Әбдірахымов білгенін істеп жатыр ма?

Бақытжан Әбдіраш - 12.07.20193750

Шымкенттің әкімі кадр тағайындауда белден басып, білгенін істеп жатқан сияқты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі басшылары айтқандай, қызметкерлерді қарым-қабілетіне, тәжірибесіне қарай тағайындау дегеніңіз мегаполисте әдірем қалғанға ұқсайды. Әбдірахымовтың тағайындауларында  қисын болмай барады.  

Бүгін қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына жаңа басшының тағайындалғаны белгілі болды. Қаладағы ең негізгі проблема- коммуналдық мәселемен айналысатын басқарманың басшысы бір жылға жетпей қайта жаңарды.

Жаңа басшы Алтай ӘЛИДІҢ жасы 34-те. Жоғары білімді, мамандығы бойынша экономист, заңгер. Орыс, түрік, ағылшын тілдерін меңгерген.

«Ол еңбек жолында Астана қалалық сотының бас маманы, Премьер-Министрдің сыртқы байланыстар басқармасының және хаттама бөлімінің сарапшысы, Премьер-Министрі Хатшылығының бас сарапшысы, Премьер-Министрі Өңірлік даму бөлімінің бас консультанты, бас инспекторы лауазымдарын атқарған. Осы уақытқа дейін Шымкент қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары – хатшылық меңгерушісі қызметін атқарып келді»,- делінген Шымкент қалалық әкімдігінің таратқан ресми ақпаратында.

Шымкентте коммуналдық салада шешілмеген проблема көп. Қаланың Абай, Қаратау ауданындағы көптеген елдімекендер, көшелер жарықты әлі күнге жекеменшік трансформаторлардан алады. Ауыз су тартылмаған мөлтекаудандар да бар. Жолдың «жыры» айтпаса да белгілі. Мегаполистің коммуналдық шаруаларын осы салада бір күн істеп көрмеген,  не мамандығы, не жұмыс тәжірибесі сәйкес келмейтін, өмір бойы жайлы кабинеттен шығып көрмеген шенеунік шырқ үйіріп кете ме? Шымкент қазір түрік, ағылшын тілінен гөрі коммуналдық саланың тілін білетін басшыға зәру болып тұр емес пе?

Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына былтыр тамызда Нұрлан АМАНҚҰЛОВ тағайындалған.  Ол ұзақ жылдар кеден органдарында қызмет еткен. Соңғы жылдары Қостанай облысында аудан әкімінің орынбасары болған. Уақтысында «Жас алашта» осы жөнінде «Кеденшіден коммуналшы шыға ма?» деген тақырыппен мақала да жарияланған еді. Коммуналдық салада тәжірибесі жоқ шенеунік бір жылға жетпейтін уақыттың ішінде не тындыра алғанын кім білсін. Тез арада ауысып кеткеніне қарағанда өзіне артылған сенімді ақтай алмаған сияқты. Бірақ Н.Аманқұлов жұмыссыз қалған жоқ. Ол осыдан бір апта бұрын қалалық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы қызметіне ауысып кеткен еді.

Ал енді заңгер, экономистен коммуналшы шыға ма?   А.Әли бұл орында қанша уақыт отырады?

Фото: mix.tn.kz


Мақала авторы:

Бақытжан Әбдіраш

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.