Әңгімесі әкімнің – көп балалы Әйгерім

Сәтжан Қасымжанұлы - 09.07.20191605

Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Шар қаласына қарасты кішкене ғана Көшек ауылында 5 баласы бар жалғызбасты ана үйінен шығарда бала-шағасын қабырғасы қақырап, құлағалы тұрған үйге қамап кетуге мәжбүр болатынын айтады. Бұл туралы Жас Алаш-тың өңірдегі тілшісі хабарлайды.

Жас ананың жайы мәжіліс депутаты Нұртай САБИЛЬЯНОВТЫҢ Көшек ауылындағы сайлаушылармен кездесуінде айтылды. Теміржол бойында орналасқан шағын ауылдағы ағайын ортасына аудан әкімі Ахметқали НҰРҒОЖИН, орынбасары Айдар ИБРАЕВ және Шар қаласының әкімі Мұратхан СӘКЕНОВТІ ерте келген Мәжіліс депутаты қазіргі қабылданып жатқан заңдарға, әлеуметтік мәселелерден туындайтын жайларға қатысты өз көзқарасын білдіріп әрі түсіндіре келіп, көшектіктердің жеке проблемаларына да құлақ түрген. Бірден айтар жайт, шағын ауыл сияқты көрінгенімен, Көшек ауылында Үкімет тарапынан берілетін субсидиядан бастап, ауыл ішіндегі қоқыстан арылу, мал басына ие болу сияқты тұрмыстық жайлар да кеңінен қамтылды. Депутат Сабильянов әр сұрақ қойған тұрғынның білгісі келген жайын сөзін бөлместен тыңдап, аудан басшылығына қатысты жайттардың да куәсі болды. Сол тұрғындар арасынан сөз алған көп балалы жас ана Әйгерім МУСАНОВА үйінің шатыры бүлініп, қабырғасы қақырағанын айтып шағынды.

- Менің қазір бес балам бар. Жалғызбастымын. Үй алғым келеді. Көшектен Бірлік ауылына көшкім келеді. Бірақ, онда үй жоқ. Дегенмен, баспана жайым әбден қинады. Осы жайды жаңадан тағайындалған аудан әкімі Ахметқали Нұрғожинге айтқым келеді, - деді Ә.Мусанова.

Қазіргі уақытта көп балалы аналар мәселесі өткір күйде тұрғандықтан ба, жоқ әлде, осы мәселені шешіп беріп абырой жинағысы келді ме, депуттаттан бұрын Жарма ауданының әкімі Ахметқали Нұрғожин Мусанованың жайына бірден назар аударды.

- Бес баласы бар Әйгерімнің ауылда қалуына күш салуымыз керек. Мектептің жайы 56 баладан аспайды. Халық санын көбейтіп, отбасыларды қоныстандыруға неге болмайды? Мен бұл тәжірибені Катонқарағай ауданының әкімі болып тұрғанымда қолданғанмын. Ал, Әйгерімнің мәселесін біз шешіуіміз керек. Бес баласын алып көшіп кетсе, кімге жақсы? - деп сөз бастаған аудан әкімі Ахметқали Нұрғожин Бірлік ауылында оған сатылатын да, берілетін де бос үй жоғын айта келіп, «егер Әйгерім бес баласымен ауылдан кетсе...» деген сөзді жиі қайталап, оның мәселесіне алаңдайтынын білдірді.

Әйгерімнің өзін сөзге тартқанымызда білгеніміз, мектепте 30 мың теңгеге жұмыс істейді. Көп балалы ана ретінде 100 мың теңге көлемінде жәрдемақы алады. Бірақ, үй мәселесі әбден қинаған жайы бар.

«Қазір балаларды сыртынан қамап кеттім амалсыз. Дегенмен, аудан әкімі мәселені шешеді деп үміттенемін» дейді көп балалы жас ана.

Әйгерімнің үміті сөнбеуін қалап аудан әкімі Ахметқал Нұрғожинге сауал қойғанымызда әлгінде ғана «Бес баласымен Әйгерім кетіп қалса...» деп екі алаңдап тұрған әкім жалт беріп, жауапты Шардың әкіміне сырғыта салды.

- Әйгерімнің жайы бәрімізді толғандыратыны рас. Біз оған бірқатар жұмыстар да ұсынғанбыз. Алайда, үнемі бас тартады да жүреді. Дегенмен, оның баспана мәселесін шешіп беруге тырысамыз, - деп ақталды Шар қаласының әкімі М.СӘКЕНОВ.

Үйдің күйі болмай, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жас, жалғызбасты ананың жағдайымен жақын танысқан Н.Сабильянов екі әкімге де өжет мінезді Әйгерімдей жас аналардың мәселесін шешуді созбаққа салмауды тапсырды. Ал, аудан әкімінің әңгімесі депутат кеткен соң өзгеріп кетпесе, Сабильяновтың көзінше аузынан тастамады, әйтеуір.

Фотолар автордікі.

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар