Шымкентте аналар жәрдемақы мен баспана мәселесіне шағынып әкімдікке барды

Дерек көзі: www.azattyq.org - 13.07.2019286

12 шілде күні таңертең бір топ ана Шымкент қаласының әкімдігі алдына жиналып, қала басшысы Ғабидолла Әбдіраxымовпен кездесуді талап етті. Олар әкіммен кездесуде жәрдемақы мен баспана мәселесін көтермек болды. Таңертеңнен бері күн астында тұрған аналардың бірі құлап, жедел жәрдем шақыртылды. Дәрігерлер қысымы көтерілген әйелге көмек көрсеткен.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, наразы аналарға әкім емес, оның орынбасары Гүлжан Құрманбекова шығып, аналарды "заңсыз әрекетке бармауды" сұраған. Жиналғандар әкімдік өкілінен "101 мың теңге көлеміндегі бір реттік жәрдемақы кімдерге беріледі, баспана кезегі неге жылжымайды?" деген сұрақтар қойды.

"101 мың теңгелік бір реттік жәрдемақы айлық табысы жан басына шаққанда 5050 теңгеден аспайтын, жағдайы төмен отбасыларға ғана беріледі. Қалада ондай 300 отбасының құжаты қабылданған" деді әкім орынбасары.

Алайда әкім орынбасарының жауабына қанағаттанбаған он шақты ана "әкім шықпайынша аштық жариялаймыз, бүгін шықпаса ертең астанаға барамыз" деді. Аналар әкімнің шығуын талап етіп үш сағаттай отырды. Жиналғандарды прокуратура қызметкерлері мен полицейлер, әкімдік қызметкерлері бақылап тұрды.

Кейін екі әйелді әкімдікке кіргізді. Олар біраз уақыттан соң әкімдіктен шығып, қалған әйелдерден тарауды сұрады. Талаптарының орындалмағанына қынжылған әйелдер жарты сағаттан соң тарап кетті.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.