«ҚазТрансГазАймақ» Атырауда кәсіпкерлерден заңсыз 45 млн алмақ болыпты

Құралай Қуат - 12.07.20191454

Атырау облысында коммуналдық сала бойынша қызмет көрсететін монополист мекемелерге қатысты бірнеше заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, Жылыой аудандық прокуратурасы «Жылыой Су» мемлекеттік кәсіпорнының «Intermet Group» ЖШС-мен бағалау құны 16 млн.теңге тұратын қара металдарды (су құбырларын және су сақтау қазанын) сату шартын заңсыз жасаған. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңының талаптарына сәйкес мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару аукцион арқылы жүзеге асырылуы керек болатын. Алайда, бұл талап көпе-көрнеу бұзылған.

Сол сияқты, Құлсары қаласының әкімдігі ҚР Ұлттық экономика министрінің бұйрығымен бекітілген «Мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқаруға беру» қағидаларының талабын сақтамай, құны 32,4 млн. теңге құрайтын арнайы техникаларды «Жылыой Тазалық» ЖШС-не ешқандай тендер өткізбестен, сенімгерлікке беріпті. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде заң бұзушылықтар жойылып, 48,4 млн. теңге тұратын мүлік мемлекетке қайтарылды. Олқылықтарға жол берген екі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. 

Өз кезегінде Атырау облысының прокуратурасы  «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның кәсіпкерлерден артық жұмсалған тауарлық газға заңсыз төлемақы талап ету дерегін анықтады. Монополист мекеме артық жұмсалған газ есебін өздеріне пайда әкелетіндей етіп қолданыпты, ал кәсіпкерлер газдан айырылудан қорыққандықтан белгіленген төлем сомасына еріксіз келіскен.

Түсіндіре кетсек, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ҚР Энергетика министрінің «Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» №96 бұйрығының талаптарына сәйкес 1,5 коэффициентті тек артық пайдаланылған газ көлеміне қолданылуы тиіс еді. Алайда, аталған коэффициент мөлшері барлық пайдаланылған газға есептелген.

Жалпы алғанда, 2018 жылдың қараша және желтоқсан айларында сегіз жүз кәсіпкерге осылайша 45 млн. теңгеге заңсыз төлем белгіленіпті. Прокуратура актісімен заңсыз төлем туралы құжаттың күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды. Акционерлік қоғамның жауапты қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылып отыр.

Фото автордікі. 

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар