Белсенді Санавар Закирова бес тәулікке қамалды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 11.07.2019294

Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 10 шілдеде белсенді Санавар Закированы бес тәулікке қамауға алу туралы қаулы шығарды.

Алматылық белсендіге "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деген айып тағылған.

Сот қаулысында 51 жастағы Санавар Закирова 9 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында сот шешіміне наразы болған бір топ азаматпен бірге «рұқсат етілмеген митингіге қатысып, өзге азаматтарды да оған қатысуға шықырды» делінген. Құжатта «Закированың сот отырысында түсініктеме беруден бас тартқаны» да көрсетілген. Құжатқа сәйкес, қамауға алу мерзімі 10 шілдеден бастап саналады, белсенді қаулыға қатысты 10 күн ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы.


Кеше, 10 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында сот шешіміне наразы отыздан астам азамат "Нұр Отан" партиясының төрағасы, Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеңсесіне келген. "Назарбаев орталығы" деп аталатын ғимарат алдына жиналған адамдар ведомствоаралық комиссия құрылып, істердің қайта қаралуын сұрады.

Сол жерде жиналғандар Закированы таңертең Назарбаев кеңсесіне бара жатқан жолда полицияның алып кеткені туралы хабарлаған. Алайда Назарбаев кеңсесі маңында жүрген Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Сабыр Жүсіпбеков Азаттық тілшісіне "полицияның Закированы ұстамағанын" айтқан.

9 шілде күні осы топ президент әкімшілігінің алдына жиналып, өздеріне немесе туыстарына шыққан сот үкімдеріне наразылық білдірген. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап етті.

Бұл олардың алғашқы наразылығы емес. 4 маусымда да Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының орталық ғимараты алдына жиналған топ "әділетсіз сот жүйесіне" наразылық білдіріп, мәселелерін шешетін арнайы комиссия құруды сұраған. Кейбірі партияның ғимаратында қонып қалған еді. Ол кезде Тоқаевтың басқа өңірде жүргені хабарланып, наразылармен "Нұр Отан" партиясы төрағасының cол кездегі бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев кездескен. Ол жиналғандарың мәселесін қарау үшін арнайы комиссия құрылады деп уәде еткен.

Алайда жиналғандар әлі күнге дейін ешқандай комиссия құрылмағанын айтады. Олар өздерін сайлау алдында билік партиясы алдады деп есептейді.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.