Virgin Galactic компаниясының келер жылы ғарышқа турист жіберетіні хабарланды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 10.07.2019166

Британ миллиардері Ричард Брэнсонның Virgin Galactic компаниясы бір жылдан кейін ғарышқа туристерді ұшыруды көздеп отыр. Бұл идеяны жүзеге асыруға қажетті қаржы қор биржасындағы компания акцияларынан түседі деп күтілуде. Акциялар биржаға биыл түсуі тиіс.

Компания басқарушысы Хамат Палихапитидің сөзінше, туризмнің мұндай түрі бір жылдың ішінде табысты болады. Компанияның суборбиталық ұшағындағы бір орынның құны – 250 мың доллар, ұшу уақыты екі сағаттан сәл асады.

Ұшу құнының қымбаттығына қарамастан екі жарым мыңнан аса адам ұшуға өтініш түсірген. Бұл компанияның ғарыш туризмінің табысты болатынына қатысты сенімін нығайтып отыр.

Биыл жыл басында Virgin Galactic суборбиталық биіктікке сынақ жасап, бортындағы бес адаммен аман-есен ұшып, қонған.

Virgin Galactic-тің Unity ғарыш кемесіне екі пилоттан өзге алты жолаушы сияды. Unity аппаратының ғарыштық қозғалтқышы 13 шақырым биіктікте қосылып, сол жерде аппарат ұшақ-тасығыштан бөлініп шығады. Кеме дыбыс жылдамдығынан үш есе тез жылдамдықпен 100 шақырым биіктікке жеткенде, Жердің дөңгелек екенін көре алады. Жолаушылар сол тұста салмақсыздық күйге түседі.

Хамат Палихапити, компания болашақта гипердыбыстық жолаушылар тасымалымен айналысуды көздеп отырғанын хабарлады. Алайда мұның алдағы 10 жылда жүзеге асуы екі талай екенін де жасырмады. Дегенмен теориялық тұрғыда Нью-Йорктен Шанхайға дейінгі 12 мың шақырымға жуық ара-қашықтықты 40 минутта ұшып өтуге болатыны айтылады. Ту-144 ұшақтары мұндай қашықтықты кемінде бес сағатта ұшып өтеді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.