Атыраудағы балықты кім қырды?

Құралай Қуат - 10.07.2019672

Атырауда былтырғы балықтың қырылу оқиғасына байланысты сот процесі жүріп жатыр. Бұл жолы сотқа дейінгі тергеу «құрамында хлоры көп суды Жайық өзеніне жіберді» деп қорытындылаған «Атырау су арнасы» мекемесі жауапқа тартылуда. Аталған кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары мен су тазалау стансасының басшысы өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарып отыр. 
- Олардың барлығы ҚР ҚК 328-бабы 3-бөлігі («Қоршаған ортаға аса ірі залал келтіруге не адам өлiмiне не адамдардың жаппай сырқаттануына әкеп соққан іс-әрекеттер») және 2014-бабы 2-бөлігі («Отпен немесе қаупі жоғары өзге де көздермен абайсыз жұмыс iстеу арқылы жасалған не ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе аса ірі залал келтірген дәл сол іс-әрекет») бойынша айыпталып жатыр.  Сондай-ақ, кәсіпорын басшысына қатысты қосымша ҚР ҚК 371-бабы («Салғырттық») бойынша қылмыстық іс тіркелді», - дейді облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВ.
- Су құрылғысындағы ағын судың құрамында осыншалықты көлемде хор болуы мүмкін емес, олай болса халық та уланып қалар еді. Менің қорғауымдағы кісілер сол себепті де кінәларын мойындамай отыр, - деп түсіндіреді адвокат Амантай ДҮСІПОВ.
Сондай-ақ, айыптау құжаттарында сарапшылардың балықтардың аммиактың кесірінен қырылғаны да көрсетілгені белгілі болды. Алайда, аммиактың «Атырау су арнасына» қатысты екеніне айғақ жоқ.
Өткен қыста Жайық өзенінде 120 тонна, оның ішінде 101 тонна бекіре тұқымдас балық қырылғаннан кейін жауапқа тартылған мекемелер қатарында қалалық жылу-электр орталығы да болған еді. Оны бір тоннадай балық шығыны үшін айыптаған, өйткені, сүзгінің болмауы балықты каналға тартып кетуге себеп болған. Орталық кінәсін мойындап, айыппұл төлеген болатын. Ал «Атырау су арнасы» балық қырғынына қатысы жоқтығын сотта дәлелдеп шықпақ ниетте.
Фотоны ұсынған: автор

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.