"Митингіге қатысты" деп айыпталған үш белсендіге шыққан сот шешімі өзгермеді

Дерек көзі: www.azattyq.org - 17.07.2019288

16 шілдеде Нұр-Сұлтанда апелляциялық сот «9 маусымда билікке қарсы наразылық шарасына қатысты» деп айыппұлмен жазаланған үш белсендінің шағымын қанағаттандырмады.

Әлия Ізбасарова, Әйгерім Мұхамеджанова және Жанбота Әлжанова 9 маусымда кешкісін Байқоңыр аудандық полиция бөлімінде ұсталып, «бейбіт митинг өткізу ережесін бұзды» деген айыппен әрқайсы 50500 мың теңге айыппұлмен (130 доллар) жазаланған. Үшеуі де бұл шешімге қарсы апелляциялық шағым түсірген. Олар «9 маусымда наразылық шарасына қатыспағандарын» айтады.

Судья Сансызбек Райымбаев бірінші соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Адвокат Василий Садыковтың сөзінше, судья үш белсенді ісінде «жаңа деректер анықталғандықтан» оларға бірінші сот инстанциясына қайта шағымдануға кеңес берген.

Соңғы айларда Қазақстанда билікке наразылық күшейіп тұр. 9 маусым кезектен тыс президент сайлауы өткен күні полиция билікке қарсы наразылыққа шыққан мыңдаған адамды ұстады. Халық билік жүйесін өзгертуді, әділ сайлауға жол ашуды талап еткен.

Елдегі сайлауға, билікке қарсылыққа қарамастан Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз деп танылды. Тоқаевты кандидат ретінде елді отыз жылдай басқарып, президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған. Халықаралық бақылаушылар сайлау кезінде заң бұзу фактілері болғанын айтып, полицияның наразылыққа шыққандарды жаппай ұстауын сынады. Жергілікті бақылаушылар да сайлау учаскелерінде бюллетеньдерді топтап тастау фактілері мен алдын ала белгіленген бюллетеньдер жайлы айтса да, сот олардың арызын қанағаттандырмады.

Мақала авторы:

www.azattyq.org

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.