Желге ұшқан 39 млн: Атыраудағы электрондық таблолар құр темір болып қалды

Құралай Қуат - 20.07.20191015


Атырауда 2015 жылы «Қоғамдық көлікті интеллектуалдандыру» бағдарламасы аясында 39 млн теңге бюджет қаражатына сатып алынған ақпараттық таблолар алынып тасталмақ.

Әуел баста 20 ақпараттық табло, 250 GPS-трекер мен 250 автоинформатор қоғамдық көліктің қозғалысын оңтайландырып, жақсартады деген мақсатпен алынған-ды. Ол бойынша аялдамаларға орнатылған электронды таблолар  жергілікті уақытты, ауа температурасын, аялдаманың атауы мен маршруттың кестесін, келетін уақытын көрсетіп тұруы керек еді. Алайда, санаулы айдан кейін-ақ құрылғылар істен шыға бастады, барлық мәліметтерді қате бере бастаған таблолар кейін мүлдем жұмыс істемей қалды. Белгілі болғандай, олардың үздіксіз қызмет етуі үшін кететін шығын да аз емес көрінеді, электр тоғы мен интернет сапасы жақсы болуы, көліктер түгелдей GPS-навигаторлармен қамтылуы тиіс.

- Бізге сол таблолар аса қажет те болмаған сияқты. Бұрын қалай автобус күттік, солай күтіп келеміз – таблолардың жұмыс жасаған кезін де көрмеппін. Егер дұрыс жүзеге аспайтын болса, басшылықтың ананы-мынаны ойлап тауып, ақша шашпай-ақ қойғаны дұрыс еді. Әйнек аялдамаларды алып келді, қыста суық, жазда ыстық, қазір жақын жердегі талдың астын көлеңкелеп тұрмыз. Таблосы мынау, енді электрондық билет енгізіп жатыр, оның арты не боларын көрерміз, - дейді қала тұрғыны Арман ӘНЕС.

 Электрондық таблолардың алынып тасталатыны туралы «Смарт Атырау» КМК директоры Әділбек ТАНКИЕВ айтты. Олар қайта жөндеуге келмейді дейді ол.

Фото автордікі

Мақала авторы:

Құралай Қуат

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.

Ұқсас жаңалықтар