Жемқорлық айыбы тағылған Суханбердиева айыппұлмен босап шықты

Дерек көзі: www.azattyq.org - 10.07.2019188

Бүгін, 10 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласының Есіл аудандық № 2 сотында Қазақстанның бұрынғы білім және ғылым вице-министрі, жемқорлық айыбымен ұсталған Эльмира Суханбердиеваға қатысты шешім шықты.

Судья Бақытжан Есенов, Суханбердиеваны кінәлі деп танып, оған «2500 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Судьяның түсіндіруінше, айыпталушының қамаудағы бір күні 4 айлық есептік көрсеткішке тең, яғни ол 6 миллион 312 мың 500 теңгенің (2500 АЕК-тің) 5 миллион 948 мың 900 теңгесін (2356 АЕК) төлейтін болады.

Судья сондай-ақ, вице-министрдің «мемлекеттік қызмет атқару құқығын өмір бойына шектеп, президенттік сыйлығы қайтып алынсын» деді.

Маусымның басынан бері қамауда болған Эльмира Суханбердиева сот отырысы залында қамаудан босатылды.

Эльмира Суханбердиева «билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдаланды» және «кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысты» (Қылмыстық кодекстің 361 және 364 баптары) деп айыпталған.

Кеше, 9 шілдеде прокурор Эльмира Суханбердиеваға 6,2 миллион теңге (16 мың доллар) айыппұл салуды, мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметте отыруға тыйым салуды сұраған.

Жемқорлықпен күрес агенттігі бұған дейін Суханбердиева прокуратурамен процессуалдық келісімге келгенін айтқан. Оған "Қызметтік лауазымын асыра пайдалану" және "Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу" баптарымен айып тағылған.

Бұрынғы вице-министрмен бірге сотқа тартылған Нұр-Сұлтандағы № 3 мектеп-гимназиясының директоры Елена Шеверняеваға "заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты" деген (ҚК 364 бабы) айып тағылған. Сот Елена Шеверняеваға да бір миллион теңгеден аса сомаға айыппұл салып, мемлекеттік қызметтен өмір бойына шеттетті.


Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.