«Вице-министр» ісі 6 млн айыппұлмен аяқталды

Оралхан Дәуіт - 10.07.2019835

Бүгін елорданың Есіл ауданының №2 сотында Білім және ғылым министрінің бұрынғы орынбасары Эльмира СУХАНБЕРДИЕВАНЫҢ ісі бойынша сот үкімі шықты. Істі судья Бақытжан ЕСЕНОВ жүргізді. Бұл туралы «Жас АЛАШ» тілшісі хабарлайды.

Вице-министр 6 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынған болатын. Шенеунік «қызметтік лауазымын асыра пайдаланды» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты» деген баптар бойынша айыпталған.

Сотты прокурор Нұрлан БЕКМАҒАМБЕТОВ тергеу материалдарын жариялады. Вице-министр Эльмира Суханбердиева №3 мектеп гимназиясының бұрынғы директоры Елена ШЕВЕРНЯЕВАМЕН бірлесіп заңға қайшы әреке жасаған. Олар мемлекеттік мектептің ғимаратында «Центральная» атты жекеменшік экономикалық мектеп ашқан еді. Бұл оқушыларды қабылдау кезінде кері әсерін тигізген.

Күдіктілер кінәні тергеу кезінде мойындаған. Судья Эльмира Суханбердиеваға 2500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (6 312 500 теңге), Елена Шеверняеваға 500 АЕК мөлшерінде (1 262 500 теңге) айыппұл салып, бұрынғы вице-министр сот залында босатылды. Айтпақшы, қос сотталушыныда мемлекеттік қызметте жұмыс жасауға тыйым салынды.

Фото: sputniknews.kz


Мақала авторы:

Оралхан Дәуіт

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар