Шымкент тұрғыны ІІМ мен қала әкімінің отставкасын талап етті

Дерек көзі: www.azattyq.org - 12.07.2019287

11 шілде күні Шымкент тұрғыны Нұржан Мұхаммедов қала әкімдігінің алдында наразылық білдіріп, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың, қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовтің жұмыстан кетуін талап етті.

Ол "Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаевтың назарына!" деген жазуы бар ұстап шықты. Мұхаммедовтің айтуынша, "2018 жылы 26 желтоқсанда дүкеніне ұры түскен. Әл-Фараби аудандық полиция басқармасына арызданғанымен бүгінге дейін қылмыс ашылмаған. Қалалық полиция департаменті басшысының, қалалық ішкі саясат басқармасы басшысының қабылдауында болып, мән-жайды айтқан".

Кейін әкімдіктен қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Мұрат Базарқұлов шығып, Мұхаммедовке "плакат ұстап бұлай талап ету заңсыз" екенін айтты. Базарқұлов наразы тұрғынды әкімдікке шақырды. Бірақ ол әкімдікке кіруден бас тартты. Одан соң Қаратау аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Әбдіраманов Мұхаммедовті қалалық полиция департаментіне шақырды. Наразы тұрғын оған келісті.

Полиция өкілі Әбдіраманов тұрғынның шағымын тыңдап, мәселенің анық-қанығын зерделеп шешім қабылдайтындарын айтты.

Мұхаммедов 2018 жылы 10 мамырда "саяси тұтқындарды босату талабымен митингіге шыққаны" үшін әуелі ескерту алып, кейін 25 мамырда он тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Қамаудан шыққан тұрғын өзіне полиция тарапынан қысым көбейгенін айтып, 2018 жылдың 11 шілдесінде жанұясымен бірге әкімдік алдында наразылық танытқан. Ол балаларымен "Біз құл емеспіз! Қудалауды тоқтат!" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан. Полицияның аңдуынан шаршағанын айтқан ол әкімдік алдында өз-өзін өртемек болған.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.