтар,

Өзіңді бір көруге апаң құштар.

Әлемге танылды ғой Абай атаң,

Жаратылмай қала ма ұлдар», – деп қарсы алған екен. Ана Мағауия, Көкбайлар танылмай қала ма дегендегісі ғой.

Енді одан бері Күшікбай бұлағы. Үштөбе, Ит жоны «Абай жолында» суреттелген жерлер. Аралтөбе. Семейден тура 70 шақырым. Абай Гоголь кітапханасына барып, кітап алып тұрған. Жымба – Құнанбай жылқысының қосы болған жер, Қанай «Қыс» деген өлеңінде суреттеледі. Аяқ қараған – бұл Мұхтардың кіндік қаны тамған жер. Ал Бөрілі – аты әйгілеп тұр, қасқырдың ұясы. «Көксеректі» оқыдыңыздар, киносын көрдіңіздер. Кейбір естеліктерде Мұхтар Ташкентте оқып жүргенде, сондағы тұрған үйінде картина ілініп тұрыпты. Соған қарап жазыпты» деп жүр. Мен өзім ол жалған деп ойлаймын. Ондай ұлы жазушылар картинаға қарап кітап жазбайтын шығар. Ол сол уақытта Джек Лондонның «Ақ азу» романын оқыған екен. Өзі де аңшы. Туған жері – Бөрілі. Содан кеп қазақ сахарасында неге сондай шығарма болмасын деп, осы шығармасын жазып шыққандай.

Одан әрі – Шиліөзек. Бұл – жазушы Роллан Сейсенбаевтың аталарының қонысы, бұл да бекет. Сонда Күшікбай бекеті, Шиліөзек бекеті, Архат бекеті. Үш бекет болған. Өйткені ол кезде ат-арбамен жүреді. Жолда тоқтап шай-суларын ішкен. Ары қарай – Қасқабұлақ. Ұлы ақын Абайдың туған жері. Абай Қасқабұлағы, Шәкәрім Қасқабұлағы, Шолпан Қасқабұлағы, Тәкежан Қасқабұлағы, Ысқақ Қасқабұлағы деп бес бұлаққа бөлінеді. Неге Қасқабұлақ? Өзге бұлақтардың бәрі батысқа қарай ағып жатса, бұл бұлақтар қасқайып күнге қарай ағып жатыр. Сондықтан қасқа бұлақ. Абай туған жер Сыртқасқабұлақ деп те аталады. Одан әрідегі Шәкәрім Қасқабұлағы – Әнет руының жері.  Бір күні Құдайберді Шыңғыстаудан келе жатса, Қасқабұлақта Бабалық деген Әнеттің байы жылқы суарып жатыр екен. Ылғи сүтті қара жылқы. «Әй, Бабалық, жылқының сиқы жақсы екен. Бәрі сымбатты. Бірақ мына бұлақтың суы қай жерге барып таусылады?» депті. Құдайбердіні тобықтының кісілері «Бәкең» деп атаған. «Бәке-ай, бұл бұлақтың суы анау ойықтан таусылады» депті. «Е, онда бұл жер саған ұзақ қоныс болмайды екен» деп жүріп кетіпті. Сол жылы қатты жұт болып, жылқыдан жылқы қалмаған екен. Содан Бабалық Құдайбердіге осы жерді сыйға беріп кетіпті. Қазір сол жер Шәкәрім Қасқабұлағы деп аталады. 

 Ары қарай – Ералы жазығы. Кеңгірбайдың ұлы, Бөжейдің әкесі. Құнанбай мырзамен қатарлас. Мінезі қатты болған. Өз өсиеті бойынша осы жазыққа жерленген. Содан бері халық бұл жерді Ералы қорығы, Ералы жазығы деп атап кеткен. Негізі, бұл жердің аты – Көкжайдақ.  Өскенбайдың асы өткен жер – Көкшетаудағы Қамбардың Көкжайдағы, ал бұл тобықтының Көкжайдағы. Ұзындығы – 30, ені 20 шақырым. Былай қарай – Нан қорығы. Оразбайдың жері. Әлгі «Бұл менің 3000 жылқым жайылатын Наным» дейтіні.  Ары Құнанбай қорығы, сосын, Еңлік-Кебек. 1917 жылы бұл жерде пьеса қойылды. Бұл жатқан жерлері Шұбартөбе деп аталады.  Ал Мұхтар романында «кішкене төбе» деп суреттейді.

Одан кейін – Ақшоқы. Абайдың алғаш қыстау салған жері. Құнанбай әулетінің жатқан бейіті. Негізі, Қасқабұлақтан Ақшоқы 18 шақырым, Жидебай ары 30-ақ шақырым. Бұрын төте жолмен жүретін болған. Ал қазіргі трасса 1969 жылы салынған.

Мынау алдыңыздағы – Мұхтар Әуезовтің мүсіні. Жасаушы Жанболатов Мұратбек деген азамат. Өздері бес ағайынды. Композитор, ақын, шежіреші, тарихшылар. Мүсіннің мәрмәрі – Текелінікі. Өте сымбатты шыққан. (Осы жерде Бекен Исабаевтың мүсінге қатысты мына сөзін келтіре кетейік: «48 жастағы Мұқаңның қашып бітіп таусыла қоймаған бұйра шашының шекедегі шоғыры, қасқа маңдайы ұмсына біткен иегі, көз жиегіндегі қабақ астынан біткен кілегей қатпары, қалың ерні, қомақтана көрінер иығы – бәрі-бәрі қонымды. Біздің ойымызша, Мұқаң мүсіндерінің бәйгесі болса, осы мүсінді жарысқа қоссақ, ұяла да қоймаспыз»).

Мынау алдыңыздағы – жіпсурет (гобелен). Авторы – Ирина Ивановна Хмелева. Шыңғыстаудың тау-тасы, табиғаты, өсімдік, жануарлары бейнеленген. Сиыр егін, көде, жусан, көкпек, ермен сияқты шөптер осы Шыңғыстауда өседі. Алматы мен Астананың адамдары осы жақтан соғымға жылқы алатыны содан.

Мынау үлкен бөлме – Әуез атамыздың бөлмесі.   Тізерлеп отырып Мұхтарға сабақ өткен. Мынау – осы үй, міне, қараңыздар (қабырғада қыстаудың суреті ілулі тұр). Қазіргідей коттеджде тұрмай-ақ Мұхтар бүкіл қазақты әлемге танытып кетті. Қазіргі қалпына 1977 жылы келтіріліп, 1987 жылы ашылған. Мына машина тұрған жақ атқора болған. Бұл жер жолдың бойы. Бұрын қораны үйге жаптастыра салатын болған. Бұл үйді Абай салдырған.

Мына суреттегі – Разақ, немере ағасы, Гүлнәр анамыз, қазір тірі, Алматыда тұрады, Гүлнәр Әуезова менің әкеммен жасты, 89 жаста. Бұл кісінің әкесі қайтыс болады да, Гүлнәрді Мұхтар тәрбиелеген, сондықтан Әуезова.  Мынау – Ахмет Әуезов, жолдасы Хәлима Турағұлқызы. Мұхтар мен Абайдың арасында тоғыз жұп қыз алып, қыз беріскен. Бір-біріне күрмеуше байланған құдандалы.

Қабырғада ілулі тұрған көк қасқыр – осы жердің бөрісі. 1979 жылы екі оқпен атып алынған. Бұл жерде қасқыр қалың болған. Қазір завод ашылып, сиреп кетті.

Жанындағы – сілеусін. Шыңғыстаудың аңы. Әміре Қашаубаевтың туған жерінде менің қайын атам соғып алған. Әңгіме болсын, Құнанбай мырза бірінші әйелі Ағанас бидің қызы Күңкеге үйленеді. Қайын жұртына барады. Сөйтіп кетер кезде қайын атасы: «Күйеу бала, не қалайсың? Әкең Өскенбайдың жылқысы аз еді. Саған неше бас берді?» дейді. «Он үш бас жылқы берді. Азырақ ұсақ малмен» дейді. «Әкең саған бүкіл малын беріп қойыпты ғой. Мен саған төрт жүз қой, бір үйір жылқы берейін. Көктемде төлдейді» дейді. «Жоқ ештеңіңіздің керегі жоқ. Егер шын бергіңіз келсе, торы шолақ атыңызды беріңіз» дейді. «Өй, жоқ. Құнанжан, оны бере алмаймын». «Онда, жарайды» деп жүріп кетеді. Сонда Ағанас бидің кемпірі: «Ойбай-ау, сырты түк, іші боқ төрт тұяқтыны жалғыз күйеу балаңнан аяғаның ба?» дегенде, «Мені ақымақ деп отырсың ба? Ертең жау шапса, бұл атпен Құнанбай пәлеге ұрынады. Бұның басы қатты» дейді. Бірақ Құнанбайдың артынан кісі жіберіп шақыртып: «Сені ер жігіт пе десем, өкпешіл екенсің ғой. Жарайды, бердім торы шолақты. Бірақ бұнымен жауға шаппа» дейді. Содан атты Құнанбай алып қайтады. Бірк үні таңға жуық аттандаған дауыс шығады. Жылқыға ұры түсіпті. Құнанбай жас, дамбалшаң торы шолаққа мініп ап шауып, майданға қойып кетеді. Аттың басы қатты, ие бола алмайды. Найза тиіп, аттан ауып түседі. Бірақ шылбырды жібермей, қолына орап ұстап қалады. Найза қадаған батыр атты алайын десе, жібермейді. Анау кетіп қалады. Жолдастарына: «Анау бір аттан өлген неме екен. Жібермеді. Адам болса, ұзап барып, адам болады» дейді. Жұрт келсе, Құнанбай құлап жатыр. Өзінің айтатыны бар ғой. «Мені екі өлімнен халықтың тілегі аман алып қалды» деп. Сонда сондағы бір ксі жарақатына қан ұймасын деп, аузымен сорып, түкіріп тастап отырыпты. Содан Құнанбай аман қалады.  

Сол сияқты мен де қайын жұртыма бардым. Атам сілеусін соғып алыпты, «қызым екеуіңе мал бердім» деді. «Жоқ мына сілеусінді беріңіз. Халық көрсін» деп алып, осы жерге әкеп қойдым.

Жаңа Құнанбайдың екі өлімнен аман қалғаны туралы сөзін айттым ғой. Екіншісі шешек ауруынан аман қалған. Осы Шыңғыстауға келгенде ауырған. Оны емдеген Ырғызбай әулие. Шешек ауруы «не өзіңді алам, не көзіңді алам» деп келеді. Күшікбай батыр да шешек ауруынан қайтыс болған. Бірақ онікі сыртына шығып кеткен. Аурып жатқанда өзінің туысы келіп, кермеде байлаулы тұрған кер бесті атын алып кетеді ғой. Денесі қызып, аурып жатқанда бір жалшысы атының алып кеткенін айтып қояды. Намыстанып, жылқыдан ат алғызып, ат ойнатады ғой. Сонда ақсақалдар жиылып, басу айтып, келісімге келеді. Сонда қансырып келіп, төбенің басында найзаға сүйеніп қайтыс болады. Сол жерге жерленіп, халық Күшікбай асуы деп атап кетеді. Негізгі аты – кіші Арқалық.

Осы бір Құнанбай туралы мысалдан соң, қажы атаның асқақ болмысы көз алдыңа келеді.

***

Шағжан Бекенұлы Абай, Мұхтар айналасының әңгімесін құныға айтып келеді. Өз ісіне берілген, шапаң қимылдап, шапаң сөйлейтін кісінің бар сөзін түсіне алмай қалып жатырмыз. Бірақ шабытпен сйөлеп тұрған адамның сөзін бұзғың да келмейді.

Шағжан аға сөйлеп келеді...

 

***

Мынау Еңлік-Кебек пьесасыннан көрініс. Жиырма жасында Мұқаң Әйгерімнің жайлауы Ойқұдықта қойған. Өзі сандықта отырып, суфлер болған. Осы кезде Турағұлдың қызы Ақлия тұрмысқа шығып жатқан. Апамыз: «Шіркін-ай, Абай атам менің атымды ақылды болсын деп Ақлия қойды. Бақыт деп қойса, бақытты болар» едім деп өкініп өтіпті. Кеңес үкіметі кезінде көрмегенді көрген ғой.

Енді үлкен Орда, Кіші Орда, Архат, Доғалаң. Бұл Шыңғыстың екінші бөлігі. Архатыңыз Мамай батырдың ауылы. Шәкәрім:

Келгені Тобықтының осы маңға,

Мың жеті жүз сексенге тақалғанда.

Елді бастап әкелген Мамай батыр.

Орда, Көкен, Ащысу, Доғалаңға, – деп жырлайды ғой. Немесе «Еңлік-Кебекте»:

Надан елдің болады діні қатты,

Тапсырар Қабекең аманатты.

Шеткі Ақшоқы басында қалған бала

Күн батқанша сол жерде жылап жатты, – дейді. 1785 жылы Ақшоқыда Еңлік пен Кебекке Кеңгірбай үкім шығарған. Үлкен Орда екі ғашықтың тығылған жері. Мынау Шілікті кезең. Абай мен Шүкіманның танысқан жері.

Одан кейін Матайдың батыры Маян қорығы. Бақай деген Жуантаяқтың батыры Маянды жекпе-жекте өлтірген. Еңлік-Кебек оқиғасынан кейін неше жыл өткенде Маян келіп: «Апамның кегін алам» деп Тобықтыны шапқан. Сол кезде мамай сексен жаста. Ту ұстап, селкілдеп сауытын киіп жатқанда Жуантаяқ Бақай батыр келеді. Екі атты ауыстыырп мінетін дәу кісі екен. Маян екеуі жекпе-жек шығып, Маянды өлтіреді. Өзі жарақат алып, бір жыл өткенде дүние салған.

Одан Жидебай. Бұл Жуантаяқ деген рудың жері. Кейбіреулер қаракесектің Жидебай деген батыры сыйға берген деп жаңылып жүр. Өтірік сөз. Тобықтының өз жерін Құнанбай сыйға ала ма? Борсықбай, Мұсақұлбай жатыр. Олар да жуантаяқ. Борсықбай – Тоқтамыстың баласы.

Қарауылтөбе. Ұлы ақынымызыдң тойы өткен жер. Қызылтас Көкбай Жанатаевтың жері. Суырып салма ақын. Абайдың шәкірт-досы.

Көкбай мен Ермағамбет дойбы ойнап отырады. Соның үстіне Көрпебай кіріп барады. Екеуін де сыпырып жеңіп алады. Енді Көкбай Абайдың алдында оған есемді қалай қайтарам деп отырғанда майлы ет келеді. Көрпебай майды теріп жеп отырса, Көкбай Абайға жалт қарап:

Мынау өзі біртүрлі сұғанақ көк,

Ақ майды теріп жейді сығалап кеп.

Май бұның бірдеңесін өлтірген бе,

Қайта қарайласады сыбайлап кеп, дейді.

Сонда Абай: «Өй, Көрпеш, жауап қатсаңшы» дейді. Абай денесі толық болғанымен, жіңішке әйел дауысты адам екен. «Абай аға, мен ақын емеспін ғой» деп, бір майды асап жіберіп:

Көкше атам құралған әр тараптан,

Құр сөзге аузы көмей, сылдыр қаққан.

Осы Көкбай ет жеуді жек көрмейді

Түбінде өлесің-ау қылтамақтан, – дейді. 1925 жылы қыркүйекте Күшікбай асуында қылтамақтан қайтыс болады.

Көкбай Абайдың ақын шәкірттерінің ішіндегі үлкені, сонымен қатар ақынның өз басына, ұлдарына үнемі жақын боп, хәкім ұрпақтарынуң арасында қадірлі болған.

 

 

***

Ары қарай Шыңғыстау, Хан биігі. Ары қарай Құндызды Шәкір Әбеновтің ауылы. Хан бигіне ары жерде Тоғжан жатыр.

Одан кейін Абайдың балалары Ақылбай, Мағауия, Әбдірахмандардың суреті. Балаларының әрқайсына Абай мінездеме беріп кеткен. Мағаш қайтыс болған соң, қырық күннен кейін Абай өмірден озды.

Бұл Мағаш саған да жоқ, маған да жоқ,

Мағаштай бала тумас көңілге тоқ.

Аз күнде дүниеден мен де кетем,

Маған да зар боларсың жиылған топ, – деп айтады Абай. Абайдың қырқында Семейде Ақылбай өмірден озады. Абайдың әулиелігіінң бірі, Мағаш дүниеден озғанда қасындағылар: «Мағаш дүниеден өтті. Енді кім ие болады?» дегенде, «Тураш бар ғой, Тураш бар ғой» дейді. Ол кезде Ақылбай тірі. Неге Ақылбайды айтпады? Кім білдеі, Құдай сездіртті ме?...

Мынау Мұқаңның Алматыдағы мұражай-үйінің макеті. Ләйлә апайдың еңбегі ғой. Бұл бөлмедегі суреттер отбасы, әр елге жасаған саяхаттары.

Неше түрлі әңгіме бар ғой. Қаныш, Әлкейлер елдеріне барса, шалдарға құрмет көрсетіп, шапан ауып, дастархан жаяды екен. Мұқаң өзі қуғында үріп ондайды істемеген. Кейін бірде елге келіп, ақсақалдарды күтіп жіберсе: «Мына қожаның баласы өзгеріп кетіпті» деп айтады екен.

 

***

Бөрілідегі музей ішінен тым тез аралап, Шағжан Бекенұлын тез сөйлетіп, шығып келеміз. Кіре берістегі Мұқаңның бас мүсінінің жанында суретке түстік. Тілек жазып қалдыратын кітапшаға бас жазушымызға деген шексіз құрметіміз бен алғаусыз көңілімізді төгіп, қол қойдық.

Алда Жидебай.

 


Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар