3,7 млн. гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Оралхан Дәуіт - 04.07.2019855

Біздің халқымыздың 43 пайызы ауыл тұрғындары болса, жер көлемі жағынан еліміз әлемде тоғызыншы орында тұр. Байлық көзі еңбек пен Жер-ана деген қағиданы ескерсек, басты мақсат -- ауыл тұрғындарын нәтижелі еңбекпен қамтамасыз ету, жерді ұтымды пайдалануға қол жеткізу болу керек.

2016-2018 жылдары республикада мақсаты бойынша пайдаланылмай жатқан 7,6 млн. гектар ауыл шаруашылығы жерлері (оның ішінде егістік – 2,0 млн. гектар, жайылымдар – 5,5 млн. гектар) анықталды. Қабылданған шаралардың арқасында 2,0 млн. гектар жерді жер учаскелерінің бұрынғы иелері мен жер пайдаланушылар игере бастады, 3,7 млн. гектар мемлекет меншігіне қайтарылды, оның ішінде 3,0 млн. гектар ауыл шаруашылығы айналымына тартылды және 0,7 млн. гектарды бүгінгі күні ауыл шаруашылығына тарту жұмыстары жүргізілуде. Қалған 1,9 млн. гектар жер бойынша жергілікті атқарушы органдар белгіленген тәртіппен мемлекет меншігіне қайтару шараларын қабылдауда.

Енді жұмыспен қамтамасыз ету және ҚазАгро холдингінің кредиттік өнімдерін іске асыру есебінен ауыл халқының табысын арттыру бойынша қабылданып жатқан шараларға келсек, 2018 жылдың қорытындысы бойынша саланы ҚазАгроның еншілес компаниялары арқылы қаржыландырудың жалпы көлемі 400 млрд. теңгені құрады, бұл – Холдинг жұмыс істеп келе жатқан жылдар ішінде әлі болып көрмеген көлем.

Осы көлемнің 96 пайызы (немесе 385 млрд. теңгесі) кредиттер мен лизингке (ұзақ мерзімді қарыздардың үлесі – 90 пайыз) жұмсалды. Шамамен 20 мың кредит берілді. Бұл ретте, кредиттердің 98 пайызы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне берілді.

Тек «Еңбек» бағдарламасының шеңберінде өткен жылы микрокредит беруге 44,7 млрд. теңге бөлінді. Нәтижесінде 12 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, 12 613 микрокредит берілді. 2019 жылы микрокредит беруге 44,7 млрд. теңге көзделіп отыр. Бүгінгі күнге дейін 7,7 млрд. теңгеге (14,6 пайызы) 1 749 микрокредит берілді, 1 851 адам жұмыспен қамтылды.

Фото: zhasalash.kz


Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар