​Билік алашордашылардың еңбегін елемейді

Қанағат Жүкешев - 18.07.20191363

Қазақстан тарихында сауатты саяси күрес жүргізудің бір ғана үлгісі болды. Тек алашордашылар ғана мақсатқа бағытталған, айқын бағдарламамен, бірлескен, сауатты қимыл жасады. Олардың басым көпшілігі текті әлеуметтік топтардан шыққан, еуропалық білім алған, дүниежүзілік саяси үрдістердің мәнін түсіне алатын адамдар болды. Алашшылар тегеурінді әркеттерімен Қазақ автономиялық Кеңестік республикасын құру туралы құжатқа қол қоюға В. Ленинді мәжбүр етті. Қазақ Кеңес автономиясы – Алашордашылардың тарихи қызметінің нәтижесі. Кейін біртіндеп қырылып қалғанына қарамастан, олар тарих алдындағы ең басты миссиясын орындап кетті.

Қазақстан 1991 жылы тәуелсіз мемелекет ретінде бөлініп шыға алмас еді, егер 1936 жылы одақтас республика мәртебесіне ие болмаса. Қазақстан 1936 жылы одақтас республика мәртебесін ала алмас еді, егер 1920 жылы Алашордашылардың саяси қызметінің нәтижесінде автономия ала алмаса. Бәрі алашордашылардың ерен саяси қызметінен бастау алған болатын. Ал қазіргі биліктің алашордашылардың есімдерін атауға, олардың тындырған ұлы істерін дәріптеуге құлықсыздық танытуында қандай сыр бар?

Ұлт зиялылары жеме жемге келгенде жер сатуды қолдап шықты

Менің қадірменді руластарымның басым көпшілігінің

топастығын мойындамасқа лажым жоқ.

З. Фрейдтің досына жазған хатынан


Дерті терең меңдеген қоғамға жағыну –

саламаттылықтың амалы емес.

Джидду Кришнамурти


Зиялы – қиянатқа төзбейтін адам.

А. Сахаров

Шаруаның өзін ғана емес, шаруадан шыққан зиялы атаулыны ұйымдасқан саяси күреске жұмылдыру оңай емес. Егер олардың арасынан санаулы адамдар саяси ұрандарға қосылатын болса, оны заңдылық емес, ескерту ретінде қабылдау керек. Мысалы, ауылдан ерте кетіп қалған, әулеттті зиялының отбасында тәрбиеленген,..

Адамды руханилықтың жоғары деңгейіне шығара алатын факторлар,  ақпаратты қоғам, университеттің білімі шаруадан шыққан зиялының отанға қатысты ғана емес, жеке өміріне қатысты перспективалы шешім қабылдай алуына септігін тигізе алмады. Қазақ зиялысы өзінің әлеуметтік тегіне тән, үрейге бой алдырған, батылсыз, биліктің интригалық әрекеттер объектісіне айналған күйінде қала берді.

Қазақ зиялы қауымы аграрлы қоғамнан әлі қол үзбеген, индустриялы қоғамға толық иек артпаған, формациялар аралығындағы диффузиялық белдеуде тұр. Олардың арасында прогресшіл ойлай алатын адамдар да жоқ емес. Бірақ өте аз. Көпшілігі билікке жағыну қамымен ғана өмір сүріп жатыр. Олардың ындыны – парамен мансап алу, мансап алғаннан кейін пара алу.

Қазақ зиялыларының өткен ғасырдың 30-жылдарындағы бірін бірі сыртынан айдатуының бұқаралық сипат алғаны баршаға белгілі. Қазіргі қазақ зиялылары да сол дәстүрден айныған жоқ. Тәуелсіздіктен кейінгі жылдардың өзінде олардың бұқаралық наразылық әрекеттеріне алғашында қосылып алып, артынан биліктегілер «сүйек тастағанда», сытылып шығуы мысалдары аз болған жоқ. Сатқындық – шаруадан шыққан зиялының менталитетінің айшықты көрінісі.

Адамның сөйлеген сөзі мен атқарған ісіне жауапкершілік критерийлерінің бірі моральдық қамтамасыздық делінеді. Өзін өзі сыйлайтын әр шенеунік, әр зиялы талқыланып жатқан мәселеге қатысты қалыптасқан ахуалды тура жауаптан қашпай, анық талдап, түсіндіруге міндетті.

Қоғам өмірінде, әсіресе, шенеунік пен бұқара арақатынастарында, билік адамының біржақты ақпарат беруі, сыни мезеттерден тайқып тұруы, жауапты кезеңде, сөздің тура мағынасында, қашып құтылуға ұмтылуы сияқты жағдайлар ұшырасып отырады. Жауапты адамдардың мұндай қылықтары олардың өздерінің кәсіпқойлығына, адами қасиеттеріне көлеңке түсіреді. Моральдық қамтамасыздықтың болмауы – іс жүзінде, адамгершілік деңгейдің төмендігін айғақтайды. Адамгершілігі қамтамасыздықтағы шенеунік ашықтық және жариялылық жағдайында, өзінің қоғамдық қызметі аясында туындаған барлық өзекті сұрақтарға тайсалмай жауап беруге, қадірін сақтап, көпшілік алдында абыройын жоғалтпауға тиіс.

Менталитет – адамның сенситивтік жасында (12 жасқа дейін) жұқтырған әдеттерінің жетегімен атқарып жатқан санасыз қызметі. Ұрлық – бала кезінде жоқшылық көрген адамның менталитетінің көрінісі.

Жалпы кедейлік феноменінің кесірлілігі мысалдары қоғамды басқарудың дүниежүзілік практикасында аз ұшыраспайды. Дүние жүзінде жемқорлықа мейілінше батқан елдерді басқарып отырған адамдардың тегіне қарасақ, олардың бәрінің әлеуметтің түбінен шыққандар екеніне көз жеткіземіз. Бұлар – коммунистер, социалистер және басқа кедей таптардан шыққандар. Керісінше, жемқорлыққа меңдетпеген немесе ол мейілінше мардымсыз көрініс беретін елдерді дерліктей аристократтардың немесе әулетті зиялылардың тұқымдары басқарады.

Ақсүйектен – ізгіниетті қайраткер, кедейден – ұры шығады. Бұл – Шығыста Күң Фузы, Батыста Платон айтып кеткен, содан бергі ұлылар талай қайталаған, тарихи практикада ақталған қағидалардың бірі. Қазақ дүниетанымында да осы қағидамен үндестік бар. Қазақ айтады: «Ит жоқта шошқа үреді қораға, би жоқта құл жүреді жораға» немесе «Құм жиналып тас болмайды, құл жиналып бас болмайды».

Бұқар жыраудың Абылай ханға:

«Аталыдан би қойсаң,

Адаспас жол мен жорадан.

Атасыздан би қойсаң,

Босанбас аузы парадан».

немесе

«Ақсүйекті қор тұтқан,

Қараны онан зор тұтқан,

Сорлы болған қазағым,

Тартарсың содан жазаңды» дейтіні де содан.

Қоғамды басқарудың элиттік теориясының астарына үңіле отырып, қазақ шенеуніктерінің жемқорлаққа белшесінен батып отырған күйін түсіндіру қиын емес: Қазақстан билігіне, көбінесе, әлеуметтің түбінен шыққан, бала кезінде нанға аузы жарымаған, отбасында салауатты тәрбие көрмеген адамдар жиналған. Абылайдың түсіндегі «ұсақ жәндіктердің» немесе Абай сипаттаған «өңшең қиқымдардың» ұрпақтары осылар.

Биліктегі сұғанақтарға «Отан», «атамекен», «ел», «ұрпақ», «азаматтың құқығы», «ашықтық», «ар», «адамгершілік»,.. ұғымдары жат. Сондықтан қазіргі билік құрылымдарында «мен халық игілігіне қол сұқпаймын, өзгелерге де ондайға жол бермеймін» деп немесе «мен адамды жоғарғының нұсқауымен емес, заңның талабымен соттаймын» деп айта алатын адамдар бар екеніне ешкім сенбейді. Бұрын ондай адамдар болды, бірақ, біртіндеп азая берді. Қазір «қара қарғалардың» арасынан «ақ қарғаларға" орын қалмаған сияқты. Соңғыларының көбі жойылып кетті. Қазіргі әкім-қаралардың денін құрайтын, "балақтан басқа шыққандар" ұрлықты тоқтатудың қамын ойлап жүрген жоқ.

Соңғы кездері қазақ публицистикасында «отан сату» деген ұғым пайда болды. Бұл «термин» белгілі деңгейде қазіргі шенеуніктер мен олардың одақтасына айналып алған кейбір зиялы аталатындарың әрекетінің мағынасын айқындайды. Олар тек өздері ғана сатылмайды, өзгенің бәрін сатады. Соның ішінде «Отан» ұғымына парапар жерді сатуға құлшыныс көп. Жер сатудың түрлі қитұрқылары мен айлаларын бірінен кейін бірін алға тартып, өңмеңдей түсуде. Кезінде БАҚ беттерінен тамақтары қарлыққанша «жер сатылмасын» деп, өкірештеген зиялы арасынан шыққан депутаттардың жеме-жемге келгенде жер сату туралы заңды түгел қолдап шыққаны ел есінде.

Қанағат ЖҮКЕШЕВ, «Билік метаморфозасы» мақаласынан

(Жалғасы бар)

Фото: azattyq.org

Мақала авторы:

Қанағат Жүкешев

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар