Семейде Абайдың «Үш қайнары» есік ашты

Дерек көзі: www.azattyq.org - 18.05.2018602

Бүгін Халықаралық музей күніне орай Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінде «Үш қайнар»: Абай шығармашылығы», «Абай жолы» – әлем әдебиетінің жауһары», «Қ.Мұхамедханов – абайтанушы» атты үш экспозиция залының және «Абайдың туыстық айналасы» суреттер көрмесі салтанатты түрде ашылды. Алдымен айта кеткен жөн, музейдің заман талабына сай жаңарып, түрленіп, көрермен талғамына сай болуына музей директоры, белгілі қаламгер Болат Жүнісбековтің көп ізденіп, аянбай еңбек етіп жатқанын барған адам бірден байқайды. «Үш қайнардың» алғашқысы -Абай шығармашылығына арналған залдан көрермен қауымұлы ақынның толысу бастауы қайдан шыққандығына молынан қанығады. Яғни, Абай нәр алған қазақтың халық ауыз әдебиеті, шығыс халықтарының поэзиясы, орыс және батыс әдебиетінің озық туындылары сынды үш қайнар бұлаққа негізделген. Мұнда халқымыздың ежелгі өлең-жырларына, аңыз-ертегілеріне, сондай-ақ Абай арқылы ел арасында кең тараған шығыс шайырларыныңжыр-дастандарына, орыс және батыс әдебиеті өкілдерінің классикалық еңбектеріне молынан орын берілген. Бұдан өзге Абайдың өлеңдері мен қарасөздері, аудармалары арқылы оның әдеби мұрасымен жақын танысып, сырына терең үңіле алады. Бұл залда қамтылған жайлар туралы келушілерге филология ғылымдарының докторы, профессор Арап Еспембетов тереңнен тебірене тіл қатты. Ал екінші зал кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясынаарналған екен. Әлем таныған Әуезовтің абайтану саласындағы тұңғыш ғылыми-зерттеулері, мақалалары және әлем халықтары тілдеріне аударылған еңбектерін де осы залдан табасыз. Сонымен бірге онда әйгілі роман-эпопея туралы шетел жазушыларының пікірлеріне де орын берілген. Жұртшылыққа алғаш рет Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, профессор Н.Өтепбаевтың «Абайдың туыстық айналасы» атты портреттер галереясы да тамашалаған жанның тамсантарына талас жоқ. Бұл залдың көтерген жүгі туралы кезінде қаламыздағы жоғары оқу орындарына басшылық еткен белгілі ғалым Зейнолла Тоқаевтың айтары мол. Үшінші экспозициялық залға аса көрнекті абайтанушы ғалым, Қайым Мұхамедхановтың әдеби-ғылыми еңбектері шоғырланған. Сондай-ақ, осы көрме залынан ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге ғұмырын сарп еткен Төкен Ибрагимов, Кәмен Оразалин, Мұздыбай Бейсенбаевтың еңбектері де танымыңызды арттыра түседі.Жас ғалым Ақмарал Смағұловаосы залдағы руханият жауһарлары туралы көрермен сауалдарына қашан да жауап беруге әзір. -Абай музейі – қазаққа ортақ руханият ордасы. Ұлы ақынның есімі қазақты әлемге танытқандықтан, мұндағы жұмыс сан қырлы. Семейдегі ғана емес, музейдің аудан филиалдарындағы залдарды жаңартып, жәдігерлерді толықтыру үшін ғылыми қызметкерлер кезең-кезеңімен жұмыс атқарып жатыр. Былтыр Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлының туғанына 150 жыл толуына орай ақын музейінің ғимаратын жан-жақты жаңарттық. Абайдан тәлім алған Алаш қайраткерлерінің қолтаңбасы қалған үй де үнемі назарымызда. Биыл Абайдың інісі ғана емес, үлкен шәкірті ақын, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл. Соған орай ақын қиын-қыстау кезеңдерде паналаған Шыңғыстаудағы Саятқораға да күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз,-дейді Абай музейінің директоры Болат Жүнісбеков.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Семей қаласы

Фото автордікі.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.