PEN International Қазақстан полициясының наразыларды күштеп ұстауын сынады

Дерек көзі: www.azattyq.org - 09.07.2019220

Лондонда орналасқан халықаралық PEN International ұйымы мәлімдеме жасап, Қазақстан билігінің митингіге шыққандарды күштеп ұстау әрекетін сынады. Ұйым «Нұр-Сұлтан тез арада адамдарды бейбіт митингіге шығып, пікірін ашық айтуға жағдай жасауы тиіс» деп санайды.

Ұйымның 9 шілдеде жасаған мәлімдемесінде «9 маусымда президент сайлауы күні дауыс беруді әділ емес деп сынаған мыңдаған адам биліктің нысанасына айналды» деп жазылған.

«9 маусымда Қазақстандағы бейбіт митингіге шыққандар полиция тарапынан қысымға тап келді. Полиция мыңдаған адамды қамап, бірнеше журналисті ұстады» деді PEN International атқарушы директоры Карльз Тонер мәлімдемеде.

Тонер «Қазақстан билігінің бейбіт митингіге келгендерді жаппай ұстауы – адамдардың бостандығы мен адам құқығын құрметтемеу, билікті ұстап қалғысы келетіндердің оппозиция үнін күшпен басу» деп санайды.

PEN International — 1921 жылы құрылған жазушылардың халықаралық қауымдастығы. Адамдардың ой еркіндігін қорғау – ұйым миссиясының бірі.

6 шілдеде Қазақстанда полиция митингіге шықпақ болған жүздеген адамды ұстады. 6 шілде – елде Астана күні. Бұл мереке елді 30 жыл басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келеді.

Назарбаев биыл наурызда президенттік өкілетін тоқтатқан. Назарбаевтың орнына келген Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атын «Нұр-Сұлтан» деп өзгертіп, сенат спикері қызметіне Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваны тағайындаған. Осыдан кейін елде наразылық көбейді. Халық астана атауын өзгертуге, Назарбаеваның сенат спикері болып тағайындалуына қарсы шықты.

1 мамырда және 9 маусымда елде билікке қарсы наразылық шаралары өтіп, халық Тоқаевтың президенттікке келуіне күмән келтіріп, билік жүйесінің өзгеруін талап етті.

Видео: 9 маусымда полиция жүздеген адамды ұстады

"Аяғынан ұста!". Полиция жүздеген адамды бөлімшеге әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:05 0:00

Ресми Нұр-Сұлтан наразылық шараларын «заңсыз, рұқсат етілмеген» деп санайды. Ал митингіге қатысушыларды «арандатушылар» дейді. Митинг кезінде адамдарды күштеп ұстаған полицияның әрекетін Қазақстан билігі «заңға сай» деп есептейді.

Наразылық шарасында полицияның адамдарды күштеп ұстауын БҰҰ адам құқығы жөніндегі кеңсесі, Human Rights Watch және ЕҚЫҰ да сынаған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.