Жидебай

Бағашар Тұрсынбайұлы - 17.07.20191647

Бұл өңірде тарихи мәні жоқ бел бар ма екен, сірә?!. Көзіңе ша­лынған әр қыр қасиетті, аяулы. Әсіресе Жидебайға барар жол. Жидебайға жетпес бұрын, жол-жөнекей жолыққан кей жерлерді әңгіме етейін.

Ертеде қалаға келушілер Семейден Жидебайға қарай шығар жол­дағы Шаған бе­кетіне бі­рін­ші тоқтайды екен. Әміре Қа­шау­­баев бала кезінде сол маңда қой бағыпты. «Бала Әміре ән айтқанда дау­сы қалаға естілетін» дейтін аңыз аралас әңгіме осы Шағанға келгенде жиі айтылады.

Сарыарқаның шығыс­тағы ең соңғы нүктесі – Арқалық тауы. Әуезовтің «Қор­ғансыздың күні» әңгі­ме­сін­дегі оқиға осы таудың бауырында болған. Әуезов бұл тауды: «С. қа­ласының оңтүстігін жайлаған елдің қалаға қаты­на­сатын қара жолының үстінде Арқалық деген тау бар. Даланың көңілсіз ұзақ жолында қажып келе жат­қан керуенге Арқалық алыстан көрініп, дәме­лен­діріп тұрады. Жолдың аузында көл­денең созылып жат­қан тұрқы он шақырым­дай болғанмен, енсіз кере­ге сықылды жал­ғыз тау. Не бауыры, не сыртында ық­тыр­тын жоқ ысқаяқ. Арқалық жадағай, жал­ғыз қа­бат болған соң, кыс күнінде жел те­рісінен соқса да, оңынан соқса да, пана­лығы жоқ, азынап тұрады. Қыс­тың басынан екі жағын қар алып, жұмыртқадай қы­­лып тегістеп тастайды. Сондықтан өзге жер ашық бо­лып тұрғанда, Арқалықтың бауыры көбінесе бораннан босамайтын. Алыстан қарағанда да Арқалық бұдыры жоқ жалаңаш. Көруге аса көңілсіз», – деп суреттейді. Қазір етегін­де бір-екі мал­шының қонысы бар екен. Жолдың оң жа­ғында Ғазиза мен кәрі әжесі ме­кен еткен қыстаудың орны тұр. Басына «Қор­ғансыздың күніндегі Ға­зиза» деп қара тас қойыл­ған екен. 

Бұл жерді Ғазиза үшін қастерлейсің. Ақан үшін жиір­кенесің. Бәрібір Ғазиза үшін де ол жер құрметтеуге лайық деп іштей түйесің. Адам жерге лағынет айтар ма?! Осы шығармадағы Ақан болыстың прототипі ретінде Кәкітайдың ұлы Біләл айтылып жүр. Кәкітай балаларының ішінде осы Біләлдан өзгесі кісі қызығарлық, қазақтың бір тұлғасы боп өскен жандар. Бір Әрхамын алыңыз. Абай туралы ең толымды естеліктің бірі осы Әрхам ақсақалдыкі. Біләл жөнінде Бекен Исабайұлы: «Біләл аса қатал, ел тітіреткен болыс та болған. Ат басы тірелген үйінен «төре бар ма?» деп сұратып ап (онысы баласы бар үй ме дегені екен), «төресі бар үй екен» десе, түспейтін болған. Бір ауылда бір ауру кісі бар екен десе, маңына жоламаған.

Бірде өздеріне «атасы көрші, өлімі ортақ» нағашы саналатын әнет руының кедей ауылының бір үйінен түсте қуырдақ жеп отырып, бір түйірін аузынан алып, «мынау қандай ет, өмірімде жеп көрмеген етім екен» депті. Атшысы «ол өкпе» деген. Біләл «сен маған өкпе бердің» деп, кедей байғұстан  ат-шапан айып алған. Әдебиет сыншысы, жазушы Тұрсын Жұртбаев та М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегі Ақан болыстың прототипі осы Біләл еді деп жазып жүр.

Біләл менмендігін өз ағайын жұртына, тіпті әкесі Кәкітайға көрсетуге де іркілмеген. Кәкітай 1915 жылдың қысында кіші әйелі Бибі үйінде ауырып жатқанда көңілін сұрай келіп, «Кәкем қалай?» депті де, дағдысынан аттан түспей, қайтып кетіпті. Есі кіресілі-шығасылы боп жатқан Кәкітай: «Осы Біләл келді ме?» – дейді екен. Біләл ісінен түңіліп отырған туыстың бірі Кәкітайға жасырмай бәрін айтса керек. Сонда Кәкітай: «Әй, Біләл-ай, жынданып өлерсің-ау, сен жынданып өлерсің-ау», – деп кейіген екен. Сол Біләл айтқанындай, жынданып өлген» деп жазған «Ұлылар мекенінде».  

Шығыстағы ағайынның тоқтамай өтпейтін бір жері – Күшікбай батыр кезеңі. Жиырма бір жасында шешек ауруынан бақилық болған батырдың басында «Уақ батыры Күшікбай» деген қара тас қойылған. 
Күшікбай бұлағының суы мөлдір, тастай. Ішсең шөліңді қандыратын бұлақ суын жұрт қасиетті деп есептейді. Көбі ыдыстарына құйып алып кетіп жатады.

«...Дәл қара жолдың аузында, Арқалықтың бір кішілеу биігінің басында тастан үйілген оба секілді жалғыз мола бар. Сол мола Күшікбайдыкі. Кезең де сол себепті Күшікбай атымен аталады», – деп жазады Әуезов. Бұрын Кіші Арқалық деп атаған осы жердің бүгінгі иесі боп жатқан арыс Күшікбай батырдың ерлігі туралы аңыз көп. Оның бірі әрі кең тарағаны тобықтыдағы Қалдан батырдың айтқаны. Нақтырақ болу үшін Бекен ақсақалды сөйлетейік.

«Қалдан батыр қартайып, тоқсан жасқа келіп өлген кісі. Батырдан қартайған кезінде «өзінен күші асқан кісі кезікті ме?» деген сұраққа айтқаны мынау екен: «Жасым 49-ға жеткен, әбден толған кезім еді. Күз ұзаққа созылып, соғым саймағанбыз. Қасыма қырық жігіт ертіп, бір-бірден күздік жылқы соймақ боп уаққа аттандық. Бір ғана белден тұратын Арқалықтан қарап отырмыз. Уақтар жылқысын суғарып шығарды. Іңір болды. Ай туып келе жатқанда жылқыға тидік. Уақтар тайлы-тұяғы қалмай жылқы соңынан қуып келеді. Астымда көк бедеуім бар. Бір-ақ айыл тартушы ем. Қуғыншылармен бірге келемін. Байқауымша, менімен ұрысуға жарайтын кісі байқалмайды. Ай көтерілгенде арттан «Қайда? Қайда?» деген қаһарлы дауыс шықты. Қарасам, астында көк қасқа аты, қолында қос шашақты найзасы бар біреу құйылып келеді. Атқа отырысы ұнап кетті. «Менімен қаруласуға жарайтыны осы-ау» деп, мұндалап топтан шыға салдым. Көк қасқа ат жер сүзіп келеді. Көп ұзатпай жетіп, қасымнан өте берді. Менің сүйіп ұстайтын қаруым шоқпар мен қара балта еді. Шоқпар тақымымда болғанда, балта қанжығамда жүретін. Көк бедеуді тақымдап-тақымдап жіберіп, әлгіні шоқпармен желкеден ұрып кеп жібердім. «Еһ» деп ат басын тежеп қалғанда, қасынан өте бердім. Әлгі жауырынымнан қолды салып жіберіп, аттан ырғап-ырғап жұлып алды. Жерге түсіп қалдым. Жау атының ағынымен біраз жер барып-барып, қайта айналып келді де, «сен кімсің?» деді. «Мен Қалданмын» дедім. «А-а, Қалдан, есенбісіз?» деп аттан түсіп, мені қолтықтап бедеуіме мінгізді де, жылқы соңынан бара жатқан ағайындарына «Қайт! Қайт!» деп дауыстап, қайырып алды. Ортасында мен, қолға түскенмін, ауылға келдік. Жұпыны бір үйге кіргізді. Жалғыз кемпір шешесі бар, мұрты түбіттеніп қалған жасөспірім жігіт, жылқы сойғызып жатыр. Жылқыны түгендеп, 40 жылқыны жаудың әкеткені хабарланды. Жігіт қабақ шытқан жоқ. Қонақасыны жеп ертесімен тұрдым. Көк бедеу мен көк қасқа атты арқандап қойыпты. Жігіт енді жөнін айтты. Есімі Күшікбай екен. Жасы осы күзде 17-ге толыпты. Өзі ата-анадан жалғыз, әкесі ерте дүниеден озыпты. Үйде шешесімен екеуі ғана. Әкесі марқұм бір адамның қызын айттырыпты. Қалың малын төлей алмай, келіншегін түсіре алмай жүрген жайы бар екен. Үш-төрт күн өтті. Күтудемін. Мен қолға түскен адаммын. «Қайтамын» деп айта алмаймын. Бала «қайт» демейді. Сол тірлікпен бір апта өткенде Күшікбай: «Әке, аттанып, келініңізге төлейтін мал әкелсек қайтеді?» – деп өтінді. Мен күліп: «Балам-ау, мен сенің қолыңдағы көжегің емеспін бе? Еркім өзіңде», – дедім. Күшікбай: «Жоқ, батыр. Кісі қапысыз бола ма?  Мен сізді түсіргенім жоқ. Сіз әке, мен балаңыз болайын», – деп қиылды.

Содан әкелі-балалы екеуміз Алтай қалмақтарына аттанып, керегімізден үш есе артық жылқы әкелдік. Қалмақ жылқысын алғандағы бала қайратын айтып сұрамаңыз. Менің қасында еріп жүргенім болмаса, қару жұмсатқан жоқ балам.

Жылқыны әкеп, қуғыншы келе ме деп біраз тоспалап барып, қалыңмалды айдап, құда ауылына барып, тойды келесі жазға белгілеп қайттым. Алғашқы қар жауды. Елден мені іздеген Құдайдың құлы болсайшы, Күшікбай ауылында болғаныма қырық күннен асқанда балам қайтуыма рұқсат етіп отырып: «Әке, жаздың бір сәтті күні келініңізді өзіңіз барып әкелерсіз. Мына жолыңызға көк қасқа атымды мініп кетіңіз» десін. Мен алмаймынды айтамын ғой. Оны құлағына ілген балам болмады. Көк қасқа атты жетектеп елге келсем, біздің «соққандар» уақ елінің қырық жылқысын күздікке жығып ап жатыр. Баршасын шақырып алып, қырық жылқыны жиғызып, Күшікбайға айдатып апарып бергіздім. Жазда бас құда боп барып, Күшікбайдың келіншегін түсірдік. Жыл сайын арнайы барып, аунап-қунап, рахаттанып қайтып жүрдім. Күшікбай күллі уақ руының тынысын кеңітті. Алыс-жақындағы ел мойындап, ту иесі батыр боп аты шықты. Жасы 21-ге толды. Содан төртінші жылдың күзінде қаралы хабар келді. Күшікбайға қара шешек шығып, есі кіресілі-шығасылы боп жатқанда ауылына уақтың онымен бәсекелес Төбет дейтін батыры келіп, жемде тұрған Қызыл ат дейтін жүйрігін ұстап әкетіпті. Ағайын барда жау табылатын қазақ әдеті, Күшікбайдың бұл дүниелік емесін біліп, көзі тірісінде есе алып қалмақ болған.

Батыр бір есі кіргенде жылап отырған әкесінің інісі Төбеттің ісін айтып қойыпты.

Жас батыр қорлыққа шыдасын ба, жалаңаш етіне жалаң шекпенді суға сап, Төбетті қуып беріпті. Күшікбайдың Қызыл атын алғанға астамсып отырған Төбеттің төбесінен жай түскендей болып, найзасын жарқылдатып Күшікбай жетіп, оны жекпе-жекке шақырып, ауылына ат ойнатыпты. Қорқақ неме үйінен шыға ала ма?!

Ағайындары араға түсіп, батырға айыпқа ат пен шапан беріп, атын қайырыпты. Ауру меңдеген батыр көп тұра алмай, дереу ауылына қайтқан. Артынан туысқандары шығып, Күшікбай кезеңі аталған Арқалық асуында, төбе үстінде байлаулы атқа келсе, асыл Күшікбай дүниеден өтіп кетіпті.

Шекпен қажаған қара шешектің суы шекпеннің сыртына шығып кетсе керек. Есіл боздақтан ұрпақ қалмады. Міне, мені осы Күшікбай алды».

Бұл аңызға бергісіз әңгіме осы атыраптың айбынын асырып, ажарын ашып тұрғандай.

Семей даласында көбіне қараған, изен, тобылғы өседі. Жусан бар болғанымен, жайқалып, оңтүстіктегідей қалың болып өспейді. Сирек, жұтаң. Көзбен қарағанда онша сұлу емес. 

Абайдың кіндік қаны тамған Сыртқасқабұлақтың тұсына белгі қойылған. Жолдан көз салғанда қарайып тұрған белгіні «сол жер» деп нұсқаған жолсеріктің сөзіне сеніп, телміріп ұзақ қарадық. Бүгінде қайсымыз болса да, әділет іздеп жүгінетініміз хакім болғаннан кейін бе, әлде шынымен артық туған басының қадірін сезінгендіктен бе, сол маң өте қадірлі көрінді. Иесіз, малсыз жатқан иен даланың жалғыз ғана жұбанышы осы ескерт­кіш­тер сияқты. Адамдар осыларды іздеп келгенде ғана пенде табаны тиеді. Асылында, үнемі жұрт мекен ет­кен аймақ өзін бақытты сезінетін шығар. Қуаң, елсіз даланы көргенде осыны ойладық. Бір замандарда Құ­нанбай ауылы деп аталатын іргелі ел осы жерлерде сауық-сайран құрып, қойын қотандап, биесін бай­лап, шұрқырасып отырды дегенге сенгің-ақ келе­ді. Бір жағы осы сапарымызда тарихи орындарды түгел аралап кетпегеніміз дұрыс та болды. Айналып соғуға себеп бар. 

Ералы бабаның мазары орналасқан жер Ералы жазығы деп аталады екен. «Менің да атым тарихта қалсын» деп, осы жазықты өзі сұрап алған екен де­седі. Ералының әкесі Кеңгірбай тобықтының биі бол­ған, сөз қонған адам. Өзінен кейін билікті Абайдың ата­сы Өскенбайға берген. Кеңгірбайға байланысты бір аңыз көп айтылады. Құнанбай дүниеге келерде Өскенбайдың төрде алтын сақа иіріп отырғаны туралы түсті жақсы білуші едік. Бұл Құнан­байдың жай перзент емес екендігін айқындайтын. Мына аңыз да сол жобада. Құнанбай ес біліп қалған уақытта анасы Зере Кеңгірбай биден бата сұрай келіпті. Алдында бір-екі рет келгенде бата бермей кері қайырып жүрген көрінеді. Бұл жолы би «Тоғыз ата толғанша түңлігіңді ешкім ашпасын» деп теріс ба­та беріпті дейді. Келіні Зере, жас Құнанбайды ер­тіп, жасын етегіне төгіп кетіп бара жатады. Кеңгір­бай­дың бәйбішесі бұл қылығын түсінбей: «Бұның не?» дегенде: «Сыртқа шығып, артына қарашы» депті. Бәйбішесі сыртқа шықса, Зере мен Құнанбайға ілесіп екі ит кетіп бара жатыр екен. Соны Кеңгірбайға айт­қанда: «Ол ит емес. Қасқыр. Менің үш көк қасқырым бар еді. Теріс бата бергенімнің өзінде екеуі Құнан­бай­мен кетті. Менің де ұрпағыма бір нәрсе қалуы керек қой» депті. Сол ұрпағына қалған дүние сөз де емес, іс те емес, осы жазық болса керек. Тобықты ішінде «Ісің адал болса Өскенбайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз жиі айтылған екен.
«Абай жолының» алғашқы тарауында: «...Олар самсаған сары қол. Бұл Есембайда ұдайы жау жатады. Тек бізді өзіміздің елдің адамы деп аман қалдыр­ма­са, жаман» деп баланы шошытпақ болған жорға Жұмабайдың өзі сескенетін жер – Есембай жырасын да көрдік. Жүйрік ат мінген екі үлкен кісі мен бір жас ба­ланың бейнесі көз алдымызда көлбеңдейді. Әркім өз қиялынша «мынау Абай басқан жер» де­генде-ақ көз алдына сурет келтіруге тырысатындай. Әуезовше айтқанда, «көруге аса көңілсіз» дала Абай арқылы көркейіпті. Көруге аса ынтызар болдық. 

Есембай жырасында қазір ұры жатпаса да, «Абай жолы» арқылы санасы қалыптасқан адамға сол жырадан салт аттылар атып шығатындай. Бір замандарда ұрының мекені болған маң да жетімсіреп қалған. Ұры да болса иесі ғой дейсің... Көңіл көзімізбен барып, қиялымызбен шарлап қайтқан сайын далада үнемі жел тұрады. Бір ыңылдап, бір ызыңдап тұрған дала күйі Құнанбай, Абай заманынан қисса айтып тұрған шығар, кім біледі?!

Жидебай қорық алқабы Семейден 178 шақырым жерде Абай ауданы жерінде  орналасқан. ХІХ ғасырда бұл Шыңғыстау баурайында, Қарауыл өзенінің бойында жатқан қырат еді. Атауы осы жерді Құнанбай, Өскенбай әулетіне дейін мекен еткен адам  Жидебай есімімен аталған екен. Құнанбай 1840 жылы Жидебайға қоныс тепкен. Кейін Оспанның  еншісіне қалдырып, Құнанбай өзі Ақшоқыға көшеді. 1894 жылы Оспан қайтыс болғаннан екі жылдан кейін, бұл қыстау Абай жайына айналды. Жидебай шұрайлы, малға жайлы өлке екен. Бұ­рынғы заман болса, шынымен тек байлардың қо­нысы болатындай-ақ жер. Жидебай – Абайдың қыс­тауы.

Абай Жидебайдағы үйін Еркежанға арнап, өзі жобалап салдырған. Ол үйдегі хакім тұтынған заттар көзге ыстық. Абаймен бірге бұл қыстауда кезінде Оспан мен Еркежан бауырына салып алған Ақылбай балалары: Әубәкір мен Пәкизат тұрды. Абай  дүниеден өткен соң, қыстауға Әубәкір ие болып қалды. Кеңес өкіметі ол үйді Әубәкірден (Ақылбайдың Оспан бағып алған ұлы. Оған қоса, Ақылбайдың Пәкизаты да Оспанның қолында өскен) кәмпескелеп, әр бөлмесінен есік шығарып, дүкен, кітапхана жасап, тіпті төбесі биік болғандықтан, түйе қамапты (жаның ауырады!). Семейдегі кітапханада Витрувий Поллианның «Об архитектуре» дейтін кітабы бар. Ақын кітапты оқуы әбден мүмкін. Өйткені Жидебай қыстауындағы үйі керемет жобаланған.

Бұл үйде Абайдың қолының табы қалған әр зат қастерлі. Есік алдында ескі арба, пәуеске сақталған. Кіребе­рісінде Оспанның басына Абай өзі қойған қара тас тұр. Ол тастағы жазудың соңында хәкім: «Өтіп бара жат­қан мұсылман дұға қылсын», – деп өтініш айтқан. Абай жатқан төсек, ойнаған дойбы, тоғызқұмалақ, протез тістері, шоты, самаурыны соншалықты бағалы, құнды жәдігерге айналған. Бұлардың бәрі Абайдың қолы тигендігі үшін құнды. Әйтпесе дүниеде қаншама дойбы, шот, самаурын бар. 
Ділдә анамыздың жасауы, Әйгерімнің қолынан шыққан сырмақ та қадірлі. Ескірмеген. Өз заманында барлық үйден артық болған десе, сенетіндей. Гол­ланд пеші қойылған үйдің бөлмелері кең. Абай үйдің Шыңғыстауға қарайтын терезесін жақсы көрген екен. Абай Жидебайдан жайлауына жиырма күн көшкен. Шыңғыстаудан ары жүз он шақырым жердегі жайлауы туралы бізді хакім үйімен таныстырып жүр­ген Гүлсара Сұлтанқызы айтқанда, көзбен көр­гендей күй кешесің. Пердені түріп жіберіп, «Абай жолының» сөйлемдерімен Шыңғыстауды суреттегенде қайран қаласыз. Еркежан жатқан бөлме, Пәкизаттың баскиімі – бәрі-бәрі ыстық. Бір ғасырдан астам уақыт өткенде Абайдың бар қазақтың әкесіне айналғанын көресің. Бәрі сондай ыстық ықыласпен әр затпен танысып, шын пейілмен тамсанып келеді. 
Абай үйінің тошаласы да бүкіл физикалық құбы­лыстарды ескере отырып жасалған. Етті ыстағанда түтіні шығатын түндік, тас қабырға, едені қара топы­рақ бірқалыпты ауаны ұстап тұрады екен. Осы жағ­дайдың бәрін ескерген қазақ малдың соңында неге сон­шалықты ұзақ жүрді екен деп ойлайсың. 
Жидебайдағы үйдің маңында Құнанбай құдығы бар. Ол да тарихи жәдігер ретінде аса құнды. Қыстау­дың маңындағы зиратта Зере, Ұлжан, Құдайберді, Ғабит­хан және Құнанбай әулетіне ұзақ уақыт қызмет еткен Шәукімбай жатыр. Сол Шәукімбай Абайдың бетіне тура қарап, сөз айта алған адам екен. Бір күні түс уақытында құдық басына мал жиналып қалыпты. Абай: «Шәукімбай, мына малды суармайсың ба?» десе, «Құдықтан еңкейіп су алып берсең, ішіңде балаң тіреп тұр ма?!» дейтін көрінеді. Абай үндемей су алған екен деседі. Тағы бірде Абайға келіндері: «Сізден өтіп, аталарыңызды боқтап жатыр» деп жүгіріп келіпті. Абай сыртқа шықса, Шәукімбай отын жарып жатыр екен. «Сен не істейсің? Күні бойы үйде жатасың. Мы­на балтаны қайрап қойсаң болмай ма?» деп айтыпты. Абай бұл жолы да үндемепті дейді. Абай сөйлеймін десе де, істеймін десе де, қолында билігі бар, болыс болмаса да, бүкіл аймаққа сөзі жүріп тұрған адам еді. Абай ол жалшының ызасына түсіністікпен қа­рай­ды. Түсінеді. Кешіреді. Барлық жұмысты өзі атқарып жүрген адамның жүйкесі, расымен, жұқа келетінін Абай сезеді.

Абай жасы ұлғайған кезінде кеңіпті. Бір жолы ба­лаларымен жайлауда бірге отырмақ болып, Есір­кеп деген кісіден түйе сұратса бермеген көрінеді. Сонда: «Құдайға бергеніңе тәубә, мен мұсылман екенмін. Егер осы Есіркеп Тәкежанның қасында оты­рып, Тәкежан осы менше түйе сұратып жіберсе, түйем жоқ деп түйесін бермей жібере алмас еді. Бұл түйе бермегеніме Абай ашуланып ештеңе етпейді деп менің жұмсақ мінезіме сеніп бермей отыр деп қуанып қалыпты». Жоғарыдағы жағдай да Абай атамыздың кеңіген кезі шығар...

Ғабитхан Абайды, Абай балаларын оқытқан, Құ­нан­бай әулетіне сыйлы адам болғандықтан, осы зи­ратқа жерленген екен. Зере, Ұлжан, Құдайбердінің қа­­тар жатқаны да қазақы даналықтың үлгісі. Марқұм Зере әжеміз Құдайберді бақилық болғанда: «Менің ал­ғашқы сүйген немерем. Барып тұруыма жеңіл бол­сын» деп, сүйегін қыстауға жақын жерге қойды­рады. Кейін өзі дүние саларда: «Құдайберді жас кетті. Оны жұрт тез ұмытады. Мені Құдайбердінің жанына қойыңдар. Маған келген адамдар Құдайбердіні де еске алсын» деп айтыпты. Кейіннен Ұлжан анамыз дәмі таусыларда: «Келін ененің топырағынан, енемнің жанына жерлеңдер» деп өсиет қалдырыпты дейді. Осындай қазақы жолмен қатар жатқан бейіттердің иесі өмірде болған, біз кітаптан оқып-білген кейіп­керлер екеніне сенгің келмейді. «Мен Зере ананың ба­сында отырмын ғой» деген дауыс жай ертегі сияқ­ты. Әр зиратқа барып, құран бағыштап жүргені­міз­бен, шын бағасын білгенімізбен, өне бойда сезіне ал­­мадық. Тура сол сәтте. Кейін Семейге келгенде ерек­­ше әсер болды.
«Абай жолында» Абай оқудан қайтып келгенде ал­дымен шешесіне жүгіретін еді. Сонда: «Әй, шы­ра­ғым, әуелі ар жағыңда әкең тұр... Сәлем бер» дей­тін еді ғой. Содан кейін әкесінің рұқсатымен шешеле­рі­не аман­дасатын. Біздің жолымыздың жөні де солай бол­ды. Алдымен Құнанбай жатқан зиратта болдық. Одан кейін шешелердің басына бардық. Ең соңынан Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахаттың кесенесіне бұрыл­дық. 

Негізгі нысанымыз – Абай кесенесі. Абайды жұрт­­қа таныстырып, сөз айтудың өзі әбестік болар еді. Абай заманында әділет іздеген жанның бәрі Абайға келеді екен. Тіпті жаулары билік айтқызуға құмар, өзі де жауы болса да, билігін тыңдайтын аса салиқалы адам болса керек. Абайдың ұстамды­лығына, данышпандығына таңғаласың. Оның тура айтқан би­лігі туралы Салық Зиманов «Қазақтың билер соты – бірегей сот жүйесі» еңбегінде мысалдарымен жаз­ған болатын.

«Билікке келгенде Абайдай әділ, таза, дұрыстығы күш­ті биді тобықты іші бұрынғы-соңғы заманның қай­­сы болса да, көрген жоқ деп айта аламын. Абай­дың би­лігіне, Абайдың тергеуіне әрқашан ел ішінде шие­ленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. Сон­­дықтан Абай өмірінде айтылған биліктің көбі әрқашан сол жау жақтарының даулары туралы бола ма деп ойлаймын. Өзіміз көріп, өзіміз естіп-білген заманда жауына келіп билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болады деп білмейміз», – деп жазады Көкбай шәкірті. Өлеңдері мен қарасөздері арқылы таныған Абайдан естеліктердегі Абай бір басқа сияқты. «Сыра ант ұр­ған жүректі айнытқыш келеді. Құсып таста» деген сө­зі көп замандастарымызға жағып, «Абай осылай, ра­сымен, айтқан ба екен?» деп елітіп қалады. Тіпті сол арқылы Абайға деген қызығушылығы оянатындай. Ал кейбіреулері хакімнің бұл сөзін айтқанды ұнат­­пайды. Абайдың мінезін, болмысын біз қанша өзімізге үлгі санағанымызбен, ондай бола алмақ емеспіз. Бір аға­мыздың баласы айтыпты дейді: «Әке, сенің Абай ата болғың келеді. Бірақ күле бересің» деп. Сол айт­пақ­шы, бәріміздің Абай болғымыз кеп ақыл айтқа­ны­мызбен, ол өз ақылымыз болмай шығады. Тұрағұл­дың естелігінде әкесін былай суреттейді: «Мен әкем­­нің 32 жасында жастықтың алғашқы арыны ба­сы­лып, жігіт ағасы болып қалған кезінде туғанмын. Әкем­ді танығанда әкемнің жүзі ашық, ажары сыртан­да, көзі өткір, ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жан­­ды адам еді. Мәжілісі қызықты, сауықшыл, дас­тар­ханы аса мол еді. Бір іспен қызықтамай, жай, сал­­бырап шаруасын істеп отырмаушы еді. Маған де­се, малай, малшы, қызметкер қатыннан да болса, бір тәуір мінезін, қылығын тауып, жақсы көріп, ойнап-қал­жыңдап отырар еді. Еш уақытта іші сүймеген, сен­беген адаммен мәжілісте болып, ұзақ отыра алмаушы еді».

Абайдың шын портретін тану бізге өте қиын. Айтылған, жазылған естеліктермен таны­ған­­дай болғанымызбен, оның анық Абай екеніне бә­рі­бір тоқтам болмайды. Өйткені әркім Абайды өзін­­ше танып, өзінше түсіндіреді. Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы: «Әкеміздің бір шешесінен туған Иб­раһим мырза. Қазақ ішінде Абай деп айтады. Сол кісі мұсылманша һәм орысша ғылымға жүйрік һәм Ал­ланың берген ақы­лы да бұл қазақтан бөлек, дана кісі еді. Ержеткен соң сол кісіден тәлім алып, әртүрлі кітаптарын оқып, на­си­хатын тыңдап, азғана ғылым­ның сәулесін сез­дім. Ибраһим мырзаның тұрағы қа­зақ ішінде болған­дық­тан, қадірі азырақ білінді. Олай болмағанда даныш­пан, хакім, философ кісі еді» дейді.

Расы солай ма? Абайды сабаған да өз қазағы. «Абай­­ға сілтеген қамшы, Абайға тигенше маған тисін» деп, денесімен ақынды жапқан да өз қазағы. Абай­дың шын бағасына жеткен де, қадірін қашырған да өз ағайы­ны. Одан, әрине, Абайдың қадірі қашқан жоқ. Өз қадірлері қашты. Бүгінде Абай есімі арқылы тарих­та мәңгілік қалуға дәмелі адамдар сол кездерде де бол­ған. Абайдың бір ғана жылқысын сойғаны үшін бү­гін біз атын атап отырмыз.
Абай айналасы, Құнанбай әулеті Құдай бере сал­ған хикмет. Бәрі әсершіл, бәрі ақылды, бәрі әнші. Абай­­дың байламына жүгінгіш. Абайдың көп әдеті то­бықты ішінде салтқа айналған. Құс пен жүйрікті тез ал­мастырып, бірінікін бірімен сапырылыстырып ұс­тайтын әдет Абайдан басталыпты. Абай «мынау ме­нің қойым, сиырым» деп мал араламаған. Тек жыл­қыға қызыққан. Сиырды «қыста жайыла алмайды, жазда үйдің айналасын былғайды» деп аз ұстайды екен. Сол кез­дегі тобықты байларының көбі осылай істепті. Абай­дың жақтастары да, дұшпандары да мейлінше көп болған. Бірақ кейінгі ұрпақтардың бәрі абайшыл бо­лып өседі. Абайдың тәрбиесі, Абайдың сөзі бәрінен бұ­рын, мызғымас дәстүрге, қалың ел жү­гінетін те­мір­қазыққа айналады.
Ахат Шәкәрімұлы: «Әкей Абай өзін қалай тәрбие­ле­се, бізді де солай тәрбиеледі. Соның негізгілері: адам елге не біреуге пайдасын тигізу керек. Пайдасын тигізе алмаса, залалы тимесін. Онан соң қатты тап­сыратын нәрсесі – адалдық. «Адал болыңдар. Адал­дың арқаны ұзын. Біреуді өткелге салып өтуден сақ бо­лыңдар. Егер бұны істемесеңдер ырза емеспін. Адам баласын ұлтқа, руға бөлуден сақтан. Алалай көр­меңдер» дейтін» деп жазады. Бұның бәрі Абай үлгі­сі еді.

Абайдың жанында жатқан інісі Оспан туралы да аңыз көп. Ел ішінде айтылатын «Құдайдан сұрағанша, Оспаннан сұра» деген сөз қаншалықты Жаратқанға тіл тигізе қояйын деп айтылды дейсің. Соның бәрі Ос­­панның жомарттығын сипаттау үшін айтылған қате сөз да. Көңілі түскен адамға көл болатын Оспанның балуандығы туралы да аз айтылмайды. Оспан көтер­ген қара тас әлі бар екен. Оны қазір адам көтеруі мүм­кін емес. 
Абай мен Оспанның кесенесімен қатар тұрған ақ күм­бездің ішінде Шәкәрім қажы мен ұлы Ахат жатыр. Шә­кәрімді атқан Қарасартов емес, Халидов екені де сол кезде айтылды. Оның өзі тарихы ұзақ әңгіме. Әй­теуір, қажы атылғанда бір күн сүйегі далада жатқан екен. Барып, сүйегін алуға ешкімнің батылы жетпепті. Жа­қындаса болды, «халық жауы» деген ат бірге жабысады. Бәрінің қорыққаны сол. Сол үрей қазір басылды ма екен...

Ахат Шәкәрімұлы да түрмеде ұзақ жатқан адам. Әкесінің мұрасын зерттеуге көп еңбек сіңірген перзент әке құшағында жатыр. Күллі Құнанбай әулетінің біз барған соңғы зираты осы жер. Бәрінің атына ба­ғышталып құран оқылды.

Жидебаймен қоштасарда өзіңше Абайға ұқсап ұс­тамды болғың келеді. Қайта айналып соғатын сапар туатын шығар деп Құдайдан үміт қыласың.

                                                                                         


Мақала авторы:

Бағашар Тұрсынбайұлы

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар