"Нұр Сұңқар пропагандамен айналысатындарға беріледі"

Асмира Ермекқызы - 11.07.2019885

2010 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан «Нұр Отан» партиясының «Нұр Сұңқар» байқауын ең көп жеңген «Хабар» агенттігінің журналистері екен.

Биыл оныншы рет өткен журналистер арасындағы республикалық «Нұр Сұңқар» байқауы 10 аталым бойынша өтті. Олар:

1. «Халық дауысы» - Үздік телевизиялық журналист

2. «Точка зрения» - Үздік телевизиялық журналист

3. «Сөз зергері» - Үздік газет журналисі

4. «Мастер слова» - Үздік газет журналисі

5. «Медиа-профи» - Үздік интернет басылым журналисі

6. «Жас серпіліс» - Үздік жас журналист

7. «Елбасы салған сара жол» - Елбасы қызметін ең жақсы көрсеткен жарияланым үшін марапат.

8. «Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін».

9. «Майталман» - Отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін.

10.«Рухани жаңғыру» - Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын насихаттауға қосқан үлесі үшін марапат.

Сонымен, бұл жолғы жеңімпаздар кімдер?

«Халық дауысы» номинациясы бойынша үздік телевизиялық журналист болып «Қазақстан» РТРК «Апта» бағдарламасының редактор-сарапшысы Айбек ҚОБДАБАЙ;

«Точка зрения» номинациясы бойынша үздік телевизиялық журналист болып «Хабар24» телеарнасының шығарушы редакторы Жұрағат БАМАН;

«Сөз зергері» номинациясы бойынша үздік газет журналисті болып  «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Ғабит МҮСІРЕП;

«Мастер слова» номинациясы бойынша үздік газет журналисті болып  «Литер» («Нұр Отан» партиясының газеті) республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Талғат ИСЕНОВ;

«Медиа-профи» номинациясы бойынша үздік интернет басылым журналисті болып Bnews.kz ақпарат агенттігінің бас редактор Акмарал ОЛЖАБАЕВА;

«Жас серпіліс» номинациясы бойынша  үздік жас журналист болып «Хабар» Телеарнасы» АҚ сараптамалық бағдарламалар бөлімінің тілшілері Сәкен МАХАМЕТКЕРІМОВ пен Назымгүл КҮМІСПАЕВА танылды.

«Елбасы салған сара жол» номинациясы бойынша Елбасы қызметін ең жақсы көрсеткен жарияланым үшін марапатын «Казахстанская правда» газетінің арнайы тілшісі Игорь ПРОХОРОВ иеленді.

«Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін» номинациясының сыйлығы «Астана ТV» телеарнасының ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің арнайы тілшісі Екатерина БРЫНЮК пен «Айқын» газетінің шолушысы Гүлжан РАХМАНОВАҒА берілді.

«Рухани жаңғыру» Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын насихаттауға қосқан үлесі үшін марапатын «Астана Телеарнасы» ЖШС-ның атқарушы продюсері Базаркүл ОТЫНШИЕВА мен «Абай» журналының тілшісі Айгүл КЕМЕЛБАЕВА еншіледі.

«Майталман» номинациясы отандық журналистиканың дамуына қосқан үлесі үшін «Жетісу» телеарнасының қызметкері Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫНА берілді.

Байқауда жеңгендердің барлығына "Нұр Сұңқардың" арнайы статуэткасы, диплом мен 500 мыңнан бастап 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Байқаудың тарихына көз жүгіртсек. 2010 жылдан басталған байқау биыл оныншы рет өткізіліп отыр. «Нұр Сұңқар»  бұл – «Нұр Отан» партиясы мен Ақпарат министрлігі ұйымдастырып келе жатқан журналистерге арналған ашық байқауы. Алғаш сол кездегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН мен Ақпарат және байланыс министрі Асқар ЖҰМАҒАЛИЕВТІҢ бастамасымен қолға алынған еді.

Бір байқағанымыз қай жылды алып қарасақ та бұл байқаудың жүлделері осал болмапты. Мәселен, 2010 жылдың өзінде-ақ бас жүлдеге пәтер берілген. Оны Хабар агентігінің журналисті Александр АКСЮТИЦ қанжығасына байлаған. 2011 жылы да Хабардың журналисті Нұрлан ОҚАҰЛЫ баспаналы болды. 2014 жылдан бастап барлық жеңімпаздарға 1 000 000 теңгеден үлестіріп келе жатыр.

Шекарасыз репортер халықаралық ұйымы тағайындайтын Питер МАКЛЕР сыйлығының лауреаты Лұқпан АХМЕДЬЯРОВ қоғамда журналисттерді бағалау қажет, бірақ оның өз критерийлері болуы тиіс дейді.

«Журналист биліктің қолынан сыйлық алғанда ол өзінің тәуелсіздігінен айрылады. Шенеуніктер оларды жұмсау құқығына ие болады. Жалпы, өзін журналистпін деп есептейтін адам бұндай байқауларға қызықпауы тиіс. «Нұр Сұңқардың» аталымдарын қараңызшы. Журналистикаға ешқандай қатысы жоқ.  «Партиялық жобалар жайлы жарық көрген ең жақсы жарияланым үшін» дейтін номинация бар.  Негізі журналистердің еңбегін қоғамдық ұйымдардың бағалағаны абзал. Мен бұл марапатқа ие болған адамдарды журналистер деп айта алмаймын. Олар пропагандамен айналысушылар», - дейді «Уральская неделя» газетінің бас редакторы Лұқпан Ахмедьяров.

Қырғызстандық журналист Манас АЙЖІГІТОВ өз елінде журналситер арасында түрлі байқаулардың болатынын айтады. Бірақ БАҚ-ның өкілдері қандай да бір саяси партия басшысы жайлы мақала (Биыл «Нұр Сұңқар» сыйлығы «Елбасы салған сара жол» аталымы бойынша да берілді) жазып жарысқа түспейтінін айтады.

«Қырғызстанда журналисттер арасында байқаулар болып тұрады. Оны жекелеген ведомствалар мен министрліктер өткізіп жатады. Мәселен денсаулық сақтау министрлігі медицина тақырыба байқау жариялайды дегендей. Алайда билік партиясы ондай конкурстарды ұйымдастырмайды. Экс-президент, саяси партия жетекшісі жайлы мақала жазып жарысатын байқау бізде өтпейді», - дейді қырғыз журналисті.

Ашық дереккөздерге сүйенсек «Нұр Сұңқарға» қатысушылар жыл сайын көбейіп келеді. Жыл сайын 200 шақты қатысушы бақ сынайды екен. «Жас АЛАШ» тілшісі  2010 жылдан бастап беріліп келе жатқан жүлдеде қай БАҚ ұжымының үлес салмағы басым екенін анықтап көрді.

Сонымен, біз жасаған тізім бойынша «Хабар» агентігі көш бастап тұр. Әр жылдарда журналистері жиі марапатталғанын байқау қиын емес. Журналисттерінің алған жүлделері жиырмаға жетіп жығылады.

Келесі орында, QAZAQSTAN РТРК. 10-нан астам жеңімпаздары бар.

3-орында «Казахстанская правда» және «Егемен Қазақстан» газеттері бірдей көрсеткішпен тұр.

Осы сияқты, "Айқын", "Литер" газеттері, "Астана" телеарнасы журналистері де жеңімпаздар қатарынан ең көп көрінген.

Фото: tote.egemen.kz


Мақала авторы:

Асмира Ермекқызы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар