Қазақ және Чебурашка

Ермек Тұрсынов - 09.07.20191438

Қазіргі заманда қазақ болу өте тиімді. «Осы ұлттың өкілімін» дегенді  бас пайдасына жаратуға болатынын түсініп алғандар көп. «Титулды ұлттанмын» деген ұран өтімді валюта сынды. Содан барып «кімнің қазақылығы басым» деген сауда басталды. Ал,  «Келін» фильмі біздің рухани деңгейімізді бағамдап берді. Көркеуделік шыңырауына осыншалықты құлдырап кеттік?! – деп кім ойлаған. Әлі күнге өнер эстетикасы дегеннің не екенін түсінбейміз.  Ақиқат пен аңыздың ара-ігін ажырата білмейміз. Ертегіден тарихи  шындық іздейміз. Танымның таяздығынан барлығын өз тарапымызға қабылдаймыз. Аз білеміз, көп сөйлейміз. Өзіміз сауатсыз бола тұра өзгелерді оқытамыз. Рухани көсемдеріміздің кеудесі дауылпаз сынды бос, қағып қалса даңғұр-дұңғұр етеді. Алысқа ұзай қоймаған кезеңнің ащы сабағы да түк ұқтыра алмапты. Қай жағымызға қарасақ та жау елестейді. Бойымызды түрлі фобиялар мен үрей жаулап алған. Біз – әлі күнге Абайдың руластарымыз, бөлек ойлағанның  басын жарамыз. Жиырма бірінші ғасыр жеткеніне қарамастан жетіліп кете алмаппыз. Құрамы мен сапасы  көз қуанта алмайтын ұлтпыз.  Өте өкінішті. 

Мен жалпыны жазғырып отырған жоқпын. Бірақ кітаптың бетін кінәрат табу үшін ашатын адамдар бар. Теңізге телміре қараса да үлкен  шалшықтан өзге түк көрмейді ондайлар. Қайта өрлеу кезеңіндегі суретшілердің картинасын қарап тұрып, әйел бөкесінен басқа ештеңе байқамайтын адамдар бар. Әркімнің өз өлшемі, талғамы болады. Асыра сілтесе  Чебурашка мен Гена қолтырауынды бір-бірімен әуейі етіп шығаруға болады. Әркім мына әлемге өз көзімен қарайды, өлшейді. Білімінің, тәрбиесінің жеткеніне,  тіпті ақыл- есінің шамасына қарай ой түйеді.  

Аударған Серік ӘБІКЕНҰЛЫ

Фото: adyrna.kz

Мақала авторы:

Ермек Тұрсынов

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар