Гонконг билігі күдіктілерді Қытайға беру туралы заң жобасын "жойды"

Дерек көзі: www.azattyq.org - 10.07.2019234

Гонконг басшысы Кэрри Лам "күдіктілерді Қытайға беру туралы заң" жобасы мүлде қаралмайтынын, толық жойылғанын мәлімдеді. Ол 9 шілдеде өткен баспасөз мәслихатында көпшіліктің қарсылығын туғызған құжатты қабылдау әрекеті сәтсіздікке ұшырағанын мойындады. Бұл туралы халықаралық ақпарат агенттіктері хабарлады.

Лам Гонконг халқына уәде беріп, бұл заң жобасы жайлы енді сөз болмайтынын айтты.

Гонконгта бір айдан бері халық "күдіктілерді Қытайға беру туралы заң жобасына" қарсы наразылыққа шығып жатыр. Заң жобасына сай, Гонконг аумағында жүрген адамды Пекин қандайда бір қылмысқа күдікті деп тапса, Гонконг ол адамды Қытай, Макао немесе Тайпейге экстрациялауы тиіс.

Наразылар "бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді" деп санайды. Ал билік бұл заң жобасы "Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің" санын азайтад деген. Заң жобасын Қытай ұсынған.

Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ "бір ел – екі жүйе" принципімен жүреді.

Гонконгтің өз заңы бар, елдегі азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг "қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы" 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.