Семейде домбыра «OPEN AIR» бояуының астында қалды

Сәтжан Қасымжанұлы - 10.07.2019582

Шілде айының соңғы жексенбісі - ұлттық Домбыра күні деп аталғанымен, дәл осы күні семейлік жастар кешкісін «Open air» фестивалінің куәсі болды. Ертістің оң жағалауындағы демалыс орынында бір-біріне су шашып, бояу жағып мәре-сәре болып жүрген қыз-жігіттердің іс-әрекеті ерсілеу көрінгенімен, барғандарға ерекше көңіл-күй сыйлаған сияқты. Алайда, түп төркіні Еуропа елдерінен шыққан бұл шараның ықпалы қазақтың ұлттық құндылығын тасада қалдырғандай болды. Бет-ауыз, киімдеріне қызыл-жасыл, сары-көк бояулар жағылып, алабажақ кейіпке түскен жастардың бір шоғыры Ертіс өзенінің жағалауынан пластмасса бөтелкелерге су құйып алып тұра жүгірсе, енді бірі өткен жылы ғана пайдалануға берілген субұрқақтың қабат-қабатына шығып, су шашып мәз-мәйрам болды. «Сонда біздің ұлттық Домбыра күнін ұлықтаған сиқымыз осы болды ма?» деген сауал мазалаған соң, шара ұйымдастырушылары мен қатысқан жастардың бір-екеуін сөзге тарттық.

«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы Олжас СОҒЫМБАЕВ әлем-жәлем бояуға малшынған күйі сұхбат бергенде біраз  жайды білгендей болдық.

«Бұл «Open air» - жастар фестивалі. Тек биыл ғана Домбыра күнімен сәйкес келіп тұр. Негізінде ол құндылығымызға арналған шаралар таңертең Бейбітшілік аралында өтті. «Open air» фестиваліне ұластырғанда да біз оны есімізден шығарған жоқпыз. «Домбыра пати» атауымен қыз-жігіттеріміздің арасында домбыра тартуды қалағандарға да осы жерден орын табылды. Бұл фестиваль болғандықтан, бірнеше сайыс, өнер түрлері де қамтылды. Біз жылда «Яркокросс» бояулар шеруімен, заманауи билермен шектелетінбіз. Биыл, міне, Домбыра күні аясында жастардың ұлттық құндылыққа мойын бұруына мүмкіндік жасадық. Домбыраның құндылығын мұндағы көріністер жойып жіберді дегенге келіспеймін. Қайта өзге ұлт өкілдерінің жастары да осы шараны тамашалап жүріп, ұлттық музыкалық аспабымыздың ерекшелігімен танысады емес пе?.. Сол сияқты «Асық пати» алаңы бар. Брейк-данс билеуге келген жастардың жүзден оны болсын, асық атуға қатысып кетсе, оның өзі біз үшін үлкен жеңіс. Бастысы шараны қызықты өткізе отырып, ұлттық құндылыққа мойын бұруға шақыру деп толық айта аламын. Рас, ауылдан келіп оқуға түскен студенттер қазір өз туған жерлерінде жүр. Десек те «Open air» фестивалі арқылы өздерін заманауи жаңалықтарды игерген қала жастарына өзінің ұлттық тамырынан ажырамау керектігін ұқтыру үшін осындай қадамдар жасау керек деп ойлаймын»,- дейді Олжас АМАНГЕЛДІҰЛЫ.

Фестивальға келіп, ерекше көңілденген Мәдина атты қызды да мәз-мәйрам күйінде әңгімеге тарттық. «Open air» оған тамаша әсер сыйлапты.

«Фестиваль маған өте ұнады. Мен үшін қызықты, өте көңілді эмоциялы сәттер көп болды. Мұндай жақсы әсер сыйлайтын шаралар жиі өтіп тұрса тіптен, жақсы болар еді. Сонымен қатар Ұлттық домбыра күнімен орайластырып, үйлестіріп өткізудің өзі үлкен шеберлік деп айтар едім. Жалпы, ұйымдастырушыларға менің ризашылығым шексіз»,- дейді Мадина ЗАМАНБЕКОВА.

Бородулиха ауданынан келген Диана РУСЛАНҚЫЗЫНЫҢ  ойынша да фестивальдің өте қызықты сәттері көп болыпты. Өзіне бояу жаққан достарына ешқандай да қабақ шытпаған ол да есе жібермей бірнешеуіне су шашып үлгеріпті. Даңғаза әуенмен өрілген билердің де тартымдылығын айтып тамсанған Диана домбыра тартып, асық ойнағандардың көрінісіне куә болғанымен, айтарлықтай мән бермегенінін жасырған жоқ.

Ал, осы фестиваль көріністерін ұялы телефонына түсіріп, өз қызығы өзінде жүрген Ғанибек ТҮСІПБЕКТІҢ сөзіне сүйенсек, әлеуметтік желілерде «Open air» фестивалінің өтетіні күні бұрын жер жарғанымен, Ұлттық домбыра күні қандай шаралар өтетіні айтарлықтай кеңінен насихатталмапты.

«Мен Инстаграм, Фейсбук әлеуметтік желілерін қолданушы ретінде байқағаным-осындай фестиваль өткелі жатқаны туралы хабарландыруларды жиі ұшыраттым. Өкінішке қарай, шілденің өткен жексенбісі – ұлттық Домбыра күні өтетін шаралар анда-санда жылт етті. Семей қалалық Ішкі саясат бөлімі, Жастар ресурстық орталығы өздерінің желіңдегі парақшаларында да «Open air» фестивалін аянбай жарнамалады жасыратыны жоқ. Ал, бүгінгі көргенімді айтсам, «Яркокросс» өте қызықты, көңілді болды. Тамаша басталды, бірақ, соңына қарай Ертіс өзенінің жағалауын ластаушылар да шыға келді. Бір-біріне су шашып, я болмаса, босаған бөтелкелерін жерге тастай салғандары маған ұнаған жоқ. Домбыра күніне арналған шараны да осы фестивальмен байланыстырған дұрыс па, жоқ па, айта алмаймын. Домбыраға мән берілген сияқты болғанымен, біріне-бірі бояу жағып, су шашқан жастар ырду-дырдумен ол құндылығымыздың кереметін демде ұмытып кеткен сияқты. Таңертеңгі шараның жалғасын әкеп, осындағы фестиваль ішіне кіргізіп жібергеннен гөрі тәулік бойына жастар санасына қазақтың күйлерін, домбырамен шырқалатын әндер жағалауды думанға бөлеп жатса, нағыз тамаша сол болар еді. Өкінішке қарай бүгін екі түрлі әлемнің куәсі болдым»,- дейді Ғанибек Түсіпбек.

«Біткен іске сыншы көп» деген халық даналығына сүйенсек, аталған фестивальдің «Қазақ жастарына қажеті бар ма?» деген сұрақтың басты орынға шығатыны шындық. Қала жастары үшін кермет көңіл күй сыйлаған фестивальдің Ұлттық домбыра күнімен қатарлас келуі кездейсоқтық та болар. Бірақ, біздің ұлттық құндылығымызды насихаттаудан гөрі, Батыс Еуропаның, я болмаса тілі бөлек, түрі басқа елдердің мәдени шараларын жастар санасына сіңіруге ұмтылатынымыз шындық. Семейде биыл екінші рет өткізілген «Open air» фестивалінің ұлттық Домбыра күнімен қабаттаса қалғанын айтпағанның өзінде қаланың басты байлығы саналатын қасиетті Ертістің бойын бояуға малынған жастардың біріне-бірі су шашып, қуалағанынан аулақтатсақ тіптен, жақсы болар еді дейміз.

Фотоны автор ұсынды.

Мақала авторы:

Сәтжан Қасымжанұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар