«Ресейдің күні бітуге таяу»

Асмира Ермекқызы - 09.07.20195003

Украиналық журналист Дмитрий ГОРДОН Ресеймен келіссөз жүргізудің керегі жоқ, оның күні бітуге таяу деп есептейді. Ол бұл туралы Украинаның «Наш» телеарнасына берген сұхбатында айтты деп хабарлайды Zhasalash.kz.

Гордон Украина территориясының бүтіндігіне кепіл болған – АҚШ, Ұлыбритания, Франция сияқты елдер араласпаса, Ресеймен келіссөз жүргізуден түк шықпайтынын айтады. Бұл тізімге Германия мен Еуроодақ та қосылса тіпті жақсы болар еді дейді ол.

«Бұл елдерсіз Ресеймен келіссөз жүргізуді бастаудың ешқандай мәні жоқ деп есептеймін. Ал Зеленский мен Путиннің бетпе-бет кездесуі жайлы айтудың тіпті керегі жоқ. Өйткені, айтатын ештеңе жоқ. Путиннің айтары қысқа ғана: «Донбасты алыңдар, федерализация жасаңдар, Қырым біздікі, ол туралы ұмытыңдар, айтпақшы, батыстық әріптестеріңе айтыңдар, бізге салған санкцияларын қайтып алсын...» Басқа ешқандай әңгіме жоқ. Путин Қырымнан ешқашан бас тартпайды. Өйтсе, бұл ол үшін саяси харакири болмақ. Оның Қырымнан бас тартпайтынын біле тұра келіссөз жүргізіп не керек?» - дейді Гордон.

Журналист сонымен қатар Ресей Қырымнан өзі-ақ кетеді деп есептейді. Оның күні санаулы дейді. Ол үшін Украина ішкі-сыртқы саясатта бірқатар сәтті қадамдар жасауға тиіс. Украина Қырымды қайта тартып алмайды, Украинада жағдай түзелсе, Ресейдегі халық қазіргі биліктен өзі-ақ бас тартады. Өйткені, Украинадағы соңғы сайлаудың өзі ресейліктерді ойландырып тастады.

«Ресейдің күні санаулы. Мен мемлекетті айтып отырған жоқпын. Рас, оған қатысты да мәселелер бар. Совет одағының бір-ақ сәтте құлап қала салғанын еске салғым келеді. Айтайын дегенім, Ресейде наразылық шегіне жетіп тұр. Путинге, оның билігіне. Массалық манифестиация орын алып жатқанын көріп отырмыз. Олар әзірге бейберекет болса да әйтеуір бар. Халық топ-тобымен тыйым салынған митингілерге шығып жатыр. Билік шегінуге мәжбүр. ...Жаман әдеттің жұқпалы болатыны сияқты, жақсылық та тез жұғады. Зеленский ішкі-сыртқы саясатта жетістіктерге жететін болса, ресейліктер «бұлай да болады екен-ау», деп ойлай бастайды. Сол себепті, мен Зеленскийге үміт артам. Зеленскийдің жетістігі – Украинаның жетістігі. Ал, Украинаның жетістігі – Ресейдің құлауы деген сөз».

Гордон сондай-ақ украиналықтарды «Порошенконы ұмытуға» шақырды. Өйткені, ол өткен шақ. Басқа жүйенің адамы. Оның өзінде де, партиясында да болашақ жоқ. Ал, Украина мүлде басқа дәуірге аяқ басты деп есептейді журналист.

Фото: utro.ru

Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар